Кешегі кеңестік кезеңде ақпараттық технология бойынша білім алған ең алғашқы мамандардың бірі ретінде жаңа бетбұрыс кезеңіне бастайтын қадамды қуанышпен қабылдадым. Бүкіл техника саласында еңбек етіп жүрген мамандардың, инженерлер қауымының бұл қадамды қуаттайтынына еш күмәнім жоқ. Жаһандану дәуірінде өмірдің қажеттілігінен туындап отырған бұл мәселе Президент Н.Назарбаевтың соңғы Жолдауына өзек болған «төртінші өнеркәсіптік революция» талаптарымен, Қазақстан үшін жаңа цифрландыру кезеңінің басталуымен де қабысып, толықтай үйлесімін тауып отыр. Ақпараттық технологиялар дәуіріне қарышты қадам жасаған Қазақстанның жаңа жаһандық болмысты қабылдауына, әлемде болып жатқан өзгерістерден тысқары қалмауына латын графикасының да тигізетін көмегі мен пайдасы аз болмақ емес.
Қоғамда латынға көшу туралы қозғалыс басталғалы бері ұсынылған ондаған жобалардан бастап, кешегі 19 ақпан күні Елбасы Жарлығымен бекітілген нұсқаға дейінгі барлық жобаларды мүмкіндігінше қадағалап, танысып отыруға тырыстым. 32 дыбысты таңбалаған 32 әріп жалпы алғанда, көңілімнен шықты. Ең алғашқы ұлттық әліпбиіміздің авторы Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуға негізделген әліпбиімен жас күнімнен жақсы таныс едім. Тіл білгірі түзген 29 әріп пен төл дыбыстарымызды айқындайтын дәйекше бәрімізге белгілі. Сондағы «ә», «ө» секілді төл дыбыстарымызды кескіндеген дәйекше менің көңіліме алабөтен жақын еді және жобаларды талқылау жүріп жатқан кезде «шіркін-ай, сол дәйекшелерді неге қолданысқа енгізіп, қабылдамасқа» деген пікірімді әр жерде айтып та жүрдім. Соңғы бекітілген өзгерісте ең алдымен сол дәйекшелер көзіме оттай басылды. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі қолайлы көрінді, сонысымен бәрімізге ұнады және осы нұсқаны толық қолдаймын. Бірақ әлемдік қоғамдастықта жеке-дара емес, өзге шет мемлекеттермен де өте тығыз байланысып, өмір сүріп жатқандықтан, бұл әліпбиді әлі де жетілдіре түсу керек деп ойлаймын. Мысалы, «бір дыбыс – бір таңба» жүйесі бойынша барлық әріптер бір таңбамен, дәйекшелердің көмегімен таңбаланып келеді де, «ш» мен «ч»-ға келгенде бұл қағидат бұзылып, екі әріпті диграфтық тәсілмен қосақтап қойғаны көңілімнен шықпады. Бұл шешімнің негізгі дыбысты жеткізуде дәл, нақты емес екені өз алдына, жұртты шатастыруға алып баратыны анық. Сондықтан бұл түпкілікті шешім болмауы тиіс, әлі де білікті тіл мамандарының кәсіби ұсыныстарына құлақ асып, мемлекетшілдік мүдде тұрғысынан қарап, кең ауқымда кеңесіп, ойластыруды қажет етеді.
Ең бастысы, бұл әліпби жаңа технологиялардың тілін меңгеру жолында жұмыс істейтін техника саласындағы мамандардың келешегіне даңғыл жол ашып беретін болады. Техникаға байланысты ғылыми еңбектер, мақалалар, күнделікті ақпараттар латын графикасы арқылы тарайды. Кириллицада жүрген кездің өзінде-ақ өзге саладағы әріптестеріндей емес, техника жағында жүрген мамандарға латын қарпімен тікелей бетпе-бет келіп, жұмыс істеуге тура келетін жағдай жиі туындайтын. Қажеттілік бұрыннан бар еді, бірақ ол кезде мүмкіндік болмады. Сол себепті бұл қадам бізге көп жеңілдіктер туғызып отыр. Бұл барша қазақстандықтардың әлемдік ақпараттық кеңістікте емін-еркін жүзіп, жұмысының сапасы жақсаруына, жаңа технологияға тәңірідей табынып отырған өркениет көшінен қалмауға кең-мол мүмкіндік туғызған маңызды қадам болуымен қуантады.
Ұлықпан СЫДЫҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
АЛМАТЫ