• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Бокс 04 Мамыр, 2018

Головкин-Мартиросян жекпе-жегінен не күтеміз?

505 рет
көрсетілді

Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжы­рым­дары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен америкалық боксшы Ванес Мартиросян (36-3-1, 21 КО) 5 мамыр (Астана уақытымен 6 мамыр) күні АҚШ-тың Калифорния штатындағы Карсон қаласында орналасқан Stub­Hub Center аренасында жекпе-жек өткізеді.

Биылғы көктемнің ең ма­ңыз­ды жекпе-жегі мексикалық Сауль Альварес пен отандасы­мыз Геннадий Головкин арасында өтуі керек болатын. Алай­да мексикалық боксшы кленбутеролмен ұсталып, Невада ат­летикалық комиссиясы оны тыйым салынған дәрі қолданды деп, жарты жылға бокстан шет­тетті. Бесінші мамырдағы Голов­кин-Альварес кездесуі кейінге шегерілген соң, Головкин жанкүйерлеріне уәде еткендей дәл сол күні жекпе-жек өткізуге ниетті болды. Сөйтіп Геннадий 5 мамыр күнгі айқасқа өзі­не қарсылас іздей бастады. Отан­дасымызға қарсы шығуға Демет­риус Андраде, Джермалл Чар­ло, Сергей Деревянченко мен Гарри О’Салливан сынды бокс­шылар дайын екендіктерін жет­кізгенімен, оларға ұсынған сыйа­қы өте аз мөлшерде болған­дық­тан және тағы басқа себептермен бірқатары айқастан бас тартты.

Ал Геннадий Головкиннің IBF белбеуіне негізгі үміткер боксшы Сергей Деревянченконың командасы Головкиннің промоутеріне бірнеше рет жекпе-жек өткізуге ұсыныспен шыққанымен, оны Том Леффлер қайтарып тастады. Себебі дәл қазіргі жағдайда Головкин үшін Деревянченко қаржылық жағынан, көрермен тарту мен билет сату жағынан және тағы басқа талаптар бойынша өте тиімсіз қарсылас. 

Негізі Головкин әу бас­та Аль­вареспен жекпе-жек өт­кі­зе­тін болып келіскен соң, бүкіл дайындығы мен жоспарын соған қарай құрған болатын. Ал қысқа мерзім ішінде Голов­кинге қайтадан жоспар құру тиім­сіз еді. Сондықтан ол жұды­рық­тасу стилі мексикалық бокс­шыға сай келетін қарсылас іздеді. Іздегенге сұраған дегендей, Головкинге Мартиросян табы­ла қалды және оның шартына да көнді. Сондай-ақ Головкин үшін үміткерлердің ішіндегі ең қауіпсізі Мартиросян болды. Ванес 2016 жылы Эрисланди Ларадан жеңілгеннен кейін екі жылдай жекпе-жекке шықпаған және орта салмақта ешқашан жұдырықтасып көрмеген. 

Қалай қарасақ та, 5 мамыр­ға жоспарланған үлкен жек­пе-жектің орнына Том Лефф­лер Головкинге кездесу ұйым­дас­тырып берді. Дегенмен Голов­кин бәрін шегеріп қойып, алдағы Альварес, Сондерс немесе Деревянченкомен үлкен жекпе-жек дайындауы керек еді. Жалпы, 5 мамырда бізді алдамшы айқас күтіп тұр. Себебі екі боксшы да жақсы ақша табады және екеуі де тәуекелге бармайды. Былайша айтқанда, балықсыз жерде Мартиросян да шортан бола алады.

Жанкүйерлер арасында «Го­лов­кин неге дәл бұл датада жек­пе-жек өткізбекші?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Бұл сұрақтың жауабы мынадай: 1862 жылы 5 мамырда Пуэбло түбінде Мексиканың 4000 әс­кері 6500 адамы бар француз әс­керіне қарсы тұрып, жеңіске жеткен-тұғын. Головкинге де осы күні жекпе-жек өткізу үшін мексикалық боксшы керек болды. Дегенмен жанкүйерлердің де, ұйымдардың да көңілінен шығатын мексикалық боксшы табылмаған соң, бұл жолы мексикалықтың рөлінде Головкин, ал Ванес Мартиросян күтпеген жерден бас салған француз әскерінің рөлінде болмақ. Жанкүйерлердің Головкиннен күтетіні де осы – аяусыз жекпе-жек, афишада жазылғандай «mexicanstyle». 

Жекпе-жек қарсаңында әлемдік және отандық бокс сарап­шы­лары мен мамандар өз пікір­лерін айтып жатыр. Қазақстан кәсіп­қой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демья­ненконың айтуынша, Головкин күзге дейін рингке бір рет болсын шығып, шаршы алаңға бойын үйретіп алу керек дейді.

«Бұл Головкиннің карье­ра­сын­дағы орта деңгейлі бокс­шы­ның бірі. Дегенмен Головкиннің ұсынысына кім келісті, ол соны таңдады. Геннадий – орта салмақтың чемпионы және ол кім­мен жұдырықтасатынын өзі шешеді. Әрине Деревянченко Мартиросянға қарағанда лайық­ты қарсылас. Бірақ Геннадий тәуекелге барған жоқ. Ал жекпе-жекті 5 мамырда өткізуін дұрыс шешім деп қабылдаймын. Өйт­кені оған іс жүзінде тәжірибе ке­рек. Головкин былтырғы қыр­күйек­тен бері шаршы алаңға шық­қан жоқ. Сондықтан ол алда­ғы күзге дейін рингке бір рет бол­сын шығып, шаршы алаңға бойын үйрету керек», дейді ол. 

Ал америкалық бокс комментаторы Джек МакКаферри Головкин Мартиросянды таң­дап, дұрыс шешім қабылдады дей­ді. «GGG өте дұрыс шешім қабылдады. Ол барлық мүмкін­дігін іске салып, өзіне лайықты қарсылас тапты деп ойлаймын. Жалпы, «Канелоның» допинг-дауына іліккені Головкиннің бүкіл жоспарын жоққа шығарды. Сондықтан оның қазіргі таңда кез келген қарсыласты таңдауына құқығы бар». 

Головкин Мартиросянға қарсы жекпе-жекке барлық белдігін ортаға салып отыр. Бұған дейін Халықаралық бокс фе­де­рациясы (IBF) өздерінің бел­дігін Ванеске қарсы қорғауға қарсылық білдірген. Ұйымның айтуынша, қазақстандық боксшы міндетті қарсылас украиналық Сергей Деревянченкомен кездесуі керек болған. Алайда Геннадийдің командасы IBF ұйымынан белбеуді қорғау мерзімін кейінге шегеруге рұқсат сұрап, аталған ұйымға 20 мың доллар өтемақы төлеген. Дегенмен IBF украиналық боксшымен қағаз жүзіндегі келісімшарт 3 тамызға дейін жасалуы тиіс. Бұл шарт орындалмаған жағдайда Головкин IBF белбеуінен айырылып қалуы мүмкін.

Сонымен қатар Головкин мен Мартиросянға Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) арнайы белдік жасатқан. Bats'il Ajaw Chiapas деп аталатын белбеу ресми нұсқасы бойынша «Нағыз батыр белбеуі» деген мағынаны білдіреді және ол WBC негізін қалаушы, Мексика президенті Адольфо Лопес Матеостың құрметіне арналған.

Бүгінге дейін Головкин-Мартиросян айқасына алты мыңға жуық билет сатылған екен. Бокс кешінің ең арзан билеті 53 доллар болса, ең қымбат билет 767 доллар көлемінде. Ресми мәлімет бойынша StubHub Center аренасының сыйымдылығы 8 мың орын. Демек әлі де екі мыңға жуық билет сатылымда деген сөз.

Головкин-Мартиросян бокс кешінде бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасатын отандасымыз Руслан Мәдиев те өзінің кезекті кездесуін өткізеді. Бүгінге дейін 11 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Мәдиев мексикалық Хесус Переспен айқасады. 

Перес те өте қарымды бокс­шы. Кәсіпқой бокста 21 жекпе-жек өткізіп, 16 қарсыласын мер­зі­мінен бұрын жеңген. 

Кеше StubHub Center аренасында жұдырықтасатын бокс­шылардың барлығы баспасөз мәс­лихатына қатысып, жекпе-жек алдындағы көз арбасу рәсі­мінен өтті. Жекпе-жекті аме­­ри­калық HBO телеарнасы тіке­лей эфирде көрсетеді. Өкініш­ке қарай, қазақстандық жан­күйерлер Головкин мен Марти­росянның қатысуымен өтетін бокс кешін отандық телеарна­лардан көре алмауы мүмкін. Өйткені еліміз бойынша бүкіл аймаққа таралатын, айқасты көрсетеді-ау деген негіз­гі үш телеарнаның бағдарла­малар кестесінен Головкин-Мар­ти­росян көрсетілімін таба алмадық. 

Сонымен екі боксшы айқасқа тас-түйін дайын. Сіз бен біз секілді жанкүйерлерге нағыз бокс кешін сыйлауға дайын екендіктерін де жеткізді. Ал енді Гена жеңе ме, Ванес басым бола ма, оған 5 мамырда куә боламыз. 

Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»