«...Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал?.. Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек...». Бұл – Абайдың сөзі.
Міне, данышпанның айтқан осы бірлігі қазаққа дәл қазір керек болып тұрғандай. Себебі дүние дүрбелеңге толы. Алыптар мен мықтымын ба, әлде сен белдісің бе деп алакөз. Осы бір алакөздік талай жұрттың обалына қалып, шығынға ұшыратып, жұдырығын шығарып жатыр. Мұндай кезде қазақ біріне бірі қабақ түйіп емес, жадырап қараса екен.
Біздің бұл сөзімізге кейбір ағайындар не айтып отырсың, оспадарлыққа барып, былайғы, яғни қарапайым жұрттың жүйкесін жұқартып жемқорлыққа, жең ұшынан жалғасуға, жепқашарға, ұлт дәулетін тарыдай шашып, алшаңдай басып, елді емес, өз қамын ойлайтындарға айтсаңшы дер. Оған да мұның теріс дей алмайсың. Түзу келе жатып, алтынды көргенге дейінгі періште қалпын аяқастынан пендеге, тіпті бейшара халге түсіріп, ауға ұрынған балықтай, торда тулағандар азаймай тұр. Бірінен кейін бірі ілініп, бүлініп жатқандарды көргенде, бұрын бүйрек бүлк еткендей болушы еді. Енді бүйректі қойып, бүкіл болмысың, жан-дүниең тітірейтінді шығарды. Олардың арасында тәуелсіз Қазақ елінің абыройын асырады, дәулетін арттырады, сәулетін келтіреді, деген азаматтардың қылаң беретіні өкінішті-ақ. Бұл кімді де болса ойландырмай қоймайды. Содан да шығар, Мемлекет басшысының құқық саласына табанды реформалар жасауды тапсырып, оның алғашқы қадамы жасалып жатқаны. Енді босбелбеу тартылып, бос жүріс азайып, қақшып кетуге бейім қырғи қылық тұсалып, елдік іске зиян келтіретіндер тыйылар. Қазақ қоғамындағы әттегенайлардың ініне су құйылып, халықтың сенімі нығайып, күдігін үміт жеңер. Береке бірлік, жүйелі тірлік салтанат құрар, жат қылық сағымға айналып, сенімге түскен селкеудің тұманы сейілер...
Бұл бір десек, екіншіден, қазақ қоғамының дамуындағы ала-құлалықтың көрінісін атар едік. Иә, мұны капиталистік күн кешу тұсында болатын үрдіс қой дерсіз. Бірақ жері кең, байлығы телегей-теңіз болғанымен, халық саны аз, оны кейбіреулер бұл Құдайдың әділетсіздігі деп топшылайтын тұста, мұның да астары иірімсіз еместей көрінеді. Несін жасырамыз, ұлтымыз қазір іштей, ауыл жұрты, қала халқы, бай мен кедей, ауқаттылар мен әлсіздер, жоғарыдағылар, төмендегілер, қызмет баспалдағындағы жетелей жөнелу, көп жағдайда ілгері қозғалудың қиындығы, тіл мен ділдегі, діндегі қайшылықтар, қолынан келгендердің кеуделеуі, тұрмысы төменнің тұнжырауы еске түскенде оның байлығына күдікпен қарайтындардың табылуы, кедейдің кері кетуінің себебіне түңілетіндердің төбе көрсетуі – осының бәрі беті жылтыраған су астындағы ағыстай қылаң беруі ұлтты жіктелуге апара жатқан жоқ па деген ойдың мазалайтынын жасыра алмасақ керек.
Текті білген жақсы. Әйтсе де текті білу кезінде ата-ана даңқын бәсекеге қою жақсылықтың нышаны емес. Бұл оқушылардың жіктелуіне де апарып жүр. Ақшасы барлардың ұл-қызын әртүрлі желеулермен бөлек оқыту үрдісі ертең ұрпақты өзімшілдікке апармас па екен? Ұлт бірлігі ұлт баласының бойында қалыптасса ұтылмас едік. Қазірдің өзінде бай баласы, кедей баласы деген жат ұғым барын қалай бүгіп қаларсың. Баяғыдағы сондай бөліну кезінде Абай «Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан» десе, Сәбит Дөнентаев «Бұл заман байқағанға күштінікі, азулы, тырнақты мен тістінікі», депті. Тәңірім азат елдің адамын ондай күнге жеткізбесе екен.
Сырттың жат қылықтары да жанға батады. Үлгі тұтқан АҚШ-тағы оқушылар шығыны мен мектеп балаларының қарсылығы, Еуропадағы кейбір көргенсіздіктер қай-қайсымызды да ойландыру керек тәрізді. Осындайда өз үлгімізге ден қойып, басқаның жасығын емес, асылын алып, қазақы қалыппен үйлестірсек, қане! Жақсы әдетке ұйытқы болу, сөзге тоқтау, азды-кем қырғиқабақта «жеңіске» ұмтылмай, жетелілік таныту зиялы толқынның, ұлт жақсыларының еншісіндегі істей көрінеді. Шүкір, қазақта айтулылар аз болмаған, қазір де молынан. Бабалар салтымен көрегендік таныту, бас-басына билік, күңкіл емес, елдік туды биікке көтеру сәтін қалыптастырсақ ұлт мақсатқа жетеді. Егер бұлай болмаған жағдайда, «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деген Абай тәмсілі, бетін аулақ қылсын, алдан шыға ма деп те қаласың. Сондықтан «Ел болудың амалы – ішкі бірлік. Тарихтың барлық кезеңінде даудан да, жаудан да қазақ ұтылса, тек бірлік пен татулықтың аздығынан ұтылды», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне бақсақ, кейінгі ұрпақ алдында жүзіміздің жарық болатынына иманымыз кәміл.