• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Сәуір, 2018

Сарыағаш жойылып барады

1660 рет
көрсетілді

Сарыағаш дегенде, әрине ең алдымен көз алдымызға Оңтүстік Қазақстандағы курортты қала елестейді. Сондай-ақ бұл атаудың әу бастағы түп-төркіні қалай және ол қандай ағаш деген сауалдың да ара-тұра көңіл түкпірінен қылаң беріп қалатыны анық.  

Жалпы, аудан құрылып, қала са­лын­ғанға дейін де бұл жұрт осы өңірді Сарыағаш деп атап келген. Оның се­бебі, баяғыда мұнда тасқа айналған ағаштар көп еді дейтін жергілікті қа­риялар. Әсіресе Ташкент-Орынбор темір­жолының бойындағы Шеңгелді бекетінің маңында ондай ағаштар күні кешеге дейін шашылып жататын. Міне соларды ел сарыағаш деп атау­шы еді.

Қазіргі Сарыағаш қаласы мен әлгі Шеңгелді бекетінің арасы шамамен жет­піс шақырымдай жол. Егер біз айтып отырған сарыағаштарды көрмек болып сапарға шыға қалсаңыз, аталмыш бекетке жеті-сегіз шақырымдай қалғанда оң қол жақтағы биік жота­ларға қарай бұрылыңыз. Әй, бірақ... қазір оларды өз бетіңізше тауып, кө­ріп қайтатыныңызға өз басым үл­кен күмәнмен қараймын. Себебі осы­дан қырық-елу жыл бұрын дауылдан кейін­гі ормандай құлап, шашылып жа­татын сарыағаштарды соңғы жылдары жекеменшік құрылыстарға пайдалану үшін жан-жақтағы ел тып-типыл қып теріп әкетіп жатыр.

Біз де осыдан біраз жыл бұрынғы сапа­рымызда Шеңгелді бекетіне барып, ондағы Ақылбек, Майсатай аға­ларымызға әлгі ағаштарды көр­се­тіңізші деп өтініш жасауға мәжбүр болғанбыз. Сөйтіп жаңа­ғы жоталардың басына бірге көтеріл­генімізде, шынын айтайық, олардың өзі де алғашқыда алаңдап, «апыр-ай, сол ағаштар бұл күнде бар ма екен, жоқ па екен» деп қауіптене бастаған-ды.

Әйтсе де біраз жер жүрген соң, ұзы­нынан сұлап, сынып жатқан тас ағаштардың бір-екеуін таптық. Олар­дың бойы, шамамен, оншақты метр­дей болады. Тап бір үй құрылысына әдейі арнап жонылған тас бөренелер секілді. «Япыр-ай, бұл ағаштардың мына жерде жатқанына қаншама жыл болды екен?» дейсіз іштей таңғалып. Себебі ағаш тасқа айналуы үшін арада жүздеген жылдар өтуі керек емес пе.

– Ілгеріде мұндай сарыағаштар өте көп еді, – дейді Ақылбек аға. – Бала күнімізде бұлардың өзегінен су тамшылап жататын. Одан бері елу-­алпыс жыл өтті ғой. Бізден бұ­рын­ғы ақсақалдардың айтуына қара­ғанда, 1924 жылы археологтар осы жерден бір сарыағашты Санк-Петер­бургтегі Эрмитажға алып кеткен көрінеді. Сонсоң, тағы бір есіме түсіп отырған қызық жайт – баяғыда мұнда жылан көп еді. Олардың басында шоғы, яки шашы болатын. Сол жыландар осы сарыағаштарды қорып, күзе­тіп жүретін сияқты көрінуші еді. Сон­дықтан бейсауыт жүрген адамдар мұнда келуге қорқатын. Кейін жыландар басқа жаққа ауып кетті. Қалай де­сеңіз де, бұл – әулиелі жер ғой.

Шындығында, ағаш атаулының бә­рі бірдей тасқа айнала бермейтіні анық. Көбіне адам аяғы баспаған қиыр шет­те, иә болмаса, шырқау биікте өсетін ағаштар ғана мың-миллион жыл­­дан соң барып тасқа айналатын бол­са керек.

Ал мынау жер аса биік емес. Ауыл­дың маңы. Оның үстіне, көне-е-е замандардағы Ұлы Жібек жолының бойы.

– 1957-58 жылдары біз бастауыш­ сыныпта оқитынбыз, сол кезде Ерке­бай Бүрлібаев деген тарихшы ағайымыз арнайы экскурсия ұйымдас­тырып, мектеп оқушыларын осында алып келетін, – дейді Майсатай аға­мыз. – Ол кезде, Ақылбек көкем айт­қандай, мұндай сарыағаштар көп еді. Енді міне... екеуі ғана қалыпты ғой. Обал-ай! Өстіп жүріп бұдан да айырылып қалмасақ болғаны да...

Бұл әрине, айдай ақиқат. Кім білсін, біз бәлкім, Ұлы Жібек жолының бойын­дағы ең соңғы сарыағаштарды көріп тұрған болармыз. Оларды сақ­тап қалу – бүгінгі ұрпаққа парыз еді ғой. Себебі шығыстан батысқа қа­рай созылып жатқан сол баяғы керуен жолының бойындағы ел бұл жер­ді киелі деп қадірлеп, кейінгі ұр­паққа аманат етіп кетті емес пе.­ Тіпті осынау аудан атауының зат­тық этимологиясы ретінде болса да оларды Сарыағаш қаласындағы ескерткіштердің қатарына қосу қажет еді ғой. Амал қанша...

Әлі де болса, Шеңгелді бекетінің ма­ңын­дағы жотаның биігінде жатқан ең соңғы екі сарыағаштың біреуін Сарыағаш қаласының орталығына, ал екіншісін өзерінің мың жылдық мекені болған маң даладағы асфальт жолдың бойына ескерткіш етіп орнатсақ, мына өңірге ат басын бұрған қонақтар арнайы барып, қызығып тамашалайтындай тарихи ескерткішке айналар еді-ау, шіркін!..

Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»