Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр Жолдауында білім саласын жеке бөлім ретінде көрсетіп отырады. Өйткені білім – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты құралы. Сондықтан бүгін қандай жетістікке жеткенімізді талдап, алдағы басымдықтарды, проблемаларды, оны шешу жолдарын және міндеттерді анықтап отырғанымыз жөн. Бұл ретте еліміздегі сырттай оқыту жүйесінің сапасы жайын айналып өте алмаймыз. Өйткені біздегі жоғары оқу орындарын бітірушілердің көбін сырттай білім алушылар құрайды. Кеңестік заманда маман тапшылығына байланысты еріксіз енген бұл үрдіс бүгін қаншалықты маңызға ие? Сондықтан күндізгі және сырттай білім алушылардың арақатынасы туралы үнемі айтылып отырған дұрыс.
Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, биыл жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жалпы 496 209 студент болатын болса, соның 84 445-і, яғни 17 пайызы сырттай білім алып жатыр. Ал 2017 жылғы түлектер саны жалпы 127 084 болса, соның 31 172-сі, яғни 24,5 пайыз түлек сырттай диплом алып шыққан.
Әрине нәтижеге нақты қадам баса білетін, дербес жұмыс істейтін және жауапты адамдар үшін сырттай бөлім өте тиімді болуы мүмкін. Сәйкесінше, аталған оқыту жүйесімен толыққанды білім алып шығады деу де сыңаржақ пікір. Қарап отырсақ, қазіргі орта буын өкілдерінің көбі сырттай білім алғандар. Санға сапа сәйкес келеді деу де күмәнді екені шындық. Бұл ретте сырттай оқытудың мәселесін майшаммен қарап, біржола жауып тастаумен де мәселе шешілмейтіні белгілі.
Кадр тапшылығынан басталғанСырттай оқытудың сынға ұшырап келе жатқаны биыл ғана емес. Жемісі аз жүйенің жеткіліксіз жолдары әр кезеңде талқыға түсіп келеді. Бұрын экс-министр Жақсыбек Құлекеев те бұл мәселені көтерген болатын.
Бізге сырттай оқыту жүйесі революциядан кейін Кеңес өкіметінде кадр тапшылығына байланысты енген болатын, – деген ол. – Институттарда, университеттерде, ғылыми орталықтарда жұмыс істейтін азаматтар революциядан соң жаппай шетелдерге кету салдарынан маман тапшылығы пайда болғаны белгілі. Соны жою үшін жоғары білімі бар, белсенді азаматтарды іріктеп алып, қысқа мерзімді «қызыл профессуралар» дайындайтын курстардан өткізіп, оларға профессор деген атақ беріп, университеттерге дәріс беруге жібергені тарихтан белгілі. Түпкі мақсат – әрине жақсы идеологтар арқылы Кеңес өкіметінің саясатын жан-жақты насихаттау. Соның салдарынан қысқа мезгілдің ішінде талабы зор, жаңа коммунистік идеологияны жан-тәнімен қолдайтын, талантты адамдардан ғалымдар мен профессорлар жасақталды. Сол секілді революцияға белсене араласқан, бірақ сауаты төмен азаматтарды да әртүрлі қызметке тарту керек болды. Бұл үшін сауатсыздықты жою керек еді. Соған сәйкес жаппай сауаттандыру бағдарламасы бойынша ересек азаматтарды оқытудың «кешкі мектеп» деген үлгісі қолға алынды және мұндай дәрістердің басым бөлігі жұмыстан кейін ғана жүргізілді. Сол кезеңде жаппай сауатсыздықты жою үшін жүргізілген осындай саясаттың пайдасын біз жоққа шығара алмаймыз. Себебі сондай табанды жұмыстың арқасында қысқа мезгілде Кеңес өкіметінде сауатсыздық түгелдей жойылды.
Ендігі мақсат сол жартылай сауаты бар кешегі революционерлер мен саяси белсенділердің ішінен қоғамға қажет жоғары білімі бар басшылар дайындау мәселесі еді. Бұл үшін не істеу керек? Барлығы дерлік жұмыста. Демек, сол заманның сұранысына сәйкес азаматтардың жұмыстан қол үзбей, жоғары білім алуына жағдай жасау керек болды. Осы өзекті мәселені шешудің ұтымды жолы – жоғары білім берудің сырттай оқыту жүйесін қолға алу еді. Оны да Кеңес өкіметі жылдам жолға қойды. Міне, сырттай оқытудың ошағы осы оқиғалармен байланысты.
Жоғарыда айтып өткендей, сырттай оқыту революциядан кейінгі кадр, білікті мамандар тапшылығынан туындаған жүйе. Қазір елімізде жоғары білім беретін оқу орындары, оның күндізгі бөлімінде оқитын студенттерінің саны қоғамның сұранысын жабуға жеткілікті. Ал сырттай оқып, қолына диплом алған, бірақ білімі төмен азаматтың мына заманда қоғамның дамуына қосар үлесі шамалы. Қазір заман басқа. Қоғамға білімі жетік, ойы ұшқыр, жаңа заманның толқынына төтеп бере алатын жастар қажет. Оларды сырттай оқыту жүйесі арқылы дайындау мүмкін емес. Кезінде қысқа мерзімге ғана арналған білім берудің сырттай оқыту жүйесі өміршең болып, жұмысын осы уақытқа дейін жалғастырып келе жатқаны өкінішті жағдай. Бізге дәл қазіргі уақытта студенттердің санын сапасыз білім алған жастар арқылы жасанды түрде көбейтудің еш қажеті жоқ. Бұл жүйені одан әрі сақтау жастарды алдап, қоғамның болашағына балта шапқанмен бірдей. Сондықтан сырттай оқыту жүйесінен арылатын кезең жетті. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде мұндай оқыту жүйесі жоқ. Ендігі уақытта «Балам қолына бір парақ қағаз алса болды» деген арзан намысқа шек қоюымыз керек. Жастарға бір парақ қағаз емес, сапалы білім қажет екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Нарықтық экономикада азаматтардың біліктілігін көтеруге бағытталған, қосымша білім берудің заманауи басқа жүйелері бар. Соны дамытқан жөн», дейді Ж.Құлекеев.
«Part time» дегеніміз не?Бүгінде әлемнің кез келген дамыған мемлекетінің білім жүйесінен сырттай оқыту дегенді кездестіре алмаймыз. Салыстырып қарайтын болсақ, білім жүйесінде көпке үлгі Америкада сырттай оқыту жоқ. Біз сырттай оқытуды америкалықтардың part time деген жүйесімен шатастырып жүруіміз де мүмкін. Рart time – мүлде басқаша ұғым. Біздің түсінгенімізше, олардағы «Part time» full time үшін қажетті межеден аз кредит алатын студенттерге арналған жүйе. Мысалы, университет бағдарламасы бойынша, full time студент болу үшін, бір семестрде 9 кредит алу керек болады. Ал part time студенттері бұдан аз кредитке ие. Яғни оларда біздегідей жұмыс істейтін, яки семестріне 9 кредит алуға уақыты жоқ студенттер бір семестрде 3 кредиттен тұратын бір пәнді ғана оқып, сәйкесінше, соның ақшасын ғана төлейді. Бірақ аталған жағдайда оқу мерзімі ұзақ, мысалы, белгіленген 4 жылдың орнына 8 жылға дейін созылуы мүмкін. Міне, part time деген – осы. Оқуға келген адам full time жүйесіндегі қалған барлық шәкірттермен бірге бір пәндерді оқиды, бірақ өзіне қажетінше олардан 1 не 2 кредитті төмен алады. Part time жүйесін осылай түсіндіруге болады. Десек те, бұл біздегі сырттай оқу жүйесінен мүлде бөлек. Яғни, Америкада сырттай оқу мүлде жоқ деуге болады. Ал part time сөзін дұрыс аударсақ, ол шамамен шәкірттер үшін аз жүктеме дегенді білдірсе керек.
Сырттай оқытудың сыртындағы сыбайластықЖә, жоғарыда айтылған жайттардың барлығын сырттай оқытудың ішіндегі мәселе дейік. Алайда сырттай оқытудың сыртындағы көлеңкелі мәселелер ше? Олар қордаланған сайын қоғамның бет-әлпеті өзгере берері айқын. Бүгінде сырттай оқытудың жемісінен гөрі жемқорлығы басым деген сөзді де көп еститініміз өтірік емес. Жуырда қарағандылық блогер Айсұлтан Жақыпов есімді азамат кеншілер астанасындағы «Rеal» сауда орталығында жүргізген «Біздің елімізде жоғары оқу орындарының дипломын оқымай-ақ сатып алуға бола ма?» деген сауалдамасына қарапайым тұрғындардың көбі ойларын ашық айтып, дипломды сатып алуға болатынын жасырған жоқ. Алайда нақты деректерге сүйенетіндей, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жоғары оқу орындарынан пара берушілікке немесе пара алушылыққа қатысты арыз түспейді дейді. Оның себебі де белгілі. Өйткені жең ұшынан жалғасқан парақорлыққа әдетте екі жақ та мүдделі болады. Жалпы, еліміздегі жоғары оқу орындарында парақорлыққа қарсы күрес бұрыннан жарияланған. Кезінде Білім және ғылым министрі болған Аслан Сәрінжіпов, әсіресе сырттай білім алушылар санын екі есеге қысқартуды да осы мәселеге қатысты айтқан болатын. Сөйтіп экс-министр А.Сәрінжіпов «көк» қағаздың күшіне сеніп, «қызыл» диплом алуға дағдыланғандардың жолын бөгемек болған. Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайтынын осындай жайттардан-ақ анық аңғарамыз.
Бұл мәселеде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жуырда Алматы қаласы әкімдігі және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қолдауымен бірлесіп өткізген жоғары оқу орындарының «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты республикалық форумында білім саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті тұстары бар екенін айтып өтті. Агенттік төрағасы өзінің сөзінде елімізде жемқорлық деңгейінің төмендеуіне қарамастан, білім жүйесінде жемқорлық қаупінің бар екенін жеткізді. Яғни білім және ғылым гранттарын бөлу, бюджет қаржысын игеру, басшы құрамды іріктеу, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің категориясы мен жүктемесін анықтау жұмыстары ашық жүргізілмейді, жемқорлық қаупін анықтау жүйесі мен сараптама жасау жоқтың қасы, жемқорлыққа жол берген қызметкерлері үшін басшылар жеке жауапкершілікке тартылмайды. «Бүгінде еліміздің түбегейлі жаңаруы жағдайында адами капиталды дамыту міндеті алдыңғы орынға шығуда. Өйткені бұл Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына енуінде маңызды шарт. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы 15 жыл ішінде білім саласына жұмсалған қаржы 10 есеге артты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық білім кеңістігіне батыл ене түсті. Дегенмен білім саласы жемқорлық қаупіне тым бейім болып отыр. Біз жемқорлықты жою шаралары көпшіліктің, соның ішінде білім саласындағы адамдардың қолдауына ие болады деген сенімдеміз», деді А.Шпекбаев.
ТүйінҚорыта айтқанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес, білімнің құрылымы мен даму үрдісіне үнемі талдау жасап, жоғары білім беру сапасын арттыру шараларын жан-жақты жетілдіре берген жөн. Бұған дейін де Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Білім және ғылым министрлігі білім саласы бойынша әлемдік тәжірибемен жете танысып, нақты зерттеулер жүргізіп келеді. Талдау жасау барысында әлемде жоғары білім алушылар саны жыл сайын артып отыратындығы белгілі болған. Нәтижесінде, жоғары білімді кадрлар даярлау жылына 6 пайыз көрсеткішпен қарқынды дамып келеді. Статистикаға сүйенсек, кейінгі 10 жылда жоғары білім алушы жастардың саны 65 пайызға, яғни 65 млн-ға өскен көрінеді. Бұл көрсеткіш, жалпы алғанда халықтың білім деңгейін арттырғанымен, әлемдік сарапшылар жоғары білімнің жаппай берілуі білім сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда. Ал дамушы елдерде жұмыссыздықтың көбеюі орын алмақ. Осы орайда Қазақстанның бұл көрсеткіштерді басып озуы алаңдатады. Соңғы 10 жыл ішінде еліміздегі студенттер саны 170%-ға өскен. Шындыққа тура қарайтын болсақ, Қазақстандағы студенттер саны тым артық. Бұған жоғары оқу орындарындағы сырттай оқу жүйесінің ықпалы едәуір екенін сөзіміздің басында айттық. Сонымен қатар сырттай оқыған жастардың әрбір екіншісінің мамандығы бойынша жұмыс істемеуі де көңілге көлеңке түсіреді. Дайындығы аз және үлгерімі төмен жастар жоғары білім алуда неғұрлым қысқартылған бағдарламамен оқуды, сондай-ақ аз қаражат жұмсауды көздейтіні белгілі. Осылайша, еліміздегі жоғары білімді мамандар саны күрт артқанмен, сапалы мамандардың саны азайып шыға келеді. Бұл ел экономикасының едәуір құлдырауына әкеп соқтырады. Сол себепті Білім және ғылым министрлігі «Білім туралы» заңға барынша өзгерістер енгізіп, жоғары оқу орындарындағы сырттай оқыту жүйесін тағы бір таразыласа дейміз. Әрине бұл өзгерістердің бүгінде жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттерге зардабы тимеуі шарт.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»