• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2018

БҚО-да тасқынның алдын алу мәселесі жіті назарда

363 рет
көрсетілді

Биылғы көктем қалай болады? Ақжайық өңірінде су тасқыны қаупі жоқ па? Батыс Қазақстан облысындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен мәслихатта осы мәселелер сөз болды. 

Су тасқынынан сақтану жұмыс­тары жаз айларынан-ақ басталады, – дейді Батыс Қаза­қстан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев. Жанар-жағармай, арнайы жабдықтар, өрт сөндіруші, іздеу-құтқарушы көліктер алын­ған. Қажет жағдайда төтен­шеліктер бір күн ішінде шатырлы қалашық тіге алады. Бұрын өзен мұздарын жарылғыш затпен бұзатын болса, биыл арнайы мұз кесетін аппарат сатып алынған. Бұл құралдың жарылғыш заттан ең басты артықшылығы – өзендегі балыққа зиян тигізбейді. 

– Биылғы қыстың ерекшелігі – тоң жылдағыдан 1,5 есеге дейін қалың түсті. Осы ақпан айындағы бақылау жұмыстары Тасқала ауданында тоңның қалыңдығы 53 см, Шыңғырлау ауданында 130 см-ге дейін жеткенін көрсетті. Өзен бетінің мұздары да биыл өте қалың. Қар күрт ерісе немесе көктем жаңбырлы болса, су сіңіп үл­гер­мей, еріген су арнадан асуы, ел­ді мекендер мен жолдарды басу қау­пі бар, – дейді «Қазгидромет» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиа­­лының директоры Нұржан Шияп.

Мамандардың айтуынша, өңірдегі 57 гидротехникалық қон­дырғының барлығы тексе­ріліп, жөндеуден өткен. Бұл қон­­­дырғылардың 24-і респуб­ли­калық, 30-ы облыстық ком­му­­нал­­дық меншікте. Өткен жы­лы 103 млн теңгеден ас­там қар­­­жыға Шолақаңқаты өзені су қой­­масына жөндеу-қал­пы­на кел­­тіру жұмыстары жүр­гі­зілген. Зеле­нов ауданында Дер­күл өзені аңғарындағы суа­ғар қон­­дырғылар құрылысы жа­са­­лыпты. Көктемгі еріген судан зардап шегіп келген Орал қа­ла­­сының Сарытау ауданы тұр­ғын­дары да биыл бұл ма­ша­қат­тан құтылатын болыпты. 

Облыс аумағындағы респуб­ликалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойында су өткізетін 439 құбыр орналасқан. Соның өзінде республикалық ма­­­ңызы бар күре жолдардың 37 жерінен, облыс жолдарының 54 тұсынан тасқын су өтуі мүмкін екен. Темір жол бойында да осындай 34 қауіпті аймақ бар. 

– Мұндай аймақтың бәрі біздің айрықша бақылауымызда болады, кезекшілік қойылады, – дейді генерал-майор Жасұлан Жұмашев.  Батыс Қазақстан облысы Ре­сей Федерациясының 5 облы­сы­мен шектеседі. Су тасқы­ны­ның негізгі қаупі де өзендердің жоғарғы жағынан, Ресей аума­ғы­нан келеді. Сондықтан да батыс­қазақстандық төтен­ше­ліктер ресейлік әріптес­тері­мен тығыз қа­­рым-қатынас орнатқан. Қазір­гі болжам бойынша Ресей аума­ғын­да да биыл су тас­­қыны қаупі аз, қар жамылғысы жыл­­­да­ғыдан анағұрлым жұқа кө­рінеді. 

– Ресей биыл Жайық өзеніне қанша су жіберсе де біз дайынбыз. Жайықтың Ямбулат, Быков, т.б. салаларының арнасын тазалап, Көшім су жүйесін жаң­ғыртып алдық. Сондықтан қандай көлемде су келсе де қа­былдап ала аламыз, – дейді Жас­ұлан Жұмашев.  Жалпы, облыста көктемгі су тасқынының алдын алу үшін 1 млрд 300 мың теңге бөлініпті.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы