Комитет төрағасы алдымен өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына баға беріп өтті. Ел экономикасындағы кірістер алдыңғы жылдар секілді Ұлттық қордың трансферттері есебінен қалыптасқан. Сондай-ақ салық түсімдеріне жасалған талдау барысында барлық ірі салық түрлері және кедендік түсімдердің төмендегені белгілі болып отыр. Кіріс төмендеуінің объективті факторы әлемдік қаржы дағдарысы болса, ішкі субъективті факторы салықтық және кедендік әкімшілік іс жүргізуде кездесетін мәселелер болып отырған көрінеді. Бұған бюджеттің кіріс бөлігін бақылау барысында анықталған 11 млрд.теңге мөлшеріндегі салық және кеден заңдарын бұзушылықтарды келтіруге болады. Осы орайда айта кетер бір жәйт, республикалық бюджеттің шығыс бөлігі 3,5 трлн. теңгеге немесе 98,3 пайызға орындалғандығы болып отыр. Комитеттің шығындардың бюджеттік бағдарламалардағы бөлінісіне жасаған алдын ала талдау нәтижесіне сүйенсек, 2009 жылы 25 бағдарлама бойынша бөлінген қаржының 80 пайызға жетер-жетпесі ғана игерілген. Басқаша айтсақ, 21,5 млрд.теңге өз мақсатында игерілмей қалған. Саралап келтірсек, олар тұрғын үй құрылысына және тұрғын үйлерді сатып алуға, білім беру мен денсаулық сақтау, ғылым объектілерін салуға және жөндеуге бөлінген қаржылар. Шығыстарды атқару кезіндегі бюджеттік тәртіптің жай-күйі де мәз емес.
Есеп комитетінің басшысы ұлттық компаниялардың басқару органдарына жататын кейбір мемлекеттік орган басшыларының басқару шешімдерін қабылдағанда қалыптасқан тәртіптен аса алмайтындықтарын баян етті. “Біздің қолымызда тәуекелі мол, экономикалық тұрғыдан тиімсіз, тіпті еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін шешімдер туралы фактілер бар екенін айтқым келеді”, – деді ол. Тексеріс көрсеткендей, бұлар ел бюджетіне өте көлемді шығындар әкелген. Атап айтсақ, “Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы” АҚ-ты тексеру нәтижесінде олардың 2,7 млрд. теңгеге сатып алған шетелдік акцияларының құны 1 млрд. теңгеге құнсызданғаны анықталған. Бұл орташа көрсеткішпен алсақ, 42 пайызды көрсетеді. “Ұлттық инновациялық қор” АҚ пен “Қазақстанның инвестициялық қорының” құрылуы мен жарғылық капиталын толықтырып отыруға 70 млрд. теңгеден астам республикалық бюджет қаржысы кеткен. Қаржы-шаруашылық қызметінің 2007-2008 жылдарының нәтижесіне қарасақ, аталмыш АҚ-тар мемлекет қаржысына 25,5 млрд. теңгеге шығын әкелген. Бүгінгі күні “ҰИҚ” АҚ-тың қаржыландыратын 85 жобасының тек қана 3-еуі жүзеге асқан. Ал “ҚИҚ” АҚ-тың қаржыландырған 36 жобасының тек 2-еуі аяқталып, өз нәтижесін беріп отырған көрінеді. Қос қордың өмірге келгеніне 7 жыл болса да олардың басшылары 5-6 рет ауысқанын тілге тиек еткен Омархан Өксікбаев олардың мемлекет қаржысына келтірген шығындары үшін жауапкершілікке тартылмайтындығын ашық айтты. Керісінше, үлкен көлемде қосымша және сыйақылар алатындығын ашына жеткізді. “Жақында Есеп комитетінің отырысын өткізгенімізде “Самұрық-Қазына” басшыларының бірі ішкі дайындық барысында өз менеджерлерінің іштей кәсіби басқару шешімдерін шығаруға” дайын еместігін мойындаған болатын. Олардың сонымен бірге өз қателіктеріне жауапкершілікті алуға дайын емес екендігін де қоса айтқым келеді. Қолданыстағы заңнамада оларды жазалау қарастырылмаған”, – деді Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев. Мемлекеттік активтерді басқарудың тиімсіздігі және кәсібиліктің төмендігі жөнінде айтылып келе жатқаны бір бұл ғана емес. Бірақ бізді ұлттық холдинг басшыларының осы жағдайды мойындағаны көңіл көншітеді. Олар сараптама жүргізіп, нақты жүйелік шаралар қабылдауға уәде берді, деген төраға менеджерлерден сыйақы мен қосымша ақшаны қайтарып алу жөнінде ұсыныс айтты.
Өткен жылы Есеп комитеті 47 бақылау іс-шарасын өткізген. Облыстарда 7 кешенді тексеру жүргізіп, жыл бойы 139,7 млрд. теңгені қамтитын бюджеттік және басқа да заң бұзушылықтарды анықтаған. Жыл қорытындысы бойынша комитеттің бақылауындағы объектілер 29 млрд. теңгені бюджетке қайтарған көрінеді.
Алқа отырысынан кейін Есеп комитетінің төрағасы О. Өксікбаев журналистерге берген сұхбатында игерілмеген қаржы туралы түсініктеме бере кетті. “Кейбіреулер қаржы қалтада қалғандығы жақсы деп ойлайды. Ал біздің айтарымыз, ақша жұмыс істеуі керек. Ол өз бағытымен мақсатты жұмсалуы қажет. Олай болмаған жағдайда қаржы өз мультипликативтілігін, яғни тиімділігін жоғалтады. Сондықтан атқарушы биліктің басты кемшілігі бөлінген ақшаны дұрыс жұмсай алмауында болып отыр.
Екінші күрделі мәселе – жоспарлау жүйесіндегі кемшілік. Бюджетті жоспарлау барысында жоспарлаушылар, жоспардың есебін берушілер, әкімдіктер көлемді қаржыны сұрап алады да, игеру мәселесіне келгенде жауапкершілікті мойындарына алмайды. Артық ақша қалуы осыдан шығады. Тексеру жүргізу барысында кейбір жерлерге артық ақша салғандығын көріп отырамыз. Бірақ ештеңе істей алмаймыз. Кеңестік кезеңде мынадай тәжірибе бар болатын. Егер артық қаржы қалатын жағдай болса, ол дереу бюджетке алынатын. Ал бізде ондай қаржы жыл соңына дейін керекті жерге жұмсалмай, қап түбінде жата береді. Игерілмесе де неліктен қала беретіні түсініксіз. Осыдан келіп мемлекет қаржысының тиімділігі кемиді, деді ол. Бюджет жоспарлау кезінде нормадан артық, “өзі тойса да, көзі тоймай” сұралған өтініш келіп түсетін болса, олар әкімшілік жазаға тартылуы тиіс. Ал табылған артық қаржы уақыт күтпей, қажетті бағытқа жұмсалуы керек. Бүгінгі таңда еліміздің 6 облысы республикалық бюджетке 70-80 пайызға дейін тәуелді. Олардың жергілікті бюджеттерінің құрылуын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мемлекет қаржысының дұрыс беріліп жатқандығынан ешкім хабарсыз. Нақты тексерістің жоқтығынан аймақтарда республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін ұлғайтатын жасырын резервтер республикалық бюджетке енгізілмей отыр. Омархан Өксікбаевтың айтуынша, оларды ел қазынасын толықтыруға, мемлекетіміз бен өңірлердің әлеуметтік және экономикалық міндеттерін шешуге бағыттауға әбден болатын көрінеді.
Отырыс соңында Есеп комитеті тарапынан Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне бюджет жоспарлау кезінде түскен өтініштерді нақты бақылап, тексеріп отыру қажеттігі, сондай-ақ артық қаражатты дер кезінде қайтарып алып, мақсатты жерге жұмсау жөнінде ұсыныс айтылды.
ДӘЙЕКТІ ЖОБАЛАР – ІЛГЕРІЛЕУ КӨЗІ
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен еліміздегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жедел штабтың жұмысы Қызылорда облысында өз жалғасын тапты.
Мемлекет басшысының талабына сәйкес еліміздің экономикасын дамытудың басым бағыты – индустрияландыру картасына Қызылорда облысынан барлығы 295,5 млрд.теңге құрайтын 92 жоба ұсынылған. Егер саралап айтар болсақ, құны 154,6 млрд.теңгенің 74 жобасына салалық министрліктен келісім алынып, индустрияландыру картасына енгізілген. Бұл жобалардың ішінен Индустрия және сауда министрлігімен келісім арқылы құны 40,9 млрд.теңге тұратын 12 жоба, ал ағымдағы, яғни 2010 жылдың соңына дейін нақты жүзеге асырылатын құны 23 млрд. теңге болатын 11 жоба іріктелініп алынған. Мамандардың пайымдауынша жалпы құны 19,6 млрд. теңге тұратын 7 жоба ағымдағы жылдың 1 шілдесінде іске қосылатын болса, құны 3,4 млрд. теңге тұратын 4 жоба жыл аяғында пайдалануға берілмек. Бұл өндіріс орындары іске қосылғанда 142 жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Өмірзақ Естайұлының Сыр аймағындағы жұмыс сапары Сырдария ауданы аумағында қоныс тепкен “Ақшабұлақ” кенішінен бастау алды. Жедел штаб мүшелері ілеспе газ өндіру қондырғысы жұмысымен және құрғақ газды Қызылорда қаласына жеткізу жолдарымен танысты.
Кеніш басында делегация мүшелеріне “Газды тиімді пайдалану кешенінің 2-ші кезегінің құрылысы” жобаларының жүзеге асырылу барысымен жобаға тапсырыс беруші “КазгерМұнай БК” ЖШС-нің бас директоры Лю Чжи таныстырып өтті. Оның айтуынша, жоба құны 10,3 млрд.теңге тұрады. Жоба ағымдағы жылы іске қсылып, 300 млн. текше метр газ өңдеп, 21 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Мұнан соң жедел штаб мүшелері “Газ-турбиналы электрстансасы құрылысы” жобасының жүргізілу барысымен танысты. “Кристалл менеджмент” серіктестігі жүзеге асыратын бұл жобаның құны 17,7 млрд. теңге тұрады екен. Келешекте газ-турбиналы станса салынса, сағатына 87,0 мВт электр қуатын өндіріп, 96 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек.
Ө.Шөкеев бастаған топ “ПетроКазақстанҚұмкөлРесорсиз” АҚ-тың жалпы құны 7,6 млрд. теңгені құрайтын “Құмкөлгазтурбиналық стансасында қуаттылығы 25 мВт. 2 қосымша газ-турбиналы қондырғының құрылысы” және “ВЛ 220 кВ Құмкөл–Қызылорда электр желілерінің құрылысы” жобаларымен де танысып шықты.
“Ақшабұлақ” кенішінен соң делегация мүшелері Жаңақорған ауданына атбасын бұрып, “Батыс Еуропа–Батыс Қытай” халықаралық автожолы жобасын жүзеге асыруға дайындық барысын көрді. Бұл халықаралық автожолдың 811,7 шақырымы Қызылорда облысының аумағынан өтпек. Жобаны 2010-2012 жылдары жүзеге асыру жоспарға ендірілген. Жобаны Сыр аймағында жүзге асыруға 188,4 млрд. теңге қаржы қаралып, оны жүзеге асыру барысында жылына 18086 адам жұмысқа тартылады деп жоспарланып отыр. Осы халықаралық жобаға жергілікті жердің өнімдерін пайдалану қолға алынбақ. Ө.Шөкеев бастаған топ мүшелері “Тасбұлақ” ЖШС-інің қиыршық тас өндіру зауытының іске қосылу рәсіміне де қатысты.
Жұмыс сапарын Қызылорда қаласында жалғастырған жұмыс тобы “Автомобиль жолдары басқармасы” ЖШС-інің жақын арада іске қосылатын, құны 700,0 мың теңгені құрайтын “Битум шығару зауытының құрылысы” жобасымен танысты. Зауыт тәулігіне 500 тонна битум өндіретін болады. Тасбөгет қыстағындағы су тазарту құрылғысының бас су тоспасында болып, су тоспасын кеңейту мен жаңарту жобасының жай-жапсары, “Техмаман” ЖШС-інің базасында болып, кәсіптік оқу орнының жұмысын көрді. Бұл оқу орны ағымдағы жылы бастау алатын “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық автожолы” құрылысына мамандар даярлауда екен. Штаб мүшелерінің жұмыс сапары “2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобалардың іске асырылуының барысын бақылау жөніндегі” штаб отырысымен қорытындыланды. Онда индустриялық-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қазақстандық мазмұн үлесін көбейту мәселелері төңірегінде әңгіме өрбіді. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов Сыр аймағында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы ауқымды жобалармен егжей-тегжейлі таныстырды. Ал, штаб отырысын қорытындылаған Ө.Шөкеев Елбасының тікелей бақылауында тұрған еліміздің даму даңғылы – жарқын жобаларды жүзеге асыру жергілікті биліктің басты бақылауында болып, соны серпіліс жасалу қажеттігін баса айтты.
Жиын соңынан Қызылорда облысының әкімдігі мен “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясы” АҚ арасындағы Қызылорда облысының 2010 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы меморандумға қол қойылды.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.
ХАЛЫҚ САНАҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Былтырғы жылы еліміз бойынша Қазақстан Республикасы халқының кезекті ұлттық санағы өткізілгені белгілі.
Енді, міне, агенттіктің жаңа басшысы Әлихан Смайылов ыждағаттылықпен айқындалған халық санағының нақты қорытындысын жариялады. Сөйтіп, өткен жылғы халық санағының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы халқының саны 2009 жылғы ақпанның 25-іне қарағандағы түнгі 12 сағаттағы есептеу мерзімінде 16 004,8 мың адамды құраған. Яғни, санақаралық кезең кезінде республика халқының саны 1 022,9 мың адамға өсіп, халық санының өсімі 6,8 пайызды құраған. Мұның ішінде қала халқының саны 8 639,1 мың адам, ауыл тұрғындары 7 365,7 мың адам болып, қала халқының саны 195,1 мың адамға немесе 2,3 пайызға, ал ауыл жұрты 827,8 мың адамға немесе 12,7 пайызға өскен. Яғни, елдегі қала тұрғындарының үлесі 54 пайызды, ауыл жұртшылығы 46 пайызды құрап отыр. Ал ерлер саны 7 722,8 мың адам, әйелдер 8 282,0 мың адам болып, өткен санақпен салыстырғанда ерлер саны 507,1 мың адамға немесе 7 пайызға, ал әйелдер саны 515,8 мың адамға немесе 6,6 пайызға артқан.
Қазақтар саны өткен санақпен салыстырғанда 26,1 пайызға өсіп, 10 098,6 мың адамды құраса, өзбектер саны 23,3 пайызға өсіп, 457,2 мың адамды, ұйғырлар 6 пайызға өсіп, 223,1 мың адамды құраған. Ал өткен жылғы халық санағын есепке алғанда 2010 жылдың 1 қаңтарында республика халқының саны 16 196,8 мың адамды құрап отыр. Оның ішінде қазақтардың үлесі 63,6 пайызды, орыстар – 23,3, өзбектер – 2,9, украиндар – 2, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немістер – 1,1, басқа этностар 4,5 пайызды құраған.