• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Ақпан, 2018

12 отбасы 1946 жылы салынған үйде қалтырап отыр

522 рет
көрсетілді

Жақында Риддер қаласының Ирина Дергачова есімді тұрғыны хабарласты. «1946 жылы салынған апатты үйде тұрып жатырмыз. Тәуелсіз сарапшылар үйді апатты деп таныса да жергілікті әкімдік бізді басқа үйге көшіруге асығар емес» деген ол ескі үйде 5 баламен тұрып жатқанын айтты. Мән-жайды білейік, мәселенің анық-қанығына көз жеткізейік деп Риддерге арнайы барып, қырық жамау баспананың тұрғындарымен кездесіп, пікірлерін тыңдап қайттық.

Ыстық сусыз 2 жыл

Қанша жылдан бері жырға айналған үй Чапаев көшесінде орын тепкен екен. Екі қабатты ғима­рат­тың тозығы жетіп, құлау­дың аз-ақ алдында тұрғанына ешқандай комиссиясыз, сараптамасыз-ақ көз жеткізуге болатындай. Үйдің сырты жайында сәл кейінірек. Әуелі үй­дің ішіне тоқталсақ. «Әндіжанда әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» де­мекші, үйдің сырты ғана емес, іші де іріп-шіріп, әупірімдеп әзер тұрғанын 8-пәтерде тұратын Ирина Дергачованың баспанасына кіргенде байқадық. Қабырғалар жа­­рылып қана қоймай тесіле бас­тапты. Арғы жағындағы кірпішіне дейін көрінеді. Бір бөлмеде екі бірдей қыздырғыш. «Жолдасым екеуміз де кеніште жұмыс істейміз. Қазір алтыншы балаға аяғым ауыр. Қараусыз жатқан пәтерді осыдан 12 жыл бұрын тауып, қала әкімдігіне өтініш жасағаннан кейін уақытша тұруға рұқсат берген. Пәтерге кіргеннен кейін есік-терезесін салып, жылу-су жүйелерін қалыпқа келтірдік. Мәселе қайдан басталды дейсіз ғой. Осыдан үш жыл бұрын үйдің қабырғалары жарыла бастады. Әкімдікке шағымданып едік, үйге сараптама жасатыңдар деді. 12 үйдің тұрғындары өз қалтамыздан ақша шығарып, сараптама жасаттық. Олар «бұл үйде тұруға болмайды, қалпына келтіру де мүмкін емес» деген қорытынды жасады. Алайда жергілікті сәулет бөлімі үйді апатты деп тануға асығар емес. Жанайқайымызды айтып Риддер қаласы әкімінің тұрғын үй мәселелері жөніндегі орынбасары Сергей Харченкоға да, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне де, прокуратураға да айттық. Ешқайсысы селт етер емес. Болмаған соң облыс орталығы – Өскеменге бардық. Ондағылар менің көзімше жоғарыда аты атал­ған қала әкімінің орынбасары­на хабарласып «барып көріңіз, жағдайларымен танысыңыз» деп тапсырма берді. Алайда ат ізін салған ешкім болмады», дейді 5 баланың анасы.

«Жау жағадан алғанда бөрі етектен» демекші, бұл үйдің ыстық сусыз отырғанына екі жылдан асыпты. Берілетін жылу да әлсіз екен. Үйді жылыту үшін күні-түні қыздырғыш қосатындықтан, ай сайын электр энергиясына 20-30 мың теңге көлемінде ақша төлейтін көрінеді. «Бәрінен де қиыны – балаларды жуындыру. Суды ысытамыз, үйдің іші салқын болғандықтан балаларым жиі суық тиіп ауырады» деген көп балалы ана жуықтағы 40 градус аязда үй ішіндегі температура 8 градусқа дейін төмендегенін айтты.

Әр үйде 7-8 қыздырғыш

Үй ішіндегі температура демек­ші, осы үйдің 1 пәте­рін­­де тұратын Ва­лентина Кали­ни­чен­коның баспанасы мүлде аңырап тұр. Үйден даланың жылы бо­лып тұрғанын, әр үйде 7-8 қыздырғыш барын өзі де жасырмады. Ас бөлмесінің қабырғалары қақыраса, дәретхана мен жуынатын бөлме мүлде адам көргісіз кейіпке енген. Үйдегі басқа бөлмелердің бірінің төбесі құлап жатса, бірінің қабырғасы тесіліпті. Айналдырған 5 минуттың ішінде бойымызды суық алып, далаға шығуға асықтық. Иә, дала үйден әлдеқайда жылы екен. Бі­рақ үйдің сыртқы көрінісі де кө­ңі- лімізді су сепкендей басқаны рас. Ирина Дергачова үйдің қа­быр­ғаларындағы жарықтың көлемі күн­нен күнге ұлғайып, қазір 7-8 сантиметрге дейін жеткенін көр­­сетті. «Саусағыңыз емін-еркін сый­ып кетеді. Үйдің жанынан үл­кен көліктер өткен сайын қабыр­ға­мен бірге дірілдеп отырамыз», деп толықтырды көршісінің сөзін В.Калиниченко.

Айтпақшы, екі жыл бұрын жер­гілікті әкімдік үйдің тұрғын­да­рына кон­доминиум құруды ұсыныпты. «Ілде­байлап әзер тұрған үйде қай­дағы кондоминиум? Құрғанның өзін­де айналдырған 12 пәтер. Оның ақ­ша­сы қирап тұрған үйді қалпына кел­тіруге жете ме?» деп тұрғындар бас тартқан.

Кеніште жұмыс істейтін бес баланың анасы И.Дергачова баспана кезегінде 2009 жылдан бері тұр. Бірақ оның қашан берілетіні белгісіз. Ал қазіргі тұрып жатқан үйі 12 жыл болса да, жеке меншігіне өтпеген.

Тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ түргеннен кейін Риддер қа­ла­сының әкімдігіне бардық. Әуелі қала әкімінің тұрғын үй мәселелері жөніндегі орынбасары С.Харченконың кабинетіне келіп, хатшы арқылы мән-жайды айтқанымызда 5 минут болмай есігін жауып, сыртқа беттеді. «Қала әкімінің шұғыл тапсырмасымен кетті», деді хатшы қыз. Осылай тұрғанымызда сол маңнан қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Талғат Ахметовті жолықтырып, мән-жайды сұрадық. «Бұл үйдің мәселесі бойынша комиссия құрылды. Енді үйдің апатты немесе апатты емес екендігін анықтайтын болады. Ал енді Дергачованың мәселесіне келсек, ол заң бойынша пәтердің қожайыны емес. Үй алу үшін үйдің иесі болу керек. Менің білуімше, ол қалада баспана кезегінде 165-інші болып тұр. Бұл үйді апатты деп танысақ «Тұр­ғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес тұрғындарды баспана кезегіне қоюға міндеттіміз. Ол жағынан мәселе жоқ. Бірақ олар баспана кезегі келгенше өздері үй тауып, тұруы керек», дейді ол.

Түйін

Елбасы биылғы Жолдауында құрылыс саласына ерекше тоқта­лып «Ғимараттардың сапасына, эко­логиялық тазалығына және энер­гиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салына­тын және салынған үйлер мен ин­фра­­құрылымдық нысандарды интел­лектуалды басқару жүйе­ле­рімен жабдықтау керек. Әкім­дер тұр­ғын үй-коммуналдық инфра­құ­ры­­лымын жетілдіру мәселесін мем­­лекет-жекеменшік әріптестігі не­­гізінде белсенді шешуі керек», де­ген еді. Риддер қаласында жоға­рыда сөз еткен 2 қабатты үй секілді құ­лағалы тұрмаса да, тозы­ғы жеткен, ескірген үйлер аз емес. Сон­дық­тан тұрғындар қала бас­шы­лы­ғы мәселені назарға алып, тиісті шешім қабылдайды деген үмітте.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы

Суретті түсірген автор