• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Наурыз, 2018

«Ақсақ құланды» асқақтатқан Қамбар күйші

1602 рет
көрсетілді

Күй – «жағдай» деген мағынаны анық­т­айтын сөз. Анығын айт­қанда, адамның өмірде кез­де­се­тін әлеуметтік және психо-эмо­ци­оналдық жағдайын өмір сүр­ген ортасына музыкалық әуенмен бейнелеп жеткізу. Біздің бақытымызға орай сонау ХIII ғасырдағы Жошы хан дәуірінен бүгінгі біздің тәуелсіз заманымызға мұра болып жеткен күйлердің атасы – «Ақсақ құлан». Осы күйдің бүгінгі күнге қалай жетіп, кім жеткізгенін біреу білсе, біреу білмейді.

Тарихи деректерге сүйенсек, «Ақсақ құлан» күйін бүгінгі күнге жеткізген адам – Қамбар Медетов. Бұл кісі музыка зерттеушісі А.В.Затаевичпен 1923 жылы кездесіп, осы күйді жаздырған. Сол жолы күйші этнографқа 19 ән және үш күй жаздырады. Солардың ішіндегі құндысы – «Дүние-ай» әні мен «Ақсақ құлан» күйі. «Ақсақ құланды» жазу А.В.Затаевичке өте қиын болғандықтан күйді бірнеше рет тыңдап, көп толықтырыпты. 

Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында «Екі шекке арналса да, оркестрге сұранып тұрған осынау керемет симфониялық поэманы Медетов тамаша орындайды. Әсіресе мені таң-тамаша ететін тұсы – негізгі саздың үшінші қайтара жоғарғы регистрге оралатын сәтінде, шынымды айтайын, күйшінің әуенге адам даусына немесе үрлемелі аспапқа тән әуезділік пен ұзақтылық беріп, ал шертіп отырған екінші ішекте pizzicato ойнап тұратын шеберлігіне тіпті менің ақылым жетпей қойды», деп Қам­бардың шеберлігіне таңданғанын мойындайды (А.В.Затаевич. «1000 песен казахского народа». Музгиз 1963 г.- 484 стр.).

«Қазақ халқының 1000 әні» кіта­бы­мен танысқан француз жазушысы Ромен Ролан 1926 жылдың сәуірінде Швейцариядан А.Затаевичке хат жазып: «Кітаптағы «Ақсақ құлан» күйінің соншама қарапайым әдіспен көңіл күйіңді баурайтын әсеріне қайран қалдым» деп таңданысын білдіреді. «Ақсақ құлан» күйінің А.В.Затаевич жасаған өңдеу нұсқасын Г.П.Любимовтың мем­ле­кеттік квартеті Еуропа сапарында гас­трольдерде орындап, 1925 жылы Парижде болған дүниежүзілік көрменің, 1927 жылы Майндағы Франкфуртте өткен «Музыкалық джаз» концертінің бағдарламасына кіргізген. Сондай-ақ «Ақсақ құлан» күйі бұл ұжымның сол жылдары Швеция, Норвегия, Данияға барған шығармашылық сапарларында халық назарына ұсынылады. А.В.Затаевич Қамбармен кездесуінде «Ақсақ құлан» күйінің еріксіз оркестрге сұранып тұрғанын атап көрсетеді. Осы ұсыныстың негізінде қазақ музы­ка­­сының тарихында алғаш рет Қамбар, әке­сі Ерқожа, дәулескер күйші Лұқпан Мұхитов 11 домбырашыдан оркестр құ­рып, қазақ ұлттық оркестрінің негі­зін­де 1930 жылы қазақ радиосында күйлер орын­дайды.

Қазақ музыкасының теориялық негізін салған композитор, академик Ахмет Жұбанов Қамбар Медетовпен 1933 жылдың көктемінде кездесіп, оны Алматыдағы музыкалық драма техникумына байқаушы эксперт ретінде жұмысқа қабылдайды. Осы жұмыста Махамбет пен Қамбар үлкен рөл атқарады. Аспаптың жасалым сапасын Махамбет көбірек қарайтын да, ал дыбыстық сапасы мен үнін тек Қамбар ғана тексере алатын. Өйткені Қамбардың қолының қағу күші, штрихтық шеберлігі ешкімде болмайтын. Академик А.Жұбанов өзінің «Өскен өнер» деген кітабында: «Қаншама топтан озған домбырашылар болса да, Құрманғазы атындағы оркестрге жиналғандардың бірде-бірі Қамбардың апликатурасын (саусақ басу тәртібін) ала алған жоқ» деп жазады.

Қазақ операсының негізін қалаған Евгений Брусиловский: «Медетовтің домбыра тартуы мен тыңдап көріп жүрген басқа домбырашылардан мүлде бөлек, әлдебір айрықша тәсілмен тар­тады. Әсіресе «Ақсақ құланды» орын­дағаны тілмен айтып жеткізе алмай­тын құбылысқа тән. Бұл күйді Медетов ойнағандай нотаға жазып алу өте қиын», деп Қамбардың домбыра тар­ту шеберлігін жоғары бағалайды (Е.Бру­силовский. «Дүйім дүлдүлдер». Алматы-1995 ж. 284-287 бб). 

Композитор Б.Г.Ерзакович те қазақ музыка өнерінің тарихы туралы іргелі еңбектерінде Қамбар Медетовтің домбыра тарту шеберлігінің қайталанбас жоғары деңгейде екендігін атап көр­се­теді. Міне, қазақ музыкасының төрінде жүр­ген өнер майталмандарының Қам­бар­дың домбыра тарту шеберлігіне берген бағалары осы. Оның жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан қайталанбас табиғи құбылыс екеніне ерекше орын береді. Қамбардың дара домбырашы екендігін көрсететін оқиға  – 1935 жылы Алматыға М.Калининнің келуіне байланысты КазОАК атындағы халық аспаптар оркестрінің концертінде «Ақсақ құлан» күйін жеке орындауы.

1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне Қамбар Медетов те қатысып, үлкен залда И.В.Сталин қатысқан Орталық атқару комитеті мүшелерінің алдында «Ақсақ құлан» күйін жеке орындап береді. Тартылған күйдің әсерінен И.В.Сталин қасындағы көмекшісіне «Сахнаның артын барып қараңдаршы, тағы да біреу күйге қосылып отырған жоқ па?» деген екен. 

2001 жылы Қамбар Медетовтің ту­ғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе об­лы­сының Мәртөк ауданында өнер мек­тебіне күйшінің аты берілді. Бұл шара­ға ұлт аспаптар оркестрінде 45 жыл дом­бырашы болған, Қамбармен бірге жұмыс жасаған Елемесов Мұхамбет ақсақал да қатысты. Осы кісіден «Сіз оркестр құрамында болған кезде «Ақсақ құланды» Қамбарша тартқан күйші кездесті ме?» деген сұрағыма: «Ақсақ құлан» – тек Қамбардың күйі ғой, оған ешкім таласа алмайды», деп жауап берген болатын.

Сонымен қатар осы жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференцияға күйшінің қызы Бибізада апамыз ағайынды шебер Романенколар жасаған Қамбардың домбырасын әкелді. Домбыраны дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров қолына алып, құлақ күйін келтіріп, жүгіртіп, сағалатып ойнағаннан кейін залдағы көрермендерге: «Домбыра керемет. Дыбысы жақсы сақталған. Бірақ қиянат жасағым келмейді. Сондықтан сіздерге «Ақсақ құлан» күйін өз домбыраммен тартып берейін», деп өз домбырасымен орындады. Қазіргідей тәуелсіздік дәуірінде Қамбар сияқты күйшінің ғазиз атын ардақ­тап, қайта жаңғырту бүгінгі ұрпақ бізге сын.    Жақсат ҚАРЫЛҒАШОВ, өлкетанушы

Астана

Суреттерде: 1. ҚазОАК атындағы халық аспаптар оркестрі, 1932 жыл. Екінші қатарда: сол жақта бірінші отырған адам – Қамбар Медетов, екінші, үшінші, төртінші отырғандар: Лұқпан Мұхитов, Махамбет Бөкейханов және атақты өнер саңлағы Ахмет Жұбанов. 2. Бірінші қатардағы сол жақта отырған әйел Қ.Медетовтің жұбайы Гүлихран Арғынғазиева, екінші қатарда ортада тұрған – Қамбар Медетов.