Осыдан дәл 91 жыл бұрын, яғни 1927 жылдың 1 мамырында Стокгольмде 80 жасқа қараған шағында әйгілі спортшы Оскар Гомер Сван қайтыс болды. Бұл азаматтың есімі ең қарт Олимпиада чемпионы және Олимпия ойындарының ең қарт жүлдегері ретінде тарихта қалды. Ал сол скандинавиялық саңлақ жайында біз не білеміз?
Оскар Сванның өмірбаяны жайында күні бүгінге дейін көп айтыла бермейді. Бізге белгілісі ол 1847 жылы Гетеборг әкімшілік орталығына қарасты Вестра-Геталанд өлкесінде дүниеге келген.
Оскар да бала кезінен аңшылықпен айналысты. Уақыт оза құралайды көзге атқан мергенге айналды. Алайда ол заманда Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарын айтпағанда, Скандинавия түбегінің өзінде мергендер сайысы ресми түрде өтпейтін. Сол себепті де айтулы азаматтың нағыз кемелденген шағында дүйім жұрттың алдында өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатуға еш мүмкіндік болмаған.
Нысана көздеушілер сайысы 1896 және 1900 жылғы жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасына енген еді. Алайда Афины мен Париждегі додаға Сванның не себепті бармағаны бізге белгісіз. Әйтеуір, сол бәсекелер скандинавиялық сұрмергенсіз өтті.
Өзінің алғашқы Олимпиадасына Оскар Сван 1908 жылы қатысты. Ол кезде жасы 60-тан асып, сақалды қарияға күле қарағандардың қатары мол болды. Жастар жағы жымиды, сақа спортшылар миығынан мырс-мырс күліп қояды. Бірақ оған көңіл аударып жатқан Оскар жоқ. Табиғатынан байсалды, салқынқанды, анау-мынауға елең ете бермейтін ақсақал жарыс жолына шықты да, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Өрімдей жастардың барлығын артқа тастаған қарт спортшы айды аспанға бір-ақ шығарып, Лондон Олимпиадасын үш жүлдемен қорытындылады. Атап айтсақ, жылжымалы нысананы көздеу бәсекесі мен командалық сайыста бас жүлдені олжалады. «Жүгіріп бара жатқан елікті» ату бәсекесінде Оскар қола медальға қол созды. Зейнет жасындағы азаматтың бұл ерлігіне жүздеген мың жанкүйер құлшына қол соқты. Миллиондаған көрермен тамсана таңдай қақты.
Арада төрт жыл өткен соң Стокгольм Олимпиадасының алауы тұтанды. Өз жерінде өткен жарыстың жекелеген сайысында Сван қола алса, командалық бәсекеде топ жарды. Осылайша 65 жасқа қараған шағында Оскардың есімі ең қарт Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды. 1920 жылғы ғаламдық дода Бельгияның Антверпен қаласында ұйымдастырылды. Бұл жарыста Оскар Гомес Сван күміс медальды еншілеп, Олимпия ойындарының жүлдегер атанған ең қарт спортшысы атанды. Ол кезде Оскар 72 жастан асқан еді.
Оскар Сван 1924 жылы Парижде алауы тұтанған Олимпия ойындарына да қатысқысы келді. Алайда сол кездері денсаулығы сыр беріп, дүбірлі додадан шет қалды.
Жалпы, Оскар ақсақалға қатысты талай тартымды әңгіменің тиегін ағытуға болады. Мәселен, ұзын шашты, сақалды қария жарысқа үнемі қара пальто мен қара шляпа киіп шығады екен. Сондай-ақ көпшіліктің ортасында жүруді оның жаны қаламайтын. Қақ-соқпен де шаруасы жоқ. Ара-тұра біреулер келіп мазаламаса, сыр сандығын ашып, ұзын-сонар әңгіменің тиегін ағытуға да аса құлықсыз еді. Көбіне-көп жалғыз серуендеп, үнемі ой құшағында жүретін. Ал жарыс аяқталғаннан кейін әйгілі спортшы тек алтын медальды ғана өзіне қалдырады. Өзге жүлделердің барлығын не лақтырып тастайды, не көшеде кезіккен бөгде адамдардың қолына ұстата салады екен...
Міне, Олимпия ойындары тарихындағы жеңіс тұғырына көтерілген ең қарт спортшы Оскар Сван осындай азамат еді. Өзі қатысқан үш додада ол 3 алтын, 1 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Әрине, бұл – өте керемет көрсеткіш!
Байыптап қарасақ, Оскардың жүлдесі одан да көп болуға тиіс еді. Бірақ белгісіз себептермен құралайды көзге атқан сұрмерген 1896 жылғы Афины және 1900 жылғы Париж Олимпиадасына бара алмады. Ол кездері кейіпкеріміз небәрі 47 және 51 жаста болатын. 1904 жылы Сент-Луисте нысана көздеушілердің сайысы өтпеді. Еуропадағы саяси жағдай ушығып, І Дүниежүзілік соғыстың оты өршігендіктен 1916 жылғы Олимпия ойындары кейінге қалдырылды. Бәлкім Берлиндегі дода өткенде Оскар ата айды аспанға шығарар ма еді, кім білсін! Осылай тізбектей берсек, скандинавиялық сұрмергеннің несібесінен қағылған кездері де жетерлік екенін аңғару да қиын емес...
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»