Сан ғасырдан сүрлеу салып, адам баласымен бірге жасасып, жанының рухани азығы болып келе жатқан өнердің бірі – театр. Адамға сана бітіп, қиялдау мүмкіндігіне ие болды-ау деген замандардан, өз өміріне көз жіберіп, көкейіндегісін айтар көркем өнерінің орны – сахна. Дәл осы құдіретті сахна өнерінің ерекше түрі, қоғам мен адам өміріндегі орны бөлек саласы – қуыршақ театры.
Республикамыздағы ең ірі өнер ұжымдарының бірі болып саналатын Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры әлемдік шығармаларды ана тілімізде сахналауымен қатар, талантты әртістер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше толқынын тәрбиелеп шығарды. Алғашында балалар тәрбиелеу үшін ашылған бұл ұжым, үлкен шығармашылық ізденістер мен көптеген жаңашыл қойылымдарды сахнаға шығарудың нәтижесінде, балалар театры деген шеңберден шығып, қазақ сахна кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастырды.
Көрерменнің жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесіне кірбің түсірмеу жолында өнер ордасы 82-ші маусым барысында төрт мемлекетке бірдей жолдама алып, халықаралық театр фестивальдерінде еліміздің қуыршақ театры өнерінің мәртебесін асқақтатып, фестиваль төрінде халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Атап айтсақ, Бішкек қаласында өткен драматург, режиссер қуыршақ театрларының негізін салушы Виктор Александрович Швембергердің 125 жылдығына орай ІІ Халықаралық «Так-теке» қуыршақ театры фестивалінде режиссер Қубанычбек Адилов сахналаған А.П.Чеховтың «Каштанка» қойылымымен қатысып, «Классикалық шығарманы қуыршақ жанрында көрсеткені үшін» және «Ең үздік режиссура» аталымын иеленді; Кишинев қаласында өткен «Под шапкой Гугуцэ» Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Ешмұратова сахналаған «Қаңбақ шал» қойылымын 25 мемлекеттен келген өнер өкілдерінің назарына ұсынып, «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» дипломымен марапатталды; Татарстан Республикасында өткен ХІІІ түркі халықтарының «Наурыз» фестиваліне драматург Ә.Файзуллаұлының «Алтын адам» (реж.: Ю.Уткин) эпикалық спектаклімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Фестивальдер барысында театр ұжымы фестиваль қатысушыларымен жан-жақты тәжірибе алмасып, бүгінгі күнде балалар тақырыбында жазылған пьесаларды талқылап, кәсіби театр мамандары ұйымдастырған шеберлік сағаттарына қатысты. Осы тұста театр ұжымы Анкара қаласында болған жылғы қазан айының 19-27 аралығында болған, төрт түркиялық және алты шетелдік өнер ұжымы бақ сынаған III Халықаралық Анкара фестиваліне шақырту алып, кезекті өнер мерекесінде өнер көрсетті.
Еліміздің болашағы – ертеңгі тәртіпті, білімді, білгір ұрпақ екені даусыз. Сол тәртіпті, білімді, білгір ұрпақты өсіріп, тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Тәрбиенің тал бесігі біріншіден, отбасы болса, екіншіден, рухани азық сыйлайтын өнер ошақтары. Оның ішінде қуыршақ театрына жүктелетін мақсат пен мүдде жетерлік. Бала көрерменді спектакль арқылы тәрбиелеу, қиялын дамыту, жақсылыққа, ізгілікке үйрету, соларға арнап қойылатын спектакльдердің көрермендеріне түсінікті, баланың өз тілімен сөйлейтін, үнімен үндестік таба алатын «кілтінің» табылуы. 83-ші маусымында осыны алдыға мақсат етіп қойған ұжым маусым басталғалы балаларға арнап «Аква ертегі» (авт.: А.Сергеев, реж.: О.Ақжарқын-Сәрсенбек), «Сағыныш шөбі» (авт.:Р.Отарбаев, реж.: Р.Жаныаманов), «Тоба» (авт.: Е.Жуасбек, реж.: Ж.Жұманбай) спектакльдерінің шымылдығын түрді. Театр ұжымы «Қуыршақ театры – балаларға арналған театр» деген стеротипті бұза отырып, жоғары оқу орындарының студенттеріне, үлкендерге арналған спектакльдерді сахналай бастады.
Қазіргі қарбалас қоғамның түйіткілді мәселесіне айналған ата-ана мен бала арасындағы қатынас, дәлірек айтсақ ана қадірі, баласының еркелікпен жасаған қате қадамдары жайында қойылған «Ана жүрегі» (авт.Е.Ионов, реж.А.Зайцев) спектаклі өзінің тұрақты аудиториясын қалыптастырып, театртанушылар тарапынан оң пікір тудырды. Айта кетерлік жайт, спектакль ақпан айының 1-15 күндері аралығында Франция, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Өзбекстан және Қазақстанның үздік өнер ұжымдары қатысып, бақ сынап, өзара тәжірибе алмасқан «Откровение» V Халықаралық орындаушылық өнер фестивалінде қатысып, кәсіби сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Дәл осы екі қойылым бүгінгі қуыршақ театрына жаңа леп, өзгеше үн сыйлады. Мұндай шығармаларды сахналау өзіндік ізденісті, терең психологиялық зерделеуді, тіпті балалық мінез бен қасиетті игерген режиссураны талап етері анық. Осы тұста театр шет жақтан дарынды режиссерлер мен суретшілерді арнайы шақыртып, шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейінің күн санап өсуіне үнемі ықпал жасап отырады. Сонымен қатар сахналанған жаңа қойылымдарды кәсіби театр сыншыларының сараптамасынан өткізуді әсте дағдыға айналдырған.
83-ші маусымда Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы қатарынан бірнеше фестивальдерге шақырту алды. Атап айтар болсақ, IX Халықаралық «Петрушка Великий» (Ресей, Екатеринбург қ.) театр фестивалі, үлкендерге арналған VI Халықаралық «Соломенный жаворонок» қуыршақ театры фестивалі (Ресей, Челябинск қ.), VI Халықаралық «Чодари хаел» қуыршақ театры фестивалі (Тәжікстан, Душанбе қ.). Биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында еліміздің батыс бөлігінің Ақтөбе, Орал және қала аудандарында, шілдеде елордамыз Астанада, қазан айында Көшетау және Ақмола облысында, қараша айында Жамбыл облысында гастрольдік сапар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл тұста өнер ордамызға үнемі қолдау білдіріп, кәсіби тұрғыдан кемелденуге, қуыршақ театры өнерінің көкжиегінің қашан да кеңеюіне зор мүмкіндік туғызып отырған Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет және архивтер басқармасы екендігін ескергеніміз жөн. Ұжым тарапына артылған сенім ақталып, жоғарыдағы жоспарлар көрерменнің театр өнеріне деген көркемдік талғамын өсіріп, еркін де терең ойлауына, үздіксіз жұмыс жасауына түрткі болары сөзсіз.
Талғат ЕСЕНАЛИЕВ, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры, мәдениет қайраткері