Белгілі қаламгер, курстасым, әріптесім Жоламан Бошалақтың 75 жылдық мерейтойына орай мақала жазып, ыстық лебіз, игі тілегімді білдіру мақсатымен қолыма қалам алғанда бұған дейінгі жарты ғасырдан астам өміріміз көз алдымнан бейне кино таспасындай сырғып өте берген. Жолекең еліміздің батыс өңірінен 1966 жылы сол кездегі С.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскенде жасы әлі айхай жиырма беске жете қоймаса да, боз жорғадай бозбалалықтан арыла қоймаған біздер үшін сақа жігіт болып көрінетін еді. Солай екен. Орта мектептен соң ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесін үздік бітіріпті. Кеңшарда түрлі жауапты жұмыстар атқарған. Газеттерге мақала, сықақ өлең, әңгімелері шығады. Бірте-бірте әдеби ортаға ойысады. Сөйтіп университетке өмір өткелдерінен өтіп келіпті. Сондықтан болар, біздер Жолекеңе қызыға қарадық.
Бір сөзбен айтқанда, ол бізге аға, біз оған іні бола білдік-ау деймін. Үнемі әзілдеп күле сөйлеп, арқамыздан қағып қанаттандырып отыратын Жолекең өзгені де сыйлап, өзін де сыйлата білетін. Біз Баққожа Мұқай, Шөмішбай Сариев, Жақау Дәуренбековпен бөлмелес болсақ, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев, Аманжол Арғынгелдин қашанда Жолекеңнің жанынан табылатын. Ал бұл азаматтарды көзі ашық, көңілі ояу жандарға таныстырудың қажеті шамалы деп ойлаймын.
1971 жылы оқу бітіріп жатқан шақта шаңырақ көтерген Жолекең өмірлік қосағы Гүлжауһармен қол ұстасып сол кезде Шевченко деп аталатын бүгінгі Ақтау қаласына бет алған. Негізі Жолекеңнің ата-бабасы маңғыстаулықтар. Ал өзі Атырау облысының Жылой өңірінде туып-өсіпті. Сонау отызыншы жылдардағы қысталаң шақта ата-аналары амалсыздан Ақтөбе жаққа ауа көшуге мәжбүр болды. Содан тек соғыстың алдында ғана оралыпты. Тегінде Жоламан кейінде бір ұлттың абызына айналған көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың ағайыны, ауылдасы. Әкесі Оңдыбайдың туған жері Қаратаудың бөктеріндегі Оңды ауылы. Жолекең оқу бітіргелі жатқан шақта Әбекеңнің жасы отыздан енді асқанмен есімі қалың қазағына әбден танылып қалған шағы еді. Сол жақсы ағасы інісіне таяу жылдары Маңғыстау жағында мәні зор жаңалықтар болып қалуы әбден мүмкін, сондықтан ел жаққа барғандарың дұрыс деп ақылын айтады.
«Ағаның ақылы және республика Орталық партия комитетінің жолдамасымен Шевченкоға келдік. Мұнда қазақ тілінде шығатын не қалалық, не облыстық газет жоқ екен деп еске алады әріптесіміз. Қалалық телестудияның ашылғанына әлі бір жыл толмаған. Гүлжауһар екеуміз де сонда жұмысқа орналастық. Ең қызығы сол, айналдырған он бес күннің ішінде бас- паналы болдық».
Осы арада бастапқыда аға редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор болып қызмет еткен жас маман арада сегіз жылдан соң Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға аттанады. Партия мектебін бітіріп келген соң Мұнайлыда екі тілде шығатын «Мұнайлы жаңалығы» атты аудандық газеттің редакторы болып тағайындалады. Одан облыс орталығына қайта оралып, облыстық телевизия және радио хабарлары комитеті төрағасының орынбасары, телестудия директоры болып қызмет атқарады. Ал егемен ел атанып, тәуелсіздікке қол жеткен шақта екі жылдай облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің басшысы болғаны да бар.
Сөз орайына қарай айта кетейін, сол шақта мен Семейден Алматыға көшіп келіп «Қазақстан коммунисі» журналында қызмет еттім. Елге жиі шығып тұратынмын. Алғашқы іс- сапарларымның бірінде Ақтау, Атырау жағына жол тарттым. Бұл Жолекеңнің облыстық телеарнада басшылық қызметте жүрген кезі. Бірақ мен Ақтауға келгенде курстасым Кавказ жақта демалып жатыр екен. Гүлжауһар курстасымның жұмыс орнына барып жүздестім. Облыс орталығындағы жұмысым орындалған соң Маңғыстау ауданы арқылы Атырауға жүрмек болғанда, Гүлжауһар облыс орталығына жиналысқа келе қалған сол ауданның бірінші басшысымен таныс- тырып ілестіріп жіберді.
Жолда келе жатқанда жасы менен кіші әлгі бауырым маған: «Дәуке, бұл жаққа адайларды көруге келдіңіз бе?» дегені. Бұл сұрақтың мәнісін түсініңкіремеген мен «Неге олай дейсіз?» деп қарсы сұрақ қойдым. Аудан басшысы бір күліп алып, оның себебін айта бастағанда бәрі түсінікті болды. Сөйтсек, менің алдымда осы өңірге келген абайлық жазушы, ғалым інім Тұрсын Жұртбай бұларға «Маңғыстауға адайларды көру үшін келіп отырмын» деген екен.
Жолекең қай жерде де, қандай жұмыста да абыройлы болды, іскерлік қабілетін байқата білді. Облыстық «Маңғыстау» газетіне сегіз жыл бас редактор болуы соның айғағы. Қазақстан Журналистер одағының облыстық басқармасына төраға болып сайланды. Бірнеше мәрте жергілікті мәслихаттың депутаты да болды. Облыс қаламгерлері атынан республика журналистері құрылтайына екі рет делегат ретінде қатысты. Шетелдік делегациялар құрамында ел, жер көрді. Жоғары марапаттарға ие болды.
Жоламан Оңдыбайұлы 11 жыл ел газеті «Егемен Қазақстанның» Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі болды. Осы тұста жұмыстас ретінде газет ұжымы мен басшылығының Жолекеңді қайраткер журналист, ақылшы аға ретінде қалай сыйлап, қалай сый-құрмет көрсеткенін көзіміз көрді.
Біз – республикамыздың бас газеті – «Егемен Қазақстаннан» зейнеткерлікке шыққан ардагер журналистер бір-бірімізбен, редакциямен жиі хабарласып тұрамыз. Бір-бірімізге, ұжымға игі тілек тілейміз. Сол орайда Жолекеңнің Ақтау қаласының және Мұнайлы ауданының, сондай-ақ Атырау облысы Жылыой ауданының құрметті азаматы, КСРО телевизия және радио ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі болғанын естіп бірге қуандық. Тағы бір атап айтарлығы, Ақтауға оны әр жылдары кешегі мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Баққожа Мұқай, бүгінгі қазақ әдебиетінің танымал тұлғалары Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаевтың әдейі іздеп барғандары да есімізде. Мұның өзі халқымыздың «Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтайын» деген аталы сөзін еске түсіреді.
Біз, курстастары Жолекеңнің отбасында да сыйлы екендігін жақсы білеміз. Соның бір айғағындай Гүлжауһар оның өмірдегі жақсы тірегі бола білсе, өзі құдай қосқан қосағының шығармашылықпен алаңсыз айналысуына жағдай жасады. Ол сырқаттанып ұзақ жатқанда, балаша бағып күтті. Соның дәлеліндей Гүлжауһар курстасымыздың артында оннан астам жыр жинағы қалды. Мұның сыртында маңғыстаулықтар бүгінде Гүлжауһардың туған тіл жанашыры болғанын жыр ғып айтып жүргенін де естиміз. Тегінде алғаш университетке оқуға түскенде курстағы жиырма бес студенттің бәрі ақын болатын. Кейінде солардан Гүлжауһар Сейітжан мен Шөмішбай Сариев қана поэзияға адалдығын сақтап қалды.
Біздің қадірлі курстастарымыздың қызы Жанар мен ұлы Серіктен төрт немересі бар. Жолекеңе енді солардың қызығын өзіңіз көріңіз дейміз. Гүлжауһардың жасай алмаған жасын өзіңіз жасап, жасы тоқсаннан асып өмірден өткен Ақсүйрік анамыздың жасын өзіңізге артығымен берсін дейміз! Жоғарыда айтып өткендей, сіз журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен, адал еңбегімен абырой биігіне шыққан азаматсыз. Осындай өнегелі өміріңіз кейінгі жас толқынға жұғысты болғай!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Алматы