• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Ақпан, 2018

«Қажығалиев апталығы» аяқталды

597 рет
көрсетілді

Құрманғазы атындағы Мем­лекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі дегенде, осы үлкен өнер ұжымының биік белестерді бағын­дыруға өз үлесін қосып, қырық жылдан аса уақыт тынымсыз дирижерлік жасаған КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­ре­аты, «Отан», «Парасат» ор­ден­дерінің иегері Шамғон Қа­жы­ғалиев бірден еске түседі. Біртуар тұлға мен ұлттық оркес­трдің күймен өрілген тағдыры тұтасып кеткендіктен, бөліп-жаруға келмейтін біртұтас құбы­лысқа айналып кеткен. Ұлттық музыка өнерінде қайталанбас із қалдырған Шамғон Қажы­ғалиевтің 90 жылдығы кең ауқым­­да аталып өтіп, «Қажы­ғалиев әлемі» атты мерейтой ап­та­лығы кеше Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өткен гала-концертпен түйінделді. Ш.Қажығалиев ұлттық ән-күйіміз бен клас­сикалық шығармаларды наси­хат­тауға өлшеусіз еңбек сіңір­ді. 

Мезгіл-уақыттың рухани сұ­ранысымен өмірге келген, ел ішінде «Құрманғазы оркес­трі» деген атауға ие болған мем­лекеттің бас музыкалық өнер орда­сының ширек ғасырдағы жетістігі Шамғон атымен тығыз байланысты. Сырлы да сырбаз күйлерге толы төлтума музы­калық өнерімізді бір оркес­трдің бойына жинақтап, оған Құрманғазының атын беріп, «оркес­трдің кіндік атасы» атан­ған ұлы Ахмет Жұбановтың өз қолынан дирижердің таяқшасын алған Шамғон Сағаддинұлы қа­зақ ән-күйінің дүние жүзіне та­нылуы үшін маңдай терін ая­ған жоқ. Ықылас, Құрманғазы, Дәу­леткерей, Тәттімбет, Дина, Қа­­занғаптың күйлерімен бір­­ге, Ш.Қажығалиев М.Глин­ка, Л.Бетховен, В.Мо­царт, Г.Берлиоз, В.Мо­­царт, Д.Шостакович, А.Жұ­­ба­­нов, М.Төлебаев, Ғ.Жұба­нова, С.Мұ­хамеджанов сынды ком­пози­торлардың да шығар­мала­рын оркестр репертуарына енгі­зіп, әлемнің бірқатар елде­рінің сахнасында өнер көрсетті.

Шамғон Қажығалиевтің мерей­тойы құрметіне орай Мә­де­ниет және спорт минис­трлі­гінің қолдауымен және Құр­манғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің ұйым­дастыруымен өткен гала-кон­цертте бірегей музыка май­тал­ма­нының білім-білігімен тәрбие­ленген талантты шәкірт­тері мен соңынан ерген ізбасар әріптестерінің үлкен шоғыры өнер көрсетті. Бұл кеш нағыз ұлттық өнеріміздің туын жел­біретіп жүрген дарынды дири­жерлердің шеруі болды. Кеш қонақтары бір мезетте бір­неше дирижердің: Арман Жүд­ебай, Айтқали Жайымов, Жал­ғасбек Бегендіков, Жаңалық Те­мірғали, Дүйсен Үкібаев, Ерболат Ахмедияровтың өнеріне куә болып, дирижер кәсібінің ерекшелігін көріп, қыр-сырына қаныққандай күй кешті. Дирижер – оркестрдің қанаты, күретамыры екенін сезінді. Бүгінде әртүрлі өнер ұжымдарында қызмет етіп жүрген білікті дирижерлер ұстаз­дары қолына аманаттап кеткен дирижердің байрағын биікке көтеріп жүрген кәсіби маман екенін көптің алдында тағы бір дәлелдеді.

Халық арасынан шыққан алғашқы кәсіби дирижерлердің бірі, домбырашы, ұлағатты ұстаз Ш.Қажығалиевтің әлемдік өркениет биігіне жетелейтін, ұлттық мәдениет пен өнер саласында жасаған ұлан-ғайыр еңбегі бүгін тәуелсіз Қазақстанның рухани аясының кеңеюіне қосқан сүбелі үлесі. «Қажығалиев әле­мі» апталығының жоғары дең­гейде өтуіне мүдделілік танытып, басы-қасында жүрген Құр­манғазы оркестрінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов сонау 1969 жылы Күләш Байсейі­това, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев сынды өнер саңлақтарымен бірге жұмыс істеген Ш.Қажығалиевтің дирижерлігімен жазылған дискі­нің бүгінгі цифрлы жүйемен қайта жаңартылған нұсқасы мен «Алатау» атты партитуралар жинағын мерейтойға арнайы тарту етіп отырғандарын айтты. Сондай-ақ Атырау облысынан бір топ делегатты бастап келген әкімнің орынбасары Нұрсәуле Сайлауқызы Ш.Қажығалиев мерейтойының бұл шарамен ғана шектелмей, жақын арада Атырауда да кең көлемде аталып өтетінін және республиканың басқа аймақтарында да жалғаса­тынынан хабардар етті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ