• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Күрес 11 Сәуір, 2018

Қазақстанның самбо күресінің бас бапкері - Керей Қойшыбек

1343 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасы. Сағат тілі түнгі он екіден бірер секунд аунап түскенде телефон қоңырауы шылдыр етеді. Білем, кім екенін. Керағаң ғой. 

Керей Қойшыбек кезінде айтулы балуан болған, Қазақстанның самбо күресінің бас бапкері. «Жаңа күніңнің алғашқы минутымен құт­тық­таймын». Амандық-саулық­тан соң Керағаң көсіледі. Түр­ік­меннің желден жүйрік теке­жәуміті секілді ауыздықпен алысып, сөзге қонақ бере бермейді.

Құлдырап бара жатқан ұлттық рухсыздыққа налиды. Қазақ қайтсе толыққанды ұлт болады, не істесек болады дейді. Спорт тоғышарларын жерден алып, жерге салады. Екі сағатқа жуық көкемнің гөй-гөйін тыңдап, солықтап барып басыламыз. Рухты қазақ. Ұлт мәселесіне келгенде басыңды кесіп аламын десең де айтқанынан қайтпайтын батыр, бұ көкем. Өз елін жақсы көреді. Содан соң ғой, бір кем­шілігін көрсе шыр-пыры шығып жүретіні. Қызық кездері көп.

Қайсы бір жылы Мәскеуде өткен халықаралық жарыстан соң Ақтөбе және Батыс Қазақстан об­лысы спорт, денешынықтыру бас­қ­ар­маларының басшылары Асыл­бек Құлмағанбетов пен Мү­сілім Оңдағанов үшеуі моншаға барыпты. Екі қабатты монша. Мықтылар түсетінге ұқсайды. Асыл­бек еңсегей бойлы, Мүсілім атан түйедей. «Бірақ, орыс, татар­лардың таудай жігіттерінің арасында көзге көрінбей қалдық» дейді екеуі. Екеуіне қызық ой келеді. Қол­дарындағы алтын балдақтарын Керейдің саусағына кигізеді. Мүсі­лім мойнындағы бір келідей алтын шынжырын шешіп Керей­ге беріп, бу бөлмесіне кіргізіп жі­бе­реді. Таудай орыс, татар жігіт­тері­нің арасына.

Сәлден соң баспалап екеуі кіріп барған. Тас моншаның ең жоғары қабатында шәулі бүр­кіт­тей шүйілген Керағаң екі қолы­мен бүйірін тіреп, шалқайып отыр дейді. Бөтен жерде жүрмін деген кейіп жоқ. Жүзінде сұс, түйіліп жан-жағына қарап қояды. Орыс, татардың таудай жігіттері, бір ұрса атан өгіздің маңдайын жаратын атпалдай азаматтар екі қолының саусақтары алтын, мойнында алтын шынжыры жарқыраған шынашақтай қазақтан төмен жайғасып, көз­дерінің астымен барлап қояды дей­ді. Пәруайымына кіріп отыр­ған Керағаң жоқ. Намысқойлығы ғой. Кейіннен «атам Тоқтамыс бұл Мәскеуді бір емес, екі рет шауып алған. Орыс көпестеріне алым-салық төлеткен. Неге олардан төмен отырайын» депті шыққан соң.

Керағаң қазақтың намысының садағасы. Бұл мақалада ерекше бір оқиғаға тоқталғымыз келген. Еліміздің егемендік алмаған кезі. Бірақ Кеңес одағының тат басқан шынжырының әні-міне үзіледі деп жүрген кезеңі.

Ташкентте самбодан Азия чемпионаты өтеді. Құдайы көрші, әріден салғанда түбі бір түркінің баласы болғанымен қазақ-өзбектің сәл нәрсеге бақаса қалатын әдеті. 

Қат кез. Әнұран магнитафоннан ойналатын уақыт. Жарыс жеңімпазы біздің жігіт мінбердің ең жоғарысында. Үш мемлекеттік ту биіктеп барады. Ортасында қазақ байрағы. Бірақ әнұран орындалмай жатыр. Қазақтар жалтақтап жан-жағына қарайды. Керағаң екі қарғып магнитафон жанында күйбеңдеп жатқан өзбек жігіттеріне жетеді.

– Әй, Қазақстанның Әнұраны қайда?

– Әка, кассетасын таппай жатырмыз.

Әдейі жасалған тірлік. Бұ­лардан ештеңе өнбесін түсінген Керей Қойшыбек сарайды шыр айналады. Жетісайлық қазақ­тар­дың шоғырланып отыратынын байқап жүрген. Соларға жетіп келеді.

– Жігіттер, – деп күркірейді. 

– Шәмшінің «Менің Қазақ­станымын» білесіңдер ме?

Қыстығып, намысы қызып отырған қазақтар:

– Білеміз, білеміз, – деп айқайлады.

– Кеттік, ендеше...

Зәулім сарайды басына іліп Шәмшінің «Менің Қазақ­станымы» кетеді әуелеп. Қалың қазақ жігіттері тік тұрып, зор да­уыс­пен шырқағанда Азияның түк­пір-түкпірінен келген мәр­тебелі қонақтар мен ба­луандар мойындарын созып қа­рап, тамсана тыңдап отырыпты.

Ол кезде «Менің Қазақ­ста­ным» мемлекеттік әнұран болып қабылданбаған. Кейін сұра­дық. Неге сол әнді таңдадыңыз деп. – Бір емес, төрт автор жазған сол кездегі Әнұранның сөзі қиын. Әрі қазақ табиғатын баспайды. «Менің Қазақстаным» үнемі жүрегімде жүретін. Аузыма Алла салды ма, білмеймін. Білетінім, қазақ абыройын сақтап қалдық. 

Жаны қысылғанда болашақ қазақ Әнұранын Ташкентте шырқатқан Керей Қойшыбек бүгінде зейнетте. Көп бапкерлер шәкіртіне күрестің айла-тәсілін үйретсе міндетін орындағандай көреді. Керей бапкердің жөні бөлек еді ғой. Жаттығудан қол босағанда құраманы бастап театрға апаратын. Бекболат сынды жыр сүлейлерін шақырып, батырлар жырын тыңдатып, жаттататын. Қазақтың тарихын оқытатын. Шәкірттері де нағыз патриот еді. 

Қазақ балуаны – ұлттың байлығы. Нағыз наркескен, алдаспан. Жауға – айбат, өз жұртыңа көз қуаныш, іштей мақтаныш. Керей мектебінің тәлімі бүгінгі балуандардың бойында болса, ұлттың рухы бүгінгісінен де қатты көтерілетін еді, деп ой­лай­сың...

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»