• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Сәуір, 2018

Бата бере білеміз бе?

2569 рет
көрсетілді

Осы күндері кейбір қариялардың бата берісіне, шыны керек көпшілік қауым­ның көңілі тола бермейді. Сон­дықтан өзімді мазалайтын бұл мәселе төңірегінде көп ойланамын. 

Көп­шілік жиналған жерде төрде отырған жасы үлкен кісіден алдымен бата сұрау үрдісі о бастан әдет-ғұрпымызда бар нәрсе. Бұл осылай жалғасып та келеді. Бірақ амал қанша, әттеген-ай дегізерлігі сол, ол әлгі бата беретін кейбір қариямыз ұзақ-сонар қара сөзге көшіп, жиналған жұртты жалықтырып алып жатады. Әбден төзімі таусылған халық бір-біріне қарап: «Бұл бата ма, жоқ әлде жарыссөз бе?» деп қынжылыс білдіре бастайды. Көпшілік ортада осындай келеңсіздеу оқиғалардан соң оңаша отырып ойға берілемін. Шын мәнінде қазіргі кезде біздің төрге оздырып, бата сұрап жүрген ақсақалдарымыздың көбісі, қарап отырсақ кезінде бірі партия, екіншісі кеңес пен комсомол қызметкері, яки болмаса ұжым басқарып, мекеме басшысы болған кісі. Бәлкім, солардың бәрі де сол кезінде мінберлерден сөз сөйлеп, әбден қалыптасып қалған адамдар болғандықтан, әлгіндей кіріспе сөзді көбейтіп жіберетін болар.

Бірақ дейді екінші ойым, солай болған күннің өзінде де жасына лайық қария­лықтың да өзіне тән ерекше қасиет­терін таразылай білуге болады ғой. Мысалы, батаның да түр-түрі бар. Атап айтқанда жас жұбайлардың үйлену тойларында, сондай-ақ сүндет тойға, қыз ұзатуға, жас келінге, шілдехана, тұсау­кесер, сапарға шығатын адамға, көші-қонға және тағы да басқа кәделерге байланыс­ты берілетін баталардың түрі көп-ақ. Бірақ осылардың бәріне орайластыра өз орын-орнымен, мән-мағынасына қарай, үйлесімді де тартымды етіп бата берудің өзі әрине шеберлік пен шешен­дікке келіп тіреледі. Дегенмен, екінің бірі шешен, ауылдың айтқыштары емес екенін де еске аламын. Сондықтан да сон­шалықты бір көсіле айтпаса да кәдуіл­гі күнделікті дас­тарқан батасын беру­ді жасы үлкендердің назарында ұстай білуі керек емес пе? 

Осындайда 92 жыл өмір сүріп өмірден озған әкем жарықтықтың: 

– Естеріңде болсын, бата беруді ешуақытта сұрап алушы болмаңдар. Кімге бата кезегін беріп, кімнен бата сұрауды үйдің иесі өзі шешеді. Себебі біреуге бата берушінің өзі ұнайды, сөзі ұнайды. Сол сияқты бата берушінің тектілігі мен оның имандылық қасиетіне де көңіл аударушылар көп болады. Осыны ескеріңдер, – деген сөзі есіме жиі оралады. 

Рас, қадір-қасиеті мен ерекше абы­ройға бөленген абыз ақсақалдардың батасын алу үшін сонау алыстан ат терлетіп, немере-шөбересін арнайы алып келіп жатқан ағайынды да талай көзіміз көрген. Өйткені дуалы ауыз, көпті көрген, жақсы қасиет пен үлгі-өнегені серік еткен айтулы тұлғаның бір ауыз жақсы батасын алуды ниет ет­кен­дер үнемі осылай етіп отырады. Ол ежелден келе жатқан, қанға сіңген дәстүр екені белгілі. 

Иә, дәл осындай аса қажеттілік болмаса да күнделікті өмірде дастарқан батасының өзін талғамға сай, өзіндік бағасын түсірместен жақсылап беріп отырғанға не жетсін. Бұл жерде көпке топырақ шашқандығым емес, әлгі төрде отырған қариялардың кейбіреулері осы бір бата беруге келгенде, ашығын айту керек, шорқақтық танытып жататынын көп кездестіреміз. Ұзақ-сонар аруақ тербеп тұрып алады. Ал керісінше, сол күнгі ниет-тілектің тақырыбына сай аз ғана сөзбен үлкен ой айтып, маңызды бата бере білетіндерді көргенде сүйсініп-ақ қаласың. Мысалы мен Бәйдібек ауданы Шаян ауылының тұрғындары Асқар Ағыбаев пен Жақыпбек Мұғалбаев ақсақалдардың батасын ұнатамын... 

Бірде үлкен астың кезегі келіп, қолына бас ұстаған сол үйдің ер-азаматы жасы үлкен ел ағасынан бата беруді сұрап еді, әлгі кісі қолын жайып алды да, ал сол үйдің үрім-бұтағын бастан-аяқ бірін қалдырмастан атын атап, түсін түстеп, бала-шағасының қай оқуды қашан бітіріп, қандай қызмет істеп жатқанына дейін тізбектей ала жөнел­месі бар ма. Бас күтіп ол тұр. Дас­тарқан­дарға тартылатын тамақтар да кезек күтіп қалды. Табақ ұстағандардың екі көзі төрдегі қарияда. Әй, әйтеуір осылай әбден сарылтып барып әрең дегенде «әуминге» келді-ау әлгі қариямыз. Бұл не сонда? Батагөйлік пе әлде сөзуарлық па? Алдына келген асты соншама ұзақ күттіріп қоюдың қаншалықты қажеті бар? Тіптен мұнысы ерсі екенін ескермеген әлгі егде кісінің бұл қылығын шыны керек, жақтыра қойған ешкім болған жоқ. Мысалы осындайда:

Әкеле ғой балам, қолыңдағы  басыңды,  Адал қылсын Алла тағала бізге берер асыңды.  Жаратқан ием ұзақ қылып жасыңды,  Домалатсын өрге тасыңды, әумин! – десе жетіп жатыр емес пе?

Қысқасы, кез келген қария дастарқан батасын дұрыстап бере білуі керек және соған әзір жүруге де тиіс. Күнделікті көріп жүрміз, арамызда батагөй қариялар аз емес. Бірақ өкінішке қарай, екінің бірі олай бола бермейді. Міне, осы мәселеге келгенде көңіліміз әжептәуір-ақ жабырқап қала береді. Өзімнің өткен жолдарыма қарап отырып, бата беруші қариялардың бүгінгі тынысын ой сараптауына саламын. Сондағы менің көзімнің жеткені, бүгінгі қария­ларымыз бата беруге келгенде көп іздене бермейді, тіптен ізденісі былай тұрсын, «жасыма қарай бата беріп, дастарқан қайыру міндетіміз ғой» деп түсіне де біл­мей­тіндерді кездестіргенде өзегің ашиды.

Бұдан 30-40 жыл бұрын Ордабек Айнабеков деген жасы үлкен ағамен бірнеше рет тұздас-дәмдес болған кезім­де ол кісінің көбіне батаны өз сөзі­мен үйлестіре білетін ерекше қа­сиетіне тәнті қалатынмын. Бір дастарқан басында: 

Әумин десең берейін бата,  Қолдасын Қыдыр ата.  Бақ берсін, бас берсін,  Өміріңе ұзақ жас берсін.  Кетпес ырыс, кең пейіл берсін,  Ырыстарың толып тұрсын.  Достарың басым тұрсын,  Дұшпандарың сасып тұрсын. Үйлерің толған ұл болсын,  Дұшпандарың құл болсын. Бала-шағаң аман болсын, Бейбітшілік заман болсын, әумин! –  десе, ал екінші батасын басқаша айтатын. Сонау 1988 жылы отбасымызда болған Шәмші ағаның: Көргенің рахат болсын,  Жүрген жерің рабат болсын!  Екі тойың қатар болсын.  Дастарқаның берекелі болсын,  Әр күнің мерекелі болсын. Шайың қызыл болсын,  Ғұмырың ұзақ болсын.  Несібең тола берсін, Дұшпаның қаша берсін!  Шаңырағың Кремльдің сарайындай  биік болсын, Босағаң Ақсақ Темірдің  дарбазасындай берік болсын.  Беттеріңе түскен әжім, Қасірет табы емес,  Шат күлкінің ізі болсын, әумин! – деп берген батасына риза көңілмен қол жай­ған болсақ, сол сияқты Мұзафар Әлім­­баев­тың қысқа-қысқа, әрі нұсқа боп келетін: Арманың абзал болсын,  Алдыңда ақ жол болсын! 

* * *

Сөзің аталы болсын,  Досың опалы болсын.  Ісің сапалы болсын,  Ердің қатары толсын! 

* * *

Әз арманмен арындар,  Жолдарыңыз көп болғай! Махаббатпен жалындар, Думаныңыз көп болғай!  Атасына тартатын,  Ұлдарыңыз көп болғай!  Шешесіне тартатын,  Қыздарыңыз көп болғай, әумин! – деген баталарын да талай-талай естігеніміз бар.

Жалпы, бата туралы айта берсек, әңгіме көп. Бірақ тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, берілетін әрбір бата­ның мазмұнды да мағыналы әрі әсерлі естілуіне көңіл бөле білгеніміз жөн сияқты. Көпшілік күтіп, сізден қалап отыр­ған батаның мәні мен сәнін, береке­сін кетірместен нақты-нақты, түйіп-түйіп айтып, ұзын-сонар сөзге айналдырып жібермегеніміз абзал. Бата сұрады ма сол білетін батамызбен ғана шек­теліп, өзгенің алтын уақытын алмағаны­мыз дұрыс. Сосын тағы бір айта кетейін дегенім, кейбір қариялар батаны орнынан түрегеп беретін болып жүр. Бата де­ге­німіз тойдың сөзі емес, аталы сөз еке­нін есте ұстамаймыз. Сіз не дейсіз ағайын? 

Серікбай ТҰРЖАН,  Бәйдібек ауданының  құрметті азаматы

Оңтүстік Қазақстан облысы