Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде компанияның бастамасымен және Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және Энергетика министрлігінің қолдауымен мұнай-газ саласына сандық технологияларды енгізудің өзекті мәселелеріне арналған халықаралық форум өтті. Форумға салалық министрліктер өкілдері, ірі мұнай-газ компанияларының басшылары мен қызметкерлері, халықаралық сарапшылар және IT саласында қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері, жалпы алғанда 200-ден астам делегат қатысты.
– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар тізіміне енген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жүзеге асырып жатқан «Цифрлы кен алаңы» және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың «Жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу» жобалары мұнай-газ саласындағы негізгі жобалар болып саналады, – деп баса айтты Энергетика вице-министрі Болат ақшолақов.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы ақпан айында ЕМГ базасында Уаз кең алаңында «Цифрлы кен алаңы» қанатқақты жобасы іске қосылып, өз тиімділігін дәлелдеді. Электр энергиясын қолдану 35 пайызға азайды. Ұңғымалар қорын пайдалану коэффициентін көбейту арқылы қосымша 1360 тонна мұнай өндіру қамтамасыз етілді. Жерасты жөндеу жұмыстарының көлемі азайып, әр ұңғымадағы мұнай өндіру есебі бірыңғайланды. Жинақталған тәжірибеге орай «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобына тарату мақсатында барлық қор және мұнай мен газ өндірудің 80 пайызға жуығы келетін бірқатар негізгі кен алаңдары іріктелді. 2017 жылы ЕМГ-да «Цифрлы кен алаңы» тұжырымдамасы Прорва кен алаңдары тобына да таратылып, биылғы жылы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нің Жаңаталап кен орнына енгізілуде.
– Қазіргі таңда ірі мұнай компанияларының барлығында дерлік интеллектуалды кен алаңы тұжырымдамасын әзірлеп, енгізумен айналысатын бөлімшелері бар. Жалпы алғанда, әлемдік мұнай-газ саласы интеллектуалды кен алаңдарын құруға алдағы 5 жылда 1 млрд доллардан астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Сондықтан біз мемлекет пен бизнес, IT саласында қызмет көрсететін компаниялар мен мұнай компанияларының арасында ашық пікір алмасу алаңдарын қалыптастыру, мұнай өндіру саласындағы озық сандық технологияларды таныстыру мақсатында аталған форумды ұйымдастыруды жөн санадық, – деп атап өтті ЕМГ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.
Форум барысында қатысушы делегаттарға 11 баяндама оқылып, таныстырылды. Оның ішінде, 8-і – Microsoft, IBM, Schlumberger сынды компаниялардан келген халықаралық сарапшылар дайындаған жұмыстар. Цифрландыру жүйесінің келешектегі мәселелері, қауіптер және басқа да туындаған сауалдар Энергетика вице-министрі Б.Ақшолақовтың, халықаралық сарапшылардың, ірі мұнай-газ және сервистік компаниялар басшыларының қатысуымен пікір алмасу алаңында кеңінен талқыланды.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»