Алаштың ардақты азаматы Халел Досмұхамедов көптеген зерттеу еңбектерінің бірінде: «Бұл дүниеде түрлі данышпан, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар көп өткен. Осындай адамдар өзіміздің қазақ арасында да аз болмаған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі», деп көрсеткен екен.
ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР
Әділетіне жүгінсек, тәуелсіз ел тұғырының тұрлаулы болуы үшін жан аямай еңбек еткен Халел Досмұхамедов сынды біртуар азаматтардың рухын еске алып, есімін қастерлеу әрі оның қайраткерлік тұлғасын ұлықтау бәрімізге ортақ парыз болуға тиісті.
Халел Досмұхамедовтің қоғамдық, қайраткерлік қадамы Санкт-Петербургте оқыған жылдарынан басталады. Ол әскери-медициналық академияда оқыған кезінде бүкіл Ресейде болған 1905-1907 жылдардағы революцияны көзімен көріп, бұқара халықтың ашу-ызасы, қанды қақтығыстар және жеңілістің ащы сабақтары рухани дүние танымы өсіп жетілген болашақ қайраткердің идеялық жағынан қалыптасуына игі ықпал етті. Қорғансыз елдің теңдігі үшін басты қауіп-қатерге тігіп, бес облыстан жиналған қазақтың зиялы азаматтары 1905 жылы Теке (Орал) қаласында Конституциялық-демократиялық саяси партия құрғанда араларында Санкт-Петербургтегі әскери медициналық академияның студенті Халел Досмұхамедов те бар еді.
Халелдің Ақпан және Қазан төңкерістері тұсындағы қызметіне айғақ боларлықтай аз да болса дәйектемелер кездеседі. Соның бірі 1917 жылы Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз съезінің болғандығы, оған Халелдің қатысқандығы туралы «Қазақ» газеті сол жылдың 14 қараша күнгі санында айта келіп, мұнда Торғай облыстық комитетінің құрылғандығын, оған бар болғаны 14 адам (Орынбордан – 10; уездерден – 4) мүше екендігін хабарлайды. Дәл осы мезгілде Ақмола, Семей, Орал облыстық комитеттері де құрылды. Ал желтоқсанның 5-і мен 13-і аралығында өткен Құрылтайға Халел де арнайы шақырылады. Дегенмен ғылыми әдебиеттерде, тарихшылар еңбектерінде бұл дерек егжей-тегжейлі зерттелмеген. 1917 жылдың шілде айында Алаш қозғалысын жақтаушылардың съезі шақырылады. Оған барлық қазақ облыстарынан бар болғаны 20-дан астам делегат қатынасады. Осы съездің өткізілгендігіне және оған Халел Досмұхамедовтің төрағалық еткендігіне дәйектеме ретінде «Қазақ» газетінің 31 шілде күнгі санында жарияланған қаулысын келтіруге болады. Жалпы қазақ съезінің қаулысы: «Жалпы қазақ съезі 21 шілдеде Орынборда ашылып, 26 шілдеде жабылды. Съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарының һәм Бөкейліктің өкілдері қатысты. Съезд төрағасы – Халел Досмұхамедов, төраға серіктері – А.Байтұрсынов, хатшылар: Ә.Көтібаров, М.Дулатов, А.Сейітов».
Бұл съезде 14 мәселе қаралған, әрқайсысына байланысты бірнеше пункттен тұратын қаулылар қабылданды. Әйел мәселесі тұңғыш рет осы съезде көтерілді. Осыдан кейін, араға бес ай салып, желтоқсанда ұлттық мемлекет құруға байланысты ұлттық-территориялық Қазақ автономиясы, милиция, ұлт кеңесі, ұлт қазынасы, халық соты туралы негізгі мәселелерді күн тәртібіне қойған жалпы қазақ съезі шақырылды. Міне, осы съезде қазақ-қырғыз автономиясын Алаш деп атау жөнінде қаулы қабылданған еді.
1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Х.Досмұхамедов Қазақ елінің дербестігін, егемендігін аңсаған қазақ зиялыларымен бірге жалпы қазақ съезін өткізді. Х.Досмұхамедов съезде төралқаның қосымша төрағасы болды. Съезге 80-ге жуық делегат қатысты. Съезде күн тәртібі Алаш партиясының бағдарламасы жобасының талаптарынан және елде қалыптасқан қоғамдық-саяси өзгерістерден туындады. Съездің талқылап, тиісті шешім қабылдануына 10 мәселе ұсынды. Олар: Сібір, Түркістан автономиясы және Оңтүстік Шығыс одағы туралы; ұлт кеңесі; ұлт қазынасы; мүфтилік мәселесі; халық соты; ауылдық басқару және азық-түлік жөніндегі мәселелер еді.
Халел Досмұхамедов осы кезеңде қандай қызмет атқарды десек, бұған 1930 жылдың 10 наурызында өз қолымен орыс тілінде жазылған ғұмырнамадағы мына бір жолдардан жауап алуға болады. Патша өкіметі құлатылған соң, 1917 жылы сәуірде қазақтардың Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Сол жылы желтоқсандағы жалпы қазақ съезінде Алашорда Халықтық-революциялық кеңесінің мүшелігіне өтті. Мұнда Кеңес өкіметі орнағанға дейін земстволық мәдени-ағарту жұмыстарын атқарды. 1918 жылы наурыз айының соңында Халел Жанша Досмұхамедовпен бірге Мәскеуде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И.Ленинмен, Ұлт мәселесі жөніндегі Халық Комиссары И.В.Сталинмен Қазақ автономиялы республикасын құру туралы келіссөз жүргізеді. Большевиктер Кеңес өкіметін толық мойындап сөзсіз бағынуды талап етсе, ал олар Алашордаға ішінара билік беру (заң шығару, атқарушы билік, сот жүргізу), өз әскері болу (халық милициясы) сияқты талаптарын, қазақтар көп шоғырланған жердің бәрін атақонысы ретінде қазаққа түгел қайтарып, бір орталыққа бағындыру және әр жерде кеңес комитеттері тұтқындаған Алаш қайраткерлерін түрмеден босату, оларды қудалауды тоқтату, қаржылай көмек алу сияқты шұғыл шешімін табуы қажет өткір мәселелерді қойды. Соның кейбіріне қол да жеткізді. Атап айтқанда, түрмедегі Алаш қайраткерлерін босатты, орталық кеңес үкіметінен қаржы-қаражат алды. Ұлт істерімен айналысатын комиссариат жанынан қазақ бөлімін ашқызды. Алайда Кеңес өкіметі екіжүзді саясат ұстанды: Халел және Жаһаншаһ Досмұхамедовтердің Кеңес өкіметі басшыларымен болған кездесуінен байқалғаны – Орталық Кеңес үкіметінің ынтымақ, ұлттық тұтастық негізінде құрылған Қазақ мемлекетін мойындамайтындығы және қазақ халқына таптық жіктеуге негізделген кеңестік тұрпаттағы автономия беруге даяр екендігі көрінді. Сонымен қатар Орталық Кеңес үкіметі қазақ халқының ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық күресі нәтижесінде дүниеге келген Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметін мойындамады. Өкінішке қарай, бұл келіссөз нәтижесіз аяқталады.
1918 жылы осындай қажырлы кездесу, келіссөздердің толықтай алға қойған мақсатын орындай алмағаннан кейін, олар елге келіп, Жымпиты қаласында 1918 жылдың 18-21 мамыр аралығында Орал өңірі қазақтарының съезін өткізді. Онда Батыс Қазақстан өңіріне ықпал ететін ұлттық аумақтық құрылым – «Ойыл уақытша үкіметін» жариялайды. Батыс Алаш орданың төрағасы болып Жаһаншаһ Досмұхамедұлы тағайындалып, ал Халел Досмұхамедов бұл істе оған жан-жақты көмек көрсетті.
Дегенмен 1920 жылдың соңы мен 1921 жылдың басында Алашорда мен Кеңес өкіметі арасындағы келіссөздер нәтижесінде дүниеге келген Казревкомның 1921 жылғы наурыздың бесіндегі қаулысына сәйкес Алашорда үкіметі таратылды. Ресейдегі басқа да ұлттық-қоғамдық саяси-қозғалыстар сияқты Алаш қозғалысы, оның ішінде 1917-1920 жылдары өмір сүрген Алаш партиясы, Алаш автономиясының үкіметі тарих сахнасынан, ал олардың халық таныған алыптары саяси күрес пен қызмет аренасынан осылай күштеп қуылды. Бұлардың қатарында жалынды патриот, қажырлы қайраткер Халел Досмұхамедов те бар болатын.
Бұдан кейін Халел Досмұхамедов Түркістан және Қазақ Кеңес автономиялы республикаларында әртүрлі қоғамдық-саяси қызметтер атқарды.
Айтар ойымыздың түйіні, қазақ халқы алдындағы азаматтық парызына өмірінің соңғы сәтіне дейін адал болған қайраткер Халел бабамыздың рухын қастерлеуді, мұраларын насихаттауды, көпшілік көкейінде зерделеуді ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан халқының жан саулығы мен тән саулығының шипагері, қажымас қайраткері, әмбебап энциклопедист Халел Досмұхамедовтің қоғамдық-саяси қызметтері, мәдени-ағартушылық, тәлім-тәрбиелік көзқарасы, ұстанған идеялық бағыт-бағдарлары бүгінгі өскелең ұрпақтың жадында сақталып қана қоймай, келешектегі игілікті істеріне де өнегелі үрдіс болуы қажет.
ҚАЖЫМАС ҒАЛЫМ
Көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы ғалым, дәрігер, Атырау өлкесінің абзал перзенті, профессор Халел Досмұхамедов өз халқының зиялысы, өз заманының насихатшысы ретінде кенже қалған немесе аса маңызды деген тақырыптарға жедел қалам тартып, уақыт сұранысын қанағаттандырып отырған. Оның «Оқушының денсаулығын сақтау» (1925 ж.), «Как бороться с чумой среди населения Киргизского края» (1918 ж.), «Табиғат тану» (1922 ж.), «Қазақ тіліндегі үндестік заңы» (1924 ж.), «Исатай-Махамбет» (1925 ж.), «Адамның тән тіршілігі» (1924 ж.), «Қазақтың халық әдебиеті» (1928 ж.), «Жалаңтөс батыр шежіресі» (1928 ж.), «Жануарлар» (1929 ж.) сияқты оқу құралдары мен ғылыми көпшілікке арналған еңбектері, аудармалары, мақалалары, міне, осының бәрі профессор Халел Досмұхамедовтің қазақ ғылымы мен мәдениетінің тарихында өзіндік орны бар кесек тұлға екендігін көрсетеді. Осы сөздеріміздің шырайын келтіретін қазақ халқының маңдайына біткен заңғар жазушы, марқұм Әбіш Кекілбаевтың: «Х.Досмұхамедұлы көзінің тірі кезінде алдына жан салмас ғажайып лингвист, фольклорист, тарихшы-этнограф, аудармашы болған. Жан-жақты, көл-көсір әмбебап білімнің арқасында ол биология, зоология, медицина салаларына да көп еңбек қосқан ғалым», деген бағасы өте орынды айтылған.
Халелдің қажырлы қоғам қайраткері болумен бірге, ағартушы, ғалым, дәрігер екендігін де есте ұстауға тиістіміз. Қазан төңкерісіне дейін қазақтар арасында тек 20 ғана дәрігер даярланды. Қазақ даласындағы көріністі ағартушы-ғалым Шоқан Уәлиханов былай деп көрсетеді: «Ауруға сапалы медициналық көмек беретін ешкімнің болмағанына, сүзектен, суық тиюден, мерезден, обадан, тырысқақтан, қарасан, қызылша, безгек, туберкулез, т.б. аурулардан халық көп қырылып жатқан кезде, осынау үркердей топтың қарлығаштың қанатымен су сепкендей болмашы іс-әрекетінің өзі біраз адамдардың өмірін арашалап қалды». Осындай үркердей топтың ішінде қазақтың, ғұлама ғалымы, философ-энциклопедисі, сан қырлы дарын иесі, Халел Досмұхамедовтің болуы, әрине, үлкен мақтаныш!
Халел 1913-1920 жылдары Темір уезінде учаскелік дәрігер қызметін атқара жүріп, оба ауруын жою ісіне қатысады. 1920 жылы Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы және мектептің санитарлық дәрігері болып қызмет істейді. Оған қосымша Орта Азия мемлекеттік университеті медицина факультетінің клиникалық ауруханасына ординатор болып қабылданды. 1921 жылы негізінен қазақ халқы арасында педагогикалық білім беру мәселесімен айналысты. Түркістан республикасы ғылыми комиссиясының төрағасы бола жүріп, Халел Досмұхамедовтің тікелей қатысуымен мектептердің жаңа жүйесі, ғылыми терминология жасалды, қазақ мектептері үшін оқулықтар мен оқу құралдары ұлттық тілімізге аударылып, жаңадан құрастырылды. Ол жаратылыстану мен педагогика саласында да нәтижелі еңбек етіп, бірнеше оқулықтар дайындады. Солардың ішінде үш бөлімнен тұратын зоология, анатомия, физиология, мектеп оқушыларының гигиенасы және табиғаттану пәндеріне арналған оқулықтарды атауға болады.
Халел Досмұхамедов жаратылыстану ғылымы саласында ұлттық ғылыми терминдерді жасау мәселелерінің теориялық астарына үңіліп, оның принциптік жақтарына ерекше назар аударды. Ол физиология пәндеріне байланысты көптеген терминдік атауларды төл тіліміздің сөздік қорына өткен ғасырдың 20-шы жылдарының өзінде-ақ іріктеп ала білген. Солардың бірнешеуі мыналар: жүйке жүйесі (нервная система), жүйке талы (нервное волокно), жүйке орталығы (нервный центр), ми қалтасы (мозговой желудок), көз қағар жүйке (глазодвигательный нерв), жүйкенің ұлы жүйесі (центральная нервная система), жүйке түйіні (нервный узел), т.б.
Халел Досмұхамедовтің жаратылыстану пәндерінің аттарын қазақша атауы да құптарлық деп санаймыз. Мысалы, анатомияны тән жүйесін тану, физиологияны тән тіршілігін тану деп атайды. Х.Досмұхамедовтің келесі бір ерекше еңбегі «Оқушының саулығын сақтау» кітабы. Бұл кітапша 1923 және 1925 жылдары жарық көрді. Голландия үкіметінің тапсыруы бойынша бірінші сатыдағы мектеп оқушыларының гигиенасын сақтауды түсінікті тілмен баяндаған кітапшаны ғалым, дәрігер Х.Досмұхамедовтің өзі қосымша кеңейтіп, мәнді етіп аударып оқырмандарға ұсынуын елінің жасөспірімдері денсаулығын сақтау үшін жасаған айрықша еңбегі деп бағалауымыз қажет.
Сондай-ақ Халел Досмұхамедов – қазақтың медицина, жаратылыстану ғылымдарының негізін салушылардың бірі. Ол Ю.Вагнердің «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзілуі» деген еңбегін қазақшаға аударып, жеке оқулық етіп шығарды. Өзінің «Оқушылардың денсаулығын сақтау» (1923 ж.), «Сүйектілер туралы» (1927 ж.) деген оқулықтары бар. 1923 жылы «Шолпан» журналының бірнеше санында жарияланған зерттеу мақалаларының негізінде Х.Досмұхамедов 1924 жылы Ташкенттен «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген жеке оқулық шығарды. Халел өзі жинаған материалдар негізінде «Мұрат ақын сөздері» (1924 ж.), «Аламан» (1926 ж.), «Исатай-Махамбет» (1925 ж.) кітаптарын да алғы сөзі мен түсініктерін жазып, оқырман қауымға ұсынды. Халелдің Ташкентте өткен 1920-1928 жылдар аралығы оның шығармашылық қызметінің нағыз шырқау шыңы болды. Ол профессор Поливановпен бірлесе отырып, «Сұлтан Кенесары тарихына материал» кітапшасына және «Қыз Жібек», «Кенесары – Наурызбай» жыр жинақтарына редакторлық етті. Халел Досмұхамедовтің фольклортану саласындағы еңбектерінің ішінде оқшау тұратыны – «Қазақ халық әдебиеті» (1928 ж.) очеркі. Бұл жинақта ол ауыз әдебиетінің түрлерін жіктеуді мақсат еткен. Халел фольклорды тек жалаң сөз өнері деп танып қойған жоқ, оны әдет-ғұрып, наным-сеніммен байланысты этнографиялық мәліметтерден бөле-жармай қарау керектігін жақсы түсінген ғалым. Халелдің 1930 жылдары жазып бітіргенмен, бастырып үлгермеген «Қазақ оқушысының дене тәрбиесі», «Қазақ тілінің жаратылыстану терминдері», «Түркі халықтарындағы және қазақтардағы атау есімдерінің шығуы» және «Қазақтың ғашықтық өлендері» атты жинақтары із-түссіз жоғалып кеткен.
Қазақ халқы алдындағы перзенттік парызына өмірінің соңғы сәтіне дейін адал болған Халел бабамыздың өшпес рухын қай уақытта да қастерлеуге тиістіміз. Сондықтан қайтпас та, қажымас ғалым, дара да дана тұлға, әмбебап энциклопедист Халел Досмұхамедов мұраларын насихаттау, көпшілік көкейінде зерделеу бүгінгі ұрпақтың абыройлы борышы әрі міндеті.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті