• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2018

Интеллектуалды меншіктің маңызы

954 рет
көрсетілді

Әнші, өнер қайраткері Мейрамбек Беспаевтың авторлық идеясы бойынша «Хабар» телеарнасынан «Жұлдызды жек­пе-жек» мега шоуының көрсетіле бас­та­ғандығына біраз уақыт болды. Онда елі­мізге танымал жас әншілер екеу­ара жа­рысқа түсіп, жанды дауыспен ән айта­ды. Же­ңімпазды Мейрамбектің өз жетек­ші­лік ете­тін білікті төрешілер алқасы айқын­дай­ды.

Менің өзіме көрермен ретінде бұл бағдарлама ұнады. Бірақ оның идеясы, өткізілу сапасы, жеңімпазды анықтау әдістері мен өлшемдері туралы әңгіме қозғаудан аулақпын. Өйткені мен оның маманы емеспін. Мені қызықтырғаны бұл бағдарламаның интеллектуалдық меншікке қатысты жақтары болды.

Кез келген әншінің өнері, композитордың әні, ақынның өлеңі, жазушының кітабы, суретші картинасы, мүсінші жасаған мүсін – мұның бәрі интеллектуалдық меншік нысаны болып табылады. Кең мағынасында алғанда интеллектуалдық меншікке өнертапқыштың ашқан жаңалығы, өндіріс технологиялары, тауар маркасы, фирмалық атау да кіреді. Өйткені олардың барлығы әуелгіде бір адамның басында идея ретінде қайнап шыққан да келе-келе материалдық игілікке айналған. Яғни өнер болса да, өндіріс болса да, кез келген жаңалықтың әуелгі баста белгілі бір авторы болатындығы анық. Интеллектуалдық меншік құқын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдардың қай-қайсысы болмасын, міне, осы авторлық құқықтың мемлекет деңгейінде ерекше қорғалуын ұйымға мүше кез келген елден талап етеді.

Әдетте мемлекет жекеменшік құқықты, соның ішінде материалдық, мүліктік құқықты қорғауда ерекше белсенді әрекет етеді. Меншікке қол сұғылмайтындығын, ондай оқиға орын алған жағдайда кінәлі адам қатаң жазаланатындығын ең алдымен елдің басты заңы – Конституцияда әйгілейді. Сондай-ақ осы істі әбден бекіту үшін көптеген қосымша ілеспе заңдар (Азаматтық кодекс, Қылмыстық кодекс, Салық кодексі, т.б.) шығарады. Бұл – дұрыс. Онсыз жер бетінде тыныштық болмайды. Экономика мен тұрмыс та дамымайды. Сондықтан жекеменшік құқықты қорғау – мемлекеттің қасиетті борыштарының бірі.

Бірақ өкінішке қарай, интеллектуалдық меншік құқын қорғауға келгенде әлемнің көптеген елдері әлі күнге дейін әлсіздік таны­туда. Өйткені көптеген елдерде қоғам­ның өзі бұл мәселеге әлі де толық дайын бол­­мағандығы сезіліп жатады. Мұндай кем­шілік, әрине біздің Қазақстан қоғамында да жоқ емес. Мәселен, өзіміз білетін сала – журналистика саласын алсақ, соңғы кездері ондағы қалам иелерінің арасындағы жекелеген шығармашылық байқаулардың әділ өтпейтіндігін сезіп те, байқап та жүрміз. Мұны журналистер арасындағы интеллектуалдық меншік пен құқыққа жасалған қиянат немесе шабуыл деп түсінгеніміз жөн. Егер біздің елімізде интеллектуалдық меншік туралы және оған қатысты заңдар әбден жетілген болса, қоғамымызда нарықтық экономика құндылықтары әбден қалыптасқан болса, мұндай әрекеттер заң жүзінде де, қоғам тарапынан да жарыққа шығып, айыпталған болар еді. Өйткені журналистің маңдайын терлетіп, көз майын тауысып жазатын әрбір шығармашылық еңбегінің (күнделікті ақпараттық хабарлар емес) астарында оның интеллектуалдық ақыл-ойы тұр ғой. Осындайда еске түседі, Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза секілді журналистика серкелері ат үстінде тұрған заманда мұндай кемшіліктер мен әділетсіздіктерге жол берілмейтін.

Мәселенің маңызды екендігіне көз жеткізу үшін жоғарыдағы «Жұлдызды жекпе-жекке» қайта бір оралайық. Онда жеңімпаз атанған әншінің қоғам алдындағы абырой-беделінің көтерілетіндігі, рейтингінің өсетіндігі анық. Осы­ған сай оның алдынан түрлі игіліктерге жол ашылады. Тойда ән салуға шақыру­шы­лар көбейіп, оның төлемақы ставкасы артуы, жеке өмірінде тағы басқа да жағым­ды жа­ңалықтардың орын алуы әбден мүм­кін. Мә­селен, «Turkvision» байқауына дейін­гі Жанар Дұғалова мен осы байқаудан кейінгі Жанар Дұғалованы екі басқа әнші деп қабылдауға бо­лады. Біріншісі – «KeshYou» тобы арқылы та­нылып келе жатқан жас әнші болса, екіншісі – бүкіл түркі әлеміне танымал қа­лып­тасқан кә­сіпқой әнші. Осыған сай оның жағ­дайы да, рей­тингі де керемет көтеріліп кетті деп есеп­тей­міз. Интеллектуалдық құқық­ты баға­лау мә­се­лесінің адам өміріне қан­ша­лық­ты өзгеріс енгізе алатындығын осыған қарап-ақ түсінуге болады.

БҰҰ аясында жұмыс істейтін Бүкіләлемдік интеллектуалдық меншік ұйымының елдердің үкіметтерімен «Тауар белгілерін заңсыз пайдаланумен күресу туралы» жасалынатын келі­сімдерінде «интеллектуалдық меншік құ­қын тиімді қорғау экономиканың барлық салаларында және бүкіл әлемде тұрақты эко­но­микалық өсімді қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие екендігі» атап көрсетілген. Мұның себебі түсінікті. Егер Генри Форд өзінің алғаш­қы машинасын жасап шығарған кезде оның бұл еңбегі мемлекет тарапынан патенттелмеген, яғни қорғалмаған болса (Фордта 161 патент бар), онда қазір бүкіл әлемді жаулап алған «Форд» автокөліктері мен оларды шығаратын әлем­нің әр шалғайында орналасқан жүздеген автозауыттар да болмаған болар еді.

Демек, интеллектуалдық меншікті бағалау мен қорғау шараларының әділдікпен жүзеге асуы – еліміздің болашағы үшін өте қажетті де маңызды іс. Осыған қоғам назарын аудара кеткенді жөн көрдік.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»