• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Сәуір, 2018

Тұқым себуге тыңғылықты даярлық қажет

1368 рет
көрсетілді

Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғы­лыми-зерттеу институты өсім­дік қорғау және карантин мәсе­лесімен 1958 жылдан бері айна­лысатын жалғыз ғылыми меке­ме.

Институт мамандары эколо­гиялық таза өнім алуға бағыт­талған қорғау шараларының бірік­тірілген кешенді жүйесін жасау бойынша зерттеу жүргі­зіп, өндіріске қайтарымы бар ғы­лы­ми нәтижелерді енгізуге ерек­ше көңіл бөлуде. Осылайша ди­қан­дарға жоспарлы түрде өнім алуға ғылыми-негіздемелік, ин­но­вациялық технологиялар ұсынады, ірі шаруа қожалықтарына, кооперативтерге және агрохолдингтерге ғы­лыми қолдау көрсетеді. Мы­салы, ғылыми нәтижелер «Бай­серке-Агро» агрохолдингінің 5 мың га егістігіне енгізілді. Кіші­­гірім шаруа қожалықтары үшін технологиялық карта мен жұмыстың күнтізбелік жоспарын даярлап береміз. Осы іс-ша­раларды орындаған шаруа қожа­лықтары алма бақтарынан бөлек, қытайбұршақ, жүгері, арпа және басқа да дақылдардан тұрақты және жоғары өнім алуда. Қазір өсім­дік қорғаудың стратегиясы мен тактикасы өзгерді. Өсім­дік пен егіншілікте ауыл шаруа­шы­лығы ғылымының барлық саласы мен өсімдік қорғаудың инно­вациялық әдістерін біріктіретін жаңа тәсілдер дайындалды. Зиян­ды организмдермен күресу және экологиялық таза өнім алу үшін агротехникалық шаралар кешенінің орны ерекше. Бұл топырақтағы инфекция қоры мен зиянкестерді азайтуға, төзім­ділігі мен тұрақтылығын артты­руға, өсу үдерістерін жақсартуға, агробиоценоздағы улы химикат­тың әсерін төмендетеді. Осыған байланысты топырақтағы қоректік элементтердің мөлшеріне, құнар­лылығы мен құрылымына қатты көңіл бөлеміз. Қазір осы бағытта ке­шенді жұмыстар жүргізілуде. Оны төмендегідей блоктарға бө­луге болады.

Фитосанитарлық сараптама – тұқымды, отырғызу материалдарын (екпе) және өсіп тұрған өсімдіктерді фитосараптамалауды қамтиды. Классикалық 9-12 танапты ауыспалы егістіктің болмауы салдарынан танаптардың фитосанитарлық жағдайының нашарлауы ешкімге құпия емес. Қолданылатын препаратты таң­дау фи­тосанитарлық талдаусыз қиын­дық тудырады. Зерттеу жұ­мыс­тарының нәтижесінде фермер­лерге кез келген дақылды қор­ғау шарасы бойынша ұсыныс беріледі.

Тұқымдармен жұмыс – геном­дық деңгейде өңдеуге дейінгі тұқымдардың фитосараптамасына, дәрілеу сапасына талдау жүр­гіземіз. Өкініштісі, бүгінде ел бойынша егістікте ауру инфек­­цияларымен залалданған тұқым отырғызылуда. Оның 70 па­­йызы тұқымдық материал ар­қы­лы беріледі. Тұқымдардың пато­гендік кешенінің құрамы саңырауқұлақтардың, бактерия­лар мен вирустардың ондаған түрінен тұрады. Осы патогендік және сапрофитті микрофлора кешені тұқымның энзимді және микозды сарқылуына алып келеді. Бұл өсімдіктің өсуіне кері әсерін тигізеді. Тамыр жүйесінің ризо­сфе­­расында жинақталатындықтан шіруге алып келеді. Фузариоз, бактериоз сияқты түрлі аурулар тамыр жүйесіне еніп, трахео­микоз сияқты ауруларды қозды­рады. Одан бөлек өсімдіктің физио­логиялық үдерістеріне теріс әсер ететін микотоксиндерді бөледі. Бұл саңырауқұлақтан бөлі­нетін «у» деген мағына бе­реді. Фермерлердің тұқымды себу алдындағы өңдеу жұмыс­та­рын сапасыз жүргізуі, дәрі­л­еуіш­­терді дұрыс таңдамауы тұ­қым­­дық инфекцияның өну кезін­де жаппай көбеюіне алып келіп, өсімдікке үлкен қауіп ту­ғызады. Нәтижесінде егістіктен толық­қанды өнім ала алмайды. Яғ­ни дәрілеуші препаратты дұрыс таңдауда тұқым микрофло­расының түрлік құрамын анықтау ар­қылы алдын ала жасалған фито­са­раптама нәтижелеріне жүгіну қажет.

Әртүрлі ауылшаруашылық дақыл­дарының тұқымдарын сауық­тыру үшін алдын ала қор­ғау­шы-ынталандырушы құрам­дар дайындаймыз. Тұқым­дар­дың фитосараптамасы негізінде дәрілеуші препараттар таңдап, оның өніп шығу энергиясын және өңдеуге дейінгі және кейін­гі зертханалық өнгіштігін тексе­реміз. Дәрілеуіш препараттардан бөлек, әр дақыл үшін жеке өсу реттегіштерін таңдаймыз. Бұл тұқымдық инфекцияны тежеу­ден бөлек, себу сапасын, өскін­нің, тамыр жүйесінің өсу қарқын­дылығын арттырады. Біз дайын­даған қорғаушы-ынталандырушы жүйе технологиялары өндірістік жағдайда қытайбұршақта, жүге­ріде, үрмебұршақта, көкөніс-бақша дақылдарында сынақтан өтіп, оң нәтижелер көрсетті. Осы технологиялар Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақ­төбе, Алматы және басқа да облыстардың шаруа қожалық­тарына енгізілуде. Бұл блокқа тұқым­дық материалдар мен то­пы­рақтағы арамшөп тұқымдары­ның қоспаларын зерттейтін гербо­логиялық сараптама да кіреді. Соңғы кездерде фермерлер үшін маңызды мәселелердің бірі – танаптарды жойылуы қиын атпатамырлы арамшөптердің басуы. Сонымен бірге карантиндік арам­шөп – жатаған укекіренің жаппай таралуы. Еліміздің 39 тұқым өсіретін шаруашылық жерлерінен табылғаны расталғандықтан, оның республика бойынша таралуы апатты жағдайда.

Агрохимиялық блок – топырақ пен өсімдік құрамындағы макро және микроэлементтердің мөл­шерін анықтайды. Мұнда ноухау ретінде флуриметр – өсім­діктің қоректену сапасын лезде және нақты зерттейтін құрал (NPK) пайдаланылады. Оның көмегімен егісте, бақта және жылыжайда өсімдіктегі хлорофилл мөлшерін өлшейді. Бұл макро және микроэлементтердің 11 түрінің мөлшерін анықтауға мүмкіндік береді. Агрохимиялық блокқа өсімдіктердің ұлпалық диагностикасы да жатады. Мұ­нымен далалық жағдайда негізгі тыңайтқыштар мен үстеме қоректендіру түрінде берілген заттарды өсімдік қаншалықты сіңіргендігін, дақылдың өсу фазалары бойынша қоректік заттарды тұтыну динамикасын анықтауға болады. Көптеген фермерлер талдаудың осы түріне көңіл бөле бастады. Келесі блок – топырақ. Қазір республика бойынша топырақ деградацияға ұшырауда. Бұл тек химиялық сипаттағы мәселе емес, физикалық факторлармен де байланысты. Кеңестік заманда көп танапты ауыспалы егістіктер құрамындағы көпжылдық шөптердің арқасында топырақтың құрылымы сақталды және жақсарды. Қазір фермерлер минималды және «нөлдік» топырақ өңдеу технологияларын қолдануда. Кейбір жағдайларда жерді жырту – өте маңызды әдіс. 5-7 жылда 1 рет терең қопсыту жұмыстарын жүргізу, топырақтың тығыздалуын жойып, топырақ горизонттары арасындағы байланысты реттеу оттегі, ылғал және қоректік элементтердің топырақтың терең қабаттарына сіңуіне ықпал етеді.

Қазір институт ауылша­руа­шылық өнімдерінің барлық түрі бойынша еуропалық аккредиттациялаудан өтті. Фитосанитарлық зертханалық талдаудың сынақ орталығы, заманауи салалық зерт­­ханалар (молекулалық-гене­ти­калық талдау зертханасы, энто­мология, фитопатология, гер­бология, токсикология зерт­ха­насы) кешені құрылды. Талдау­ларымыз фермерлердің өндіріс­тік мәселелері бойынша келіс­пеу­шіліктерін шешуге көмек­теседі. Мысалы, екі шаруа қожа­лығы бір жеткізушіден өңделген жүгері тұқымын сатып алды. Тек­серу барысында сатып алынған тұ­қым­дардың тұқымдық сапасы және инфекциямен залалдануы – мәлім  параметрлерге сәйкес келмейді, яғни өңдеу сапасы төмен. Нәтижесінде бір шаруашылық тұқымдарды қайта дәріледі, екінші шаруашылық жеткізушіге шағым жасап, сатып алынған тұқымдарды қайтарды. Қайта қайтарылған қаражатқа, басқа сапалы тұқымдар сатып алынды және бұл тұқымдардың өнгіштігі 96%-ды құрады. Мұндай жағдай Франциядан сатып алған өңделген қант қызылшасының тұқымдарын фитосараптамадан өткізгенде тұқым сапасының нашарлығы анықтады. Өңдеуден кейін сақталған барлық микрофлора кешені тұқымдардың шіруі мен саңырауқұлақ басуына алып келеді. Мұндай жағдайда 30%-ға дейін өнімді жоғалтып алу қаупі бар.

Біздің зерттеулер мен ғылы­ми кеңестеріміз күнен-күнге ауыл­шаруашылық тауар өндіру­шілерінің арасында сұранысқа ие болып келеді. Институт барлық өңірлердің әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Ірі ша­руа­шылықтар мен агрохолдинг­тер фитосанитарлық талдау жүргізуге тұқымдық және отырғызу (екпе) материалдарын жібереді. Біз талдау нәтижелеріне қарап, болашақта жоспарлы өнім алу үшін нақты ұсыныстар береміз.

Абай САҒИТОВ,

ҰҒА академигі, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бас директоры

АЛМАТЫ