Қазіргі буын үшін көмескіленген болуы мүмкін, бір жылдары теледидардан жиі көрсетілетін «Көктемгі әскерге шақыру» атты ескі кино бар еді. Фильм желісін еске түсіру артық шығар, тек сол шығарманың атауының өзі мұрты тебіндеген бозбаланың бәрін елең еткізуі тиіс сияқты...
Бүгінде еліміз бойынша көктемгі әскерге шақыру науқаны қызу қарқынмен жүріп жатыр. 10 наурызда басталған Отан қорғаушыларды есепке алу жұмыстары 30 маусымда аяқталады. Осы аралықта толықтай тексеруден өтіп, солдат қызметіне жарамды жастар әскери борышын өтеуге алынады. Биыл әскерге шақырылғандардың қатарын 1991– 2000 жылдары туған бозбалалар құрап отыр.
Жалпы, ер-азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуі абыройлы іс. «Армия – өмір мектебі» деген қағида қай кезеңде де күшін жоймайтыны анық. Бірақ жастар арасында өз қалауымен әскерге сұранып барушылар қатары соңғы жылдары сиреп кеткен екен. Әсіресе бұл жағдай жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген жастардың арасында белең алып тұрғанға ұқсайды. Рас, 1990 – 2000 жылдары да бұл үрдіс мүлдем құлдырап, ел ішінде лажы болса әскерге бармай қалудың амалын іздегендер көп болған. Кейін жағдай түзеліп, әскери борышын өтеуге қызығушылар саны күрт өсті. Бұл еліміздің қадамы нығайып, әлем алдындағы абыройы арта бастаған кез еді. Әскери әлеуетіміздің артуы мен азаматтық өмірдегі әскери борышын өтегендерге деген сұраныстың туындауы әркімге Отан алдындағы қызметін қалтқысыз орындауға жол ашты. Қазір де бұл дәстүр жалғасын тауып отырғаны сөзсіз. Бірақ біздің әскери борышын өтеуге ынталы жастардың қатары азайды деген сөзіміздің де себебі бар. Осы мақаланы жазу үстінде біз әлеуметтік желі арқылы 19 бен 22 жас аралығындағы жас жігіттерге сауал қойып, аз-кем тәжірибе жасауды ұйғарғанбыз. Біз хабарласқан жиырмаға жуық студент жастың пікірі кереғар үш бағытта өрбіді. Негізінен жастардың әскери өмір туралы ақпараты мен түсінігі жеткілікті болғанымен, бес минутсыз маман атанғалы отырған түлектердің үштен екісі Отан алдындағы борышын өтеуге асығар емес. Яғни әскер жасындағы жігіттердің бір бөлігі бұл міндетті атқаруды маңызды деп санамайды. Олардың пайымдауынша, адам Отан алдындағы борышын басқа салаларда да еңбек етіп жүріп атқаруы тиіс екен. Ал екінші топ әскер қызметінде өткізуге тиісті уақытты, ол тіпті 1 жыл мерзім болғанына қарамастан, «бекерге өтетін уақыт» деп санайды-мыс. Біздің сауалымызға жауап беруге келіскен үшінші топ мүшелері болса, қазіргідей дамыған технология ғасырында әскери борышын өтеуге қатардағы жауынгерлер емес, арнайы әскери білімі бар жастар ғана шақырылуы керек деп ойлайды екен және осы бағытта қосымша даярлықтан өту мүмкіндігі қарастырылса, әскерге баруға дайын екендіктерін аңғартады. Әрине осы бір буындағы ұрпақтың өкілдері білдірген үш түрлі пікірді саралай келгенде, «Жастар әскерге баруға құлықты емес» деген кесімді пікір тумауы керек. Міндет пен жауапкершілік жүгі және отансүйгіштік сезімі қысқа сауалға қызбалықпен жауап беруден де жоғары екендігі сөзсіз. Сондай-ақ әскери борышын өтеуге өз еркімен ынта білдіруші жастар арасында негізінен ауылдық өңірлерде туған бозбалалардың қатары көп екені де бізді қуантады. Яғни түрлі себептермен жоғары білім алуға қолы жетпеген жас жігіт әскер қатарына баруға алдымен сұранады екен. Демек «Армия – өмір мектебі» деген ұстаным білім қуған бозбаладан бұрын, ауыр еңбектің дәмін бұғанасы қатпай жатып татқан ұлдарға жақындау болып тұр...
Біз осы «Оқыған жастар әскери борышын өтеуге неге асықпайды?» деген сауалды психолог-маманға да қойғанбыз. «Я» психологиялық орталығының директоры Маржан Еліқұлдың ойынша, бұл қалыпты жағдай болып саналатын көрінеді. Өйткені қаланың думанды өмірі мен алған білімнің нәтижесі кез келген жасты одан әрі талаптануға, жетілуге және дипломының жемісін жеуге алдымен ынталандырады. «Сол себептен де жастар алғашқы кезде әскерге баруға құлық танытпауы мүмкін, бірақ әскери міндетті өтеу туралы талап жастардың ойын өзгертері анық. Әрине бұл жағдайда әскердегі өмір туралы түрлі ақпараттардың да әсері болады. Мысалға, жағымсыз деректер. Әскердегі әлімжеттік, соққыға жығу, суицид пен кездейсоқ өлім сияқты факторларды жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне қазіргі ақпараттық қолжетімділік пен сенсация қуу онсыз да үркек көңілді жастың үрейін ұшыруы мүмкін. Жалпы, сіздер, журналистер ақпарат бергенде оның кері әсері туралы да ойлануларыңыз керек...» дейді психолог.
Рас, әскердегі әлімжеттік туралы ақпараттың жиі жарияланатынын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл еліміздің қорғаныс саласында орын алып отырған кемшіліктердің алдын алу мен салдарын жоюға деген ниеттен туған жариялылық талабы ретінде қарастырылуы керек сияқты. Өйткені қазақ әскеріне қатысты айтылған сын негізсіз емес. Бір-екі мысал келтірейік: жақында Қапшағай қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде оқыс оқиға орын алып, міндетін өтеуге шақырылған бозбала ауруханаға түсті. Автоматтан атылған 3 бірдей оқ жауынгерді ауыр жаралап, науқас қазір өмір үшін күресіп жатыр. Сол сияқты Талдықорған қаласындағы Қорғаныс істері департаментінің бастығы мен орынбасары арасындағы кикілжіңнен кейін мылтық атылып, департамент бастығы, полковник оққа ұшқан болатын.
Алайда ұқсас оқиғалардың себептері жария болған жайлар қазақ әскерінің ел алдындағы беделіне нұқсан келтірмесі анық. Демек жастардың әскери борышын өтеуге деген ынтасы мен сеніміне селкеу түсіретіндей көлденең себеп жоқ. Есесіне, Отан алдындағы азаматтық парызды өтеуге деген құлшыныс бозбаланың бойындағы намысты оятуы тиіс. Оның үстіне әскери борышын өтеу біздің елімізде арнайы заңмен реттеледі.
– Республика бойынша көктемгі әскер қатарына шақыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Алматы облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті де бұл науқанмен белсене айналысуда. Есеп бойынша бұл өңірден 1991–2000 жылы туған 1800-ден астам азамат әскер қатарына алынады. Бүгінге дейін үш жүзге жуық жас Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жіберілді. Жергілікті әскери басқару органдарының, денсаулық сақтау және құрылымдық күштердің өкілдерінен құралған шақыру және медициналық комиссиясы әскерге қабылданушыларды түбегейлі тексеруден өткізуде. Комиссия мүшелері әр үміткердің алған білімін, мамандығын, отбасы жағдайын, қызығушылықтарын, спорттағы жетістіктерін назарға ала отырып, денсаулық жағдайына қарай мерзімді әскер қатарына қабылдау туралы шешім шығарады, – деді бізге аймақтағы көктемгі әскерге шақырудың жайы туралы айтып берген облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Жанар Ержанқызы.
Жалпы, шекарасы шегенделген, әскери қуаты еселенген елде «Отанды кім қорғайды?» деген сұрақ тумауы тиіс. Біздің жағдайымызда Тәуелсіз Қазақстанның тыныштығын қазақ әскері қас қақпай қорғайтыны аян. Тіпті әйгілі қолбасшы Наполеон айтты дейтін «Өз әскеріне жағдай жасамаған ел, өзгенің әскерін асырайды» деген сөздің өзі қазіргі заман келбетіне келіңкіремейтін сияқты. Бүгінгі жаңғырған әлемде мемлекеттердің егемендігіне әскери қауіптен гөрі экономикалық бәсекеге төтеп беру жайы басты орынға шыққаны анық. Ал Қазақстанның дамушы ел ретіндегі әскери әлеуеті ауыз толтырып айтарлық. Дүниежүзі бойынша мемлекеттердің әскер қуатын салмақтайтын Global Firepower атты ұйымның осыдан сәл арыдағы деректері бойынша, Қазақстан рейтингке кіретін 133 елдің арасында 55-орыннан көрінген болатын.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы