• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Наурыз, 2018

Үкіметте білім саласын цифрландыру мәселесі қаралды

1591 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен «Білім беру саласындағы цифрландыру» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті.

Жиынды ашқан Г.Исим­баева Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев қоғамды цифрландыру процесін ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалып­тас­тырудың аса маңызды тетігі ретінде ай­қындағанын атап өтті. Сон­дай-ақ ол білім беру жүйе­сін цифрландыру әрбір қазақ­стан­дық үшін тиімді орта қалып­тас­тыруға бағытталуы керектігіне тоқталды.

Одан әрі білім беру жүйесін ци­фрландыруға кедергі болып отырған бірқатар мәселе­лерді атады. Вице-спикер­дің пікірінше, білім беру ақпа­рат­тық жүйелерін мемлекеттік органдардың басқа да жүйе­лерімен интеграциялау бо­йын­­ша жұмыстардың деңгейі төмен. Білім беру ұйым­дары­ның жеткіліксіз жарақтан­ды­рылып, мектептерде, интер­нет желісіне қосылу жылдам­ды­ғының төмендігі маңызды проб­лемаға айналып отыр. Сон­дай-ақ Г.Исимбаева білім беру жүйесін цифрланды­руды қолдау бойынша бірыңғай опе­ратордың жоқтығына қын­жылыс білдірді. Ақпараттық-коммуникациялық технология инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін бірыңғай техникалық талаптардың болмауы, кәсіби құзыреттілік дең­гейінің төмендігі де сөз болды.

Бұған қоса ол «Пре­зиденттің бес әлеуметтік бастамасында» білім саласына ерекше ден қойылғанын атап өтті. Елбасы Үндеуде білім грантының санын көбейту және жатақхана орындарын арттыру жөнінде міндет қойғаны белгілі. Төраға орынбасарының айтуынша, бұл – жастардың жоғары білім алуына қол жеткізуді көздейтін ілкімді бастама.

Вице-спикер жас буынның шығармашылық қабілеттерін және сыни ойлауын дамыту мақсатында бағдарламалаудың дағдыларын қалыптастыру үшін халықаралық тәжі­рибелерді зерттеу қажеттігін ескертті. Бұл бағыт бойынша білім беру бағдарламасының мазмұнын үнемі жаңалап отыру қажет. Цифрландырудағы не­гізгі мақсат – бәсекеге қабілет­тілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, кез келген процесті, қазіргі жағдайда, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұс­­таздарға, ата-аналарға жүк­темені азайту. Ең бастысы – бі­лім беру сапасын арттыру.

«Біздің балаларымыз ха­лық­аралық деңгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде жасанды интеллект және «ауқымды де­рек­тер» жасау саласында бә­секеге қабілетті болуға тиіс. Мемлекет басшысы атап көрсет­кендей, «елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақ­станның аб­солюттік артық­шылыққа қол жет­кізу құ­ралы». Бүкіл процесс жүйе­­лілікті, реттілікті және кешен­­ді тәсілді талап етеді. Тағы бір мәселе – балалардың ден­сау­лық жағдайына жаңа техно­ло­гия­лардың әсері. Бала­лардың тех­­никамен жұмыс істеуі үшін рұқсат етілген, қатаң тексе­ріл­ген санитариялық-гигие­на­лық нормалар болуға тиіс», деді Мә­жіліс Төрағасының орын­басары.

Тақырып бойынша баян­дама жасаған Білім және ғылым министрі Ерлан Саға­диев министрлік білім мен ғы­лымды цифрландыруды дамы­ту бо­йынша орта білім жүйе­сінде ақпараттандыруды дамы­ту, білім беруді және ғылым­ды басқару процесін автомат­тандыру және IТ мамандар­ды даярлау бағытында тиіс­ті жұ­мыстарды атқарып жатқа­нын жеткізіп, әрбір бағыт бойынша нақты мәліметтерге тоқталды.

Ведомство басшысының сө­зіне қарағанда, білім және ғылым саласын цифрландыруды дамыту бойынша 3 бағытта жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Бі­рін­шісі – орта білім жүйесін ақ­па­раттандыруды дамыту, екін­шісі – білім беруді және ғы­лымды басқару процесін авто­маттандыру, үшіншісі – IТ ма­мандарды даярлау.

Орта білім жүйесін ақ­па­раттандыруды дамыту бойын­ша бірқатар өзгерістер енгізіл­мек. Мәселен, бұған дейін «Ин­форматика» 5-ші сыныптан оқы­тылса, биыл 3-ші сыныптан басталады. Ал 5-11 сынып­тар­дағы осы пәннің оқыту бағдар­ламасын қайта қарастыру жос­парланып отыр.

Е.Сағадиевтің айтуынша, осыған байланысты мұға­лім­дердің біліктілігін, оқушы­ларға робото-техниканың қолже­тім­дігін арттыру мақсатында жұмыстар атқарылған. Қазіргі таңда үш мыңнан астам мектеп пен оқушылар сарайында ро­ботты-техника бойынша элек­тивті курс енгізілген. Бүгінге дейін бес мыңнан астам ұстаз бі­ліктілігін арттырса, биыл үш мыңға жуық мұғалімді оқыту жоспарда бар.

«Мектептердің инфра­құ­рылымын дамытып жатырмыз. Қазіргі таңда мектептердің 99 пайызы (6 960 мектеп) интернетке қосылған, оның ішінде 62 пайызы жылдам интернетті қолданады. Оның жылдамдығы 4 Мбит секундқа жетеді. Екі жарым мың мектепте (35%) Wi-Fi тартылды. Барлық мектептерге bilimland деген үш тілдегі инновациялық контент берілді», деді Е.Сағадиев.

Министр келтірген деректерге сүйенсек, 2016-2017 жылдары 14 мыңнан астам муль­тиме­диялық жиынтық сатып алын­ған. Биыл осы бағытта респуб­ликалық бюджеттен тағы да алты миллиард теңге қарасты­рылған. Сонымен қатар 4 мың­нан астам мектепте элек­тронды күнделік енгізілді. Ве­домство басшысы бұл бағ­дарламаны үш жарым миллион адам қолданатынын жеткізді.

«Мұғалімдер жүргізетін құжаттарды бекіттік. Олар тек бес құжат толтырады. Егер электронды жүйеге қосылса, бар­лығын электронды түрде жүр­гізуге мүмкіндігі мол. Осы­­ған байланысты тиісті бұй­­рық қа­былданды. Алдағы уақыт­та мұ­ғалімдер өздерінің функция­лар­ына сәйкес емес жұмыс­тар­­ды істемеу үшін бар­лық дең­­гей­дегі басшылар мұны өз бақы­лауында ұстау тиіс», деді Е.Са­ғадиев.

Министрлік жүргізіп жат­қан екінші бағыт – білім жү­йесін басқару процестерін авто­­мат­­­тандыру. Осыған сәй­кес, ба­ла­­бақшаларға кезекке тұру және жолдама беру кезегін авто­­маттандырудың жаңа стан­дар­ты бекітілді. Мектептерге қа­был­дау, өзара ауысу электронды режімде іске асырыла бастаған көрінеді.

Е.Сағадиев үшінші бағыт – IT мамандарды даярлау бойынша да бірқатар жұмыстар жасалып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзіне сай, ақпараттық технология саласындағы білім сапасын арттыру мақсатында университеттер рейтингі әзірленген. Мұндай қадам жоғары оқу орын­дарында бәсекелестіктің артып, оқу сапасының жақ­саруына жәрдемдеседі.

Бұдан кейін министр білім және ғылым саласындағы жаңа цифрландыру тұжы­рым­дамасын таныстырды. Осы жо­ба аясында ақпаратқа қолже­тімділік пен жеделдікті арттыру көзделген. Сондай-ақ жүйені ашық әрі әділ етіп, білім сапасын көтеру міндеті қойылған. Тұжырымдаманың тағы бір бағыты – «Big Datа» жүйесін құрып, онлайн талдау жасау.

Ведомство басшысы атал­ған жобаны сәтті аяқтауға қа­жет бірқатар мәселелерге тоқ­талды. Ең әуелі, мұғалімдер мен оқушыларды компьютер­лермен, ноутбуктермен, смарт­фондармен жабдықтау қажет. Келесі мәселе – білім орда­­лар­ын­дағы интернет же­лісіне қол­же­тімділік. «Жоға­ры жылдам­дық­ты интернетпен мек­теп­тер­дің 62 пайызы жаб­дық­тал­ған, қалғаны қосыл­маған. «Цифрлы Қазақстан» бағ­дар­­ла­ма­сына сәйкес, барлық мек­теп­терді қосу бойынша Үкі­метте нақты жоспар бар», деді министр.

Сонымен қатар қолда­ны­­ла­тын бағдарламалардың мобиль­дік версиясы болуы тиіс. Е.Са­ғадиев бұл бағытта жұмыс бас­­­талып кеткенін жеткізді. Тағы бір шешілуі тиіс мәселе – де­ректерді бір ортаға жинап, ин­те­­грация жасаудың қа­жет­тігі. Ми­нистр бұл бағыт­тағы жұ­мыс­тың былтыр бастал­ғанын, екі жыл ішінде оны аяқтау жос­­парда бар екенін мәлім­деді. Е.Сағадиев сөз соңында депутаттардан бірқа­тар нор­мативтік құжаттарға, «Бі­лім туралы» және басқа заң­дарға өзгерістер енгізуді сұрады.

Жиында қосымша баян­даманы Мәжіліс депутаты, Әлеу­меттік-мәдени даму коми­тетінің төрайымы Гүлнар Ик­са­нова жасап, саланың бірқатар мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, цифрландыру білім және ғылым сала­сы­­ның қол­жетімділігін арттырып, бас­қарушылық пен әкім­шілік қыз­метін жетілдіруге көмектеседі.

Отырыс барысында депу­тат­тар көптеген өзекті сұрақ­тарды алға тартты. Үкіметтік са­ғаттың нәтижелері бойын­ша арнайы ұсынымдар қабыл­данды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»