Аудан орталығы Успенкада 2007 жылы жаңа мектеп салынды. Өзбекстанның Үшқұдық жағынан келген оралман ағайындардың балаларымен сыныптар толды. Бірақ білім ұясы әлі Успен аталып тұр. Осынау оқу орнына еліміздің Әнұраны авторларының бірі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің есімін беру туралы ұсыныс бар. Мектептерге ұлтымыздың біртуар ұлдарының есімдерін беру – жас ұрпақты елін, жерін, ұлтын сүюге, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу деген сөз.
Негізінен, аудан орталығы Железин ауылындағы №3 жалпы білім беретін қазақ мектебіне Міржақып Дулатұлының есімін беру – Өзбекстанның Үшқұдық жағынан көшіп келген оралман ағайындардың бастамасы. Жетектеп келген ұл-қыздарымен аудан орталығында өмірі болмаған қазақ мектебін аштырды. Айтпақшы Железиннің байырғы атауы Үрлітүп десек, осы Үрлітүп жерінде 1931-1932 жылдары қолдан жасалған аштықтан босқан қазақты Едіге бидің ауылдарында қалдыруға үгіттеу үшін өлкелік партия комитетінің тапсырмасымен Қызылордадан Ғабит Мүсірепов келеді. Аудандағы сол ауыл қазір Озерный аталып тұр. Өткен тарихқа қазіргі күннің елдік мақсат-мүддесімен қарайтын болсақ, ғибратты танымдық атаулар бұлай көлеңкеде қала бермес еді.
Мектеп директоры Алтын Смайылханованың айтуынша, аудан аумағындағы ғибрат аларлықтай өткеннің рухани құндылықтарын білу, насихаттау парыз. Оқушылар сабақтан тыс уақытта «Абайтану», «Мағжан оқулары», «Елтану», сияқты танымдық-тарихи үйірмелерге қатысады. Мектептің қай оқушысы болсын Мағжан өмірі жайлы әңгіме өрбітіп, ақынның ғибратты жырларын тебіреніспен оқып береді. Мұнда «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» жұмыс жасайды. Сондай-ақ «Менің отбасымның дәстүрлері», «Бұрымды ару» ,«Қыз қылығымен сүйкімді», «Бойжетер қыз», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Ержетер ұл» тақырыбында тағылымды байқаулар дәстүрлі түрде өткізіледі. Байқауларда халқымыздың «Асар» дәстүрі жайлы айтып, оқушылар шағын көріністер қойды. Сонымен бірге «Балапан» атты қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшаға 100 бала келеді. Жыл сайын қазақ тілінде білім алатын оқушылар қатары көбейіп келеді. Бұл күндері мектепте 18 оқу кабинеті, спорт залы бар. Оның ішінде 10 мультимедия кешені, роботты техника, информатика кабинеттері, 6 интерактивті тақта, 396 электронды оқулық бар.
Ал жуырда аудан орталығындағы жалпы білім беретін №3 Железин қазақ орта мектебінің оқушылары, мұғалімдері, ата-аналары үшін қуанышты хабар жетті. 2011 жылдан бері облыстық ономастикалық комиссияның мектепке Міржақып Дулатұлының есімін беру жөніндегі ұсынысы енді қолдау тапқандай. Облыстық мәлихаттың кезекті сессиясында облыстық тілдерді дамыту басқармасы облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешімінің жобасын ұсынды. Жобада Железин ауылындағы №3 қазақ мектебіне Міржақып Дулатовтың, Екібастұздың Шідерті, Ақкөл ауылдарының мектептеріне Қажыбек Алғамбаров, Әшім Арымбековтің есімі берілетіні хабарланды. Құжаттар республикалық ономастикалық комиссияға жіберілді.
Иә, бір кездері өңірдегі аудан орталықтары Успен, Железин ауылының тұрғындары күн сайын құрылыс басына барып, мектеп қашан ашылады деп асыққан еді. Тұрғындар тілегіне орай, Железинкада 2003 жылдың сәуірінде басталған құрылыс жаңа оқу жылында аяқталып, пайдалануға да берілді. Алғашқы кірпішін сол кезде облыс әкімі Даниал Ахметов қалаған еді.
Тіпті аудан орталығында қазақ тілінде мектеп ашылғанын естіген америкалық еріктілер У.Нора, М.Мегандар құттықтай келіп, ауыл балаларына ағылшын тілінен сабақ та берді. Сөйтіп егемен елдің, Елбасының елдік мақсат-мүдде саясаты ұлттық мектептердің ашылуына жол ашқанының куәсі болғанымыз бар.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы