• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Сәуір, 2018

Дүниені жаяу кезген жиһангез: Жарты жылда тоғыз елді ақшасыз аралап шықтым

1591 рет
көрсетілді

Дүние жүзін аралап шығу көпшіліктің көкейіндегі арман десек артық айтқандық болмас еді. Тек қиялдап қана қоймай, дөңгеленген дүниенің жүзін бір тиынсыз аралап шығуға бел байлап, әуелгі жоспарланған жолдың дәл ортасынан асып барады. Ол – Ришат Шайхитдинов есімді азамат. Ел аралап сыртта жүргеннен кейін ғаламтор арқылы байланысқа шығуымызға тура келді.

Павлодар өңірінде туып-өскен. Ерекшелігі – жаһанды жеңіл жолмен аралаудың жолын тапқан адам. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» демекші әлемді аралау үшін мыңдаған доллар қаржы жұмсамайды, қайта барған елінде жұмыс істеп, тапқан қаржысына келесі елді саяхаттайды. Былайша айтқанда бүгінгі күннің «дәруіші». Жасы 26-да. Небәрі жарты жылдың ішінде тоғыз мемлекетті аралап шықты. Қазір Оңтүстік Корея елінде жүр.

Сөзінің басында ол бала күнінен түрлі салада жұмыс істеп, отбасына қолғабыс болғанын айтты. Көңілін жұмысқа бөлгенмен оқуға түсіп, білімін жетілдіруді де ұмытпаған.

– Адам көздеген мақсатына шын ниетімен ұмтылса, қандай қиындық болсын жеңбей қоймайды. Мақсатым бір қызметте тұрақтап қалмай, түрлі саланы меңгеру болатын. Осыған дейін түрлі мекемелерде ревизор, HR-менеджер болдым. Ал магистратурадағы оқуымды аяқтағаннан кейін Ресейдің Томск қаласындағы сауда компанияларының бірінде бухгалтер қызметін атқардым. Сол кездері мені интернет-маркетинг жұмысы қызықтыратын. Уақыт жоғалтпай, оның оқуын оқып, меңгеріп алдым. Павлодарға 2014 жылы келгеннен кейін сол жұмысты жалғастырдым, – дейді ХХІ ғасырдың дәруіші.

Жиһангезбен байланысқа шаққанда, дүниенің төрт бұрышын аралау туралы алғаш рет қашан ойланғаны туралы сұрадық. Ришат жиһангерлікті бала күннен армандағанын айтып, ағынан жарылды. Ұзақ уақыт бойы жұмыс істегенмен қажет соманы жинай алмаған екен. Дегенмен біраз уақыт интернеттен дүниені жаяу кезіп жүрген жиһангерлер жайлы бейнероликтерді көріп жүреді де, ақыры «шешінген судан тайынбас» демекші 2017 жылдың 14 шілдесінде қажет заттарын жинап алып, бір-ақ күнде жолға шығып кетеді.

– Саяхатымның бір ерекшелігі – өзіммен бірге ақша алмадым. Ақшасыз да дүние жүзін аралауға болатынын дәлелдегім келді. Содан не керек ең алдымен Таулы Алтай арқылы Байқал жақты бетке ұстадым. Бірнәрсені айта кетейін, о баста Ресейдің бірнеше аймағын аралауды мақсат еткенмін. Байқалдан кейін татар халқына барғым келді. Ары қарай Краснодарск, Қырым өңірлерін аралап шықтым, – деді Ришат Шайхитдинов.

Ресей жерін аралағаннан кейін Грузия, Түркия, Армения, Әзербайжан елдерінің мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен танысыпты. Жолай Қырғызстан мен Өзбекстанға да соғыпты. Осыдан соң Павлодарға қайта келіп, аздаған үзілістен кейін Моңғолияны бетке алған.

Көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, қалтасында ақшасы жоқ, өзімен бірге алған тамағы жоқ. Сөйте тұра әлемді шарлап жүр. Тіпті елестетудің өзі қиын. Осы таңданысымды байқаған болуы керек. Бірден жауап қатты.

– Қалай айтсам екен, менің ұшарымды жел, қонарымды сай біледі. Күн жылы болса арқалап жүрген күркеме түнеймін. Ауа райы салқындағанда сол маңайдағы хостелдерді жағалаймын. Жиһангерлігімді білген жұрт қонақ етіп те жатады. Ал ауылды жерлерде «құдайы қонақпын» десем дастарханын жайып, төрін ұсынатын кісілер де бар, – деді ол.

«Ер азығы мен бөрі азығы жолда» демекші, Павлодардан ешбір тиынсыз аттанса да барған елінде жұмыс істеп, нәпақасын тапқаннан кейін сапарын ары қарай жалғастырады екен. Мәселен, Грузияда волонтер болса, Түркияда ащы бұрыш сатыпты. Ал қазір Оңтүстік Кореядағы жылыжайлардың бірінде қияр өсірумен айналысып жүр. Ол жақта қызметкерлер баспанамен, уақытылы тамақпен қамтамасыз етіліпті.  

Бір елден екінші елге қатынау үшін жолай кетіп бара жатқан көліктерге отырады екен. Жүргізушіге мән-жайды түсіндірсе, жеткізіп салатын көрінеді.

– Автостоп арқылы саяхатқа шыққан адамның иығында қандай заттар болуы тиіс? – деген сұрағымызға, Ришат былай жауап берді: – Бастапқыда қажет болады-ау деген заттардың бәрін алып шыққанмын, бірақ оның бәрі тек артық жүк екенін жолға шыққаннан кейін бір-ақ түсіндім. Өзім көп қолданатын заттарды атайын, олар: жаңбыр кезінде киімнің сыртынан киетін шекпен, далада түнеуге арналған күрке, оранып жататын қаптөсек, ауыстырып киетін киімдер және төлқұжатым, – дейді Ришат Шайхитдинов.

Сөз арасында ол ауа райының қолайсыздығы көп қиындық келтіретінін тілге тиек етті. Бұрын-соңды барып көрген жер болмаған соң жолда қар мен жаңбырдың жауатын кезін болжау қиын екен. Мәселен, Моңғолияның Баянхонгор аймағына барғанында -20 градус суықта айдалада күркесіне түнеуіне тура келіпті.

Тоғыз ел, тоғыз түрлі тіл. Әрине, ағылшын тілі халықаралық тіл болғанмен оны көбісі жеткілікті деңгейде біле бермейді. Кейіпкеріміз осы тұста бұл мәселенің шешімін қалай тапқаны туралы да әңгімеледі:

– Мен барған елдердің көбі бұрынғы Кеңес Өкіметінің құрамында болғандықтан, жергілікті халық орыс тілінде сөйлей алмаса да түсінетін. Ал Түркияға барғанымда аздап қазақ және ағылшын тілдерін қолдандым. Моңғолияда ағылшын тілін ішінара пайдалансам, кейде ымдап сөйлесуіме тура келді. Ол да болмай жатса интернеттегі онлайн аударманы пайдаланып жүрдім. Ал Оңтүстік Кореяда ағылшынша тілдесемін, – деді.

Саяхатқа шығар алдында ағылшын тілін білмеген екен. Тіпті базалық деңгейде де білімі болмаған.

– Айтсам таң қалатын шығарсыз, мектепте де, университетте де, тіпті магистратурада да ағылшын тіліне аса мән бермедім. Оның есесіне саяхаттау барысында тілдік курстарға қатыстым әрі ел көріп жүріп жұртпен жиі тілдескеннің арқасында біраз меңгеріп алдым. Қазір ауызекі тілде сөйлей алатындай деңгейге жеттім, – дейді.

Ришаттың айтуынша әлемді аралағысы келетін көп адам бар екен, бірақ неден бастарын білмейді. Жолай ондайлар жиі кездестінін айтты. Бұндай саяхаттың сырларын білгісі келетіндерге Ришат өз ақыл-кеңесін беруді ұмытпады.

– Жолға шықпас бұрын мені көп ой мазалады. «Тірі жан жоқ далада жалғыз қалсам не істеймін? Ақшам бітіп қалса не болмақ? Барған жерімде жұмыс таба алмай қалсам қалай күн көремін?» – деген секілді қорқыныштардың болғаны рас. Бірақ оның бәрі сапар алдындағы күмәнді ойлар ғана екен. Жолай кездескен жұрт көмектесуге ұмтылып тұрады. Жол бойы олармен әңгімелесіп, көрген-білгеніммен бөлісемін, сөздерін тыңдаймын. Оның да өзіндік пайдасы зор. Таным көкжиегім, қатып қалған ұстанымым, көзқарасым өзгерді. Адам алдына нені мақсат етсе, соған жету үшін ешнәрседен қорықпау керектігіне көзім жетті, – деді.

Дүниенің төрт бұрышын кезіп шыққан адамның көргені мен білгені көп болмақ. Олардың бастарынан кешкен шытырман оқиғалар біреуге қызық, біреуге арман. Ришат сөз соңында кітап жазуды мақсат етіп жүргенін айтты.

– Күнде әйтеуір бір қызық жайттың куәсі боламын. Қонақ еткен, жол бойы серіктес болған жандардың қызықты әңгімелерін тыңдаймын. Міне, осының бәрін күнделігіме қысқартып жазып жүрмін. Ертең саяхатым аяқталғаннан кейін кітап етіп жазсам ба деген ойым бар, – деп әңгімесін аяқтады. Тәуекелшіл талапкерге сәттілік серік болсын деп әрі елге аман-есен оралуына тілектестік білдірдік...

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»