Биыл Назарбаев зияткерлік мектептерінің дәстүрлі наурыз кездесулері Астана қаласының айшықты сәулетіне арналып отыр. Яғни сегізінші мәрте өткен наурыз кездесулері елорданың 20 жылдығы мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына 10 жыл толуы аясында ұйымдастырылды.
Наурыз кездесулерін ашқан «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова елорданың еңсесін тіктеудегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше екенін атап өтті. Күләш Ноғатайқызының айтуынша, 1994 жылы ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданғанда қала халқы небәрі 290 мың адамды құраса, жылдан жылға жылдам қанат жайып, жайнай түскен жаңа қалада қазір 1 миллионнан астам халық тұрады.
«2008 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір тарихи шешім қабылдады. Сол жылы 12 наурызда Қазақстанда жаратылыстану-математика бағытындағы 20 зияткерлік мектеп құруға тапсырма берді. Бұл ұлттың зияткерлік әлеуетін тәрбиелеуге мүмкіндік беретін білім саласындағы серпінді жобаға айналды. Алғаш рет Астана қаласында физика-математика бағытындағы мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Қазір барлық өңірді қамтыған 20 зияткерлік мектепте 15 мыңға жуық оқушы оқиды. Бүгінге дейін 5660 түлек қазақстандық және шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқып, туған елі мен жеріне қызмет етуде», деді К.Шәмшидинова.
Аталған шараға Италиядан келген профессор, «Sergio Ferrandi Bureau» бас сәулетшісі Серджио Ферранди грек ойшылы Платондардан бастап адамзат баласы қала тұрмысын қалай қолайлы етуге болатыны жөнінде ой кешіп келе жатқанын, қазіргі уақытта ірі шаһарлардың дені смарт жүйеге көшіп жатқанын атап өтті. Италиялық сәулетшінің айтуынша, бүгінде халықтың 85 пайызы қалада тұрады. Сондықтан қалада қызмет көрсетудің өте ыңғайлы болғаны жөн. Өйткені қаладағы көлік ағыны, ластану деңгейі туралы ақпараттарды алып қана қоймай, аталған мәселені шешуде оны үкіметтік органдарға жіберу өте өзекті. Осы орайда «ақылды қала» жүйесін тиімді пайдалана білген абзал. Мәселен, ақылды қалалар интернет дүниесін тұрғындар үшін қолайлы әрі орталықтандырылған инфрақұрылым құруға пайдаланады. Бұл инфрақұрылымды жақсартуға, көлік кептелісін шешуге, мобилді және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға, сондай-ақ тұрғындар денсаулығын жақсартуға, жасанды интеллект ортасын түзуге оң ықпалын тигізеді.
Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы дизайн факультетінің профессоры, архитектура докторы Ләззат Нұрқышева дизайндық жобалауда смарт жүйесін қолдану өте ыңғайлы екенін, қазір студенттер осы технология бойынша өздерінің түрлі жобаларын жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Осы технология арқылы жастардың қаланы ластамау, көлемі шағын пәтерлердің сыйымдылығын арттыру, көп қабатты ғимараттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тасымал құралы және жаттығу залдарын түзу, жылжымалы тұрғынжайлар жасау сияқты түрлі жобалары мобилділігімен, экологиялық қауіпсіздігімен ерекшеленетінін атап өтті.
Наурыз кездесулері аясында оқушылар Астананың сәулетіне сәулет қосатын 90-ға жуық жобаларын таныстырды. Бұл жобалар елорданы жоғары технологиялы, ақылды, футуристік, таза, жасыл, балалар және инклюзивті қала ретінде көргісі келетін балалардың ұшқыр қиялы мен білім-білігін паш етеді. Мәселен, Ақтау қаласынан келген 11-сынып оқушысы Назерке Аманқосованың жобасы Астанаға инженерлік және архитектуралық технологияларды тұрғын үй кешенінде тиімді пайдалануға ой салады. Айталық үйдің жоғары бөлігіне жылыжай, төменгі қабатына автотұрақ және қалдық суды қайта өңдеу технологияларын орнату, коммуналдық тұрғыдан қала орталығынан тәуелсіз ету сынды көптеген ерекшеліктерімен тартымды.
Кездесуге қатысушылар Астананың әйгілі сәулеттік нысандарын аралап көріп, елорда ғимараттарын жобалаған белгілі сәулетшілермен жүздесті.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»