Ұлттық академиялық кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында кезекті кітап көрмесі ашылып, жазушы, түркітанушы ғалым Немат Келімбетовті еске алуға арналған «Менің ойым, менің түйсігім әлі сөнген жоқ» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, академик Серік Қасқабасов, «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі сияқты зиялы қауым өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздері мен сырлы естеліктерін айтты. Жиынға белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев модератор болды.
Биыл бұл акция аясында елімізде үш бірдей қаламгердің кітаптары оқылмақ. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бауыржан Момышұлы, Немат Келімбетовтің шығармалары ақыл, ерлік, жігердің үлгісінде оқырмандарға ұсынылып отыр.
«Немат Келімбетов екеуіміз құрдас едік. Оның көзі тірі кезіндегі ғұмырының қиындығы мол болса, екінші өмірі даңғылға ұласты. Мына дүниеде қаншама асыл азаматтар өтті. Бірақ артында іздеушісі болмаған соң, кейбірі ұмыт болып барады. Ал Нематтың Қайрат секілді асылдан туған ұлы бар. Әкесін іздеп, жоқтап жүргендер көп емес», деп толғанды алғашқы сөз кезегін алған Мырзатай Жолдасбеков.
Көрнекті түркітанушы ғалым, жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, профессор Немат Келімбетовтің есімі халқымызға етене жақын. Оның «Үміт үзгім келмейді», «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» сияқты повестер мен эссе кітаптары оқырмандарының жүрегінен берік орын алған, философиялық толғанысқа толы еңбектер.
Н.Келімбетовтің қазақ әдебиетінің байырғы бастау-бұлақтарын зерттеудегі еңбегі зор. Оның «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиеті бастаулары», «Ежелгі әдеби жәдігерлер» сияқты зерттеу еңбектері – ұлттық сөз өнерінің түп-тамырына тереңдеп барған тыңғылықты еңбек. Ғылым жолындағы қайраты үшін Немат Келімбетов Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Л.Грунцтың «Шіркін біздің Шушикент», В.Козаченконың «Найзағай», С.Ахмадтың «Көкжиек», П.Қадыровтың «Жұлдызды түндер» романдарын төгілдіре тәржімалаған Немат Келімбетовтің көркем аудармаға қосқан үлесі де қомақты.
«Немат Келімбетовтің сақ заманынан бастап қазіргі қазақ әдебиетіне дейінгі аралықты жүйелеп, нақты концепциясын жасап, қолымызға берді. Қазіргі кезде Жоғары оқу орындарының барлығында пән ретінде оқытылады. Немат Келімбетовке дейін Бейсембай Кенжебаевтың бас болуымен қазақ әдебиетінің тарихы Орхон-Енисей ескерткіштеріне дейін жеткен болатын. Осындай еңбекті жазу барысында ғалымның алдында үлкен қауіптер тұрады. Оны процесс ретінде бере алмасаң, хронологиялық сипатта ғана болып қалады. Ал Немат Келімбетов оны үлкен үдеріс ретінде жүйелеп берді. Ғасырдан ғасырға, кеңістіктен кеңістікке еркін, ғылыми тұжырымдарымен өтіп отырады. Бұл тұлғаның ғалым ретіндегі басты ерекшелігі.
Немат Келімбетовтің жинаған жәдігерлері арқылы әдебиет теориясының жеткен негізгі жетістігі жанр, поэтикалық формалар, түр мен пішін, тақырып пен мазмұн. Мен осыны қарап отырсам, Немат ағамыз біршама жақсы жинақтаған. Бұл қазақ әдебиетіне қосылған үлкен үлес болды» деді жиын тізгінін ұстаған Шәкір Ыбыраев.
Жұлын-омыртқа ауруымен ауырып, жылдар бойы аяқ-қолы қозғалмай төсекке таңылып жатқан жазушы-ғалымның осыншама еңбектері мен ізденістері оның өмірге құштарлығы мен қайсарлығының жемісі. Өзінің қиын тағдырын жазушы Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологінде терең тебіреніспен жеткізеді.
Талайлы тағдырды басынан кешірген, екі көзі көрмей төсекте таңылып жатса да дүниеден үмітін үзбей, әйгілі «Құрыш қалай шынықты?» романын жазған Николай Островскиймен Немат Келімбетовті салыстырып та айтып жатады. Тағдыры ұқсас тұлғалар болады. Немат Келімбетов өзінің өлмес шығармаларымен, құнды еңбектерімен қазақ жүрегінен орын алған аяулы тұлға болып қала бермек.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»