Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» мақсатты бағдарламасы – ел дамуын заманауи қажеттілік талабына сай жаңа сатыға көтеретін бастама. Қазіргі таңда цифрландыру жұмыстары еліміздегі әрбір салада кең қолға алынған десек, Маңғыстау өңіріндегі бұл бағыттағы жұмыстар жайлы ауыз толтырып айтуға болады.
Биыл аймақта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды еңбек биржасы» іске қосылып, жыл басынан бері 4 мыңға жуық азамат Еңбек биржасына тіркелді. Жұмысты жеңілдетіп, жан-жақтылыққа бастайтын бағдарламаны жүзеге асыру барысында «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл ақпараттық жүйе жұмыс іздеушілерді және жұмыссыз ретінде тіркеуді, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғандарға жолдама беру және мониторингілеуді, жұмыспен қамту саласындағы есептілікті қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Жұмыспен қамту орталықтарына жыл басынан бері 11 978 адам жүгінген, яғни осы жүйеге тіркелген.
Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруда электронды еңбек келісімшарттарын тіркеу жүйесін енгізу болды.
– Бұл жүйе жалпы еңбек келісімшарттарының қоймасы және бүкіл республика бойынша жұмыс істейтін барлық еңбек келісімшарттарының электронды форматына көшуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыспен қамту үдерісін жеңілдетеді, яғни құжаттарды жинаудың қажеті жоқ. Өз кезегінде жұмыс беруші үшін қызметкерлердің қадрлық құжаттарын жүргізілуі жеңілдетілген және оңтайландырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жобаны әзірлеуші ретінде ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Үкіметке ұсынылатын заңнамаға түзетулер дайындау жоспарлануда, – дейді бұл туралы Еңбек басқармасының басшысы Шыңғыс Дүйсенов.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 49 453 зейнеткер тіркелген. Жаңа стандарттар бойынша зейнетақы алу үшін азаматтар енді «Азаматтарға арналаған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш бере алады. Бұл арқылы берілетін құжаттардың санының қысқаруына қол жеткізуге болады және барлық қажетті ақпарат автоматтандырылған базада ұсынылатын болады. Бұл өзгерістер зейнетке шығатын азаматтардың 70 пайызын қамтиды. Аталмыш жағдайда уақытты үнемдеу мүмкіндігі пайда болады, нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 10 күнен 8 күнге дейін қысқармақ.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы Маңғыстау облысының білім саласында да жүйелі қолға алынған. Жуырда аймақтың үш мектебінде IT-сыныптар ашылған болса, жаңа оқу жылына дейін тағы 33 IT-сынып қатарға қосылмақ. Ал Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылындағы мектепте IT-сыныппен бірге, IT алаң жасақталған.
– Алаңда Қазақстанның картасы, киіз үй, ұлттық аспаптар, қалқан, кітаптар, өзге де тақырыптар бар. Штрих код арқылы бір тақырыпты таңдағанда, ол ұяшықта біраз мәліметтер шоғырланған. Мәселен, кітаптар ұяшығы арқылы қазақстандық және әлемдік классиктердің шығармалары, ұлттық аспаптар ұяшығы арқылы қазақтың, Маңғыстаудың өнері мен өнерпаздары туралы мағлұмат алуға болады, – дейді «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұқанжан Камалов.
Бұл цифрландыру саласындағы бастапқы жұмыстар, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жүйелі жүргізіле бермек.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы