• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Мамыр, 2018

Замана запыраны: Бастан бір өткен қасірет

1132 рет
көрсетілді

1930 жылы мамыр айында КСРО ХКК «Қазақстанда еңбекпен түзету лагерін құру (ҚазЕТЛАГ) туралы» қаулы қабылдады. 1931 жылы 19 желтоқсанда шешім шығарылып, «Гигант» совхозы ОГПУ-дің Қарағанды жеке еңбекпен түзету лагері болып қайта құрылды. Оны қысқаша «Қарлаг ОГПУ» деп атаған.

Бұл мекеменің «Долинское» селосында басқармасы орналасып, ГУЛАГ-қа (Мемлекеттік лагерь басқармасы) тікелей бағындырылды. 1937 жылдың үшінші шілдесінде НКВД бастығы Ежовтың тапсырмасымен ГУЛАГ бастығы Берман қол қойған шифрограмма бойынша НКВД-ның Батыс Сібір бойынша басқармасының бастығы Миронов пен Қазақстан ішкі істер халық комиссары Залин шұғыл тапсырма алады. Онда «26-нүкте» деп аталатын орында тікенек сыммен қоршау орнатып, күшейтілген күзет қою тапсырылады. Ал 1937 жылы 3 желтоқсанда НКВД-ның нөмірі 00758 бұйрығы шыққан. Бұйрықта 26-нүктеде еңбекпен түзету орнын ашу туралы айтылды. Ол жер ешқандай құжаттарда лагерь делінбей, тек «26-шы поселок» – деп көрсетілді. Бұл күн – шын мәнінде АЛЖИР-дің ашылған күні. Соның негізінде НКВД-ның Ақмола арнайы бөлімінде ҚАРЛАГ-қа қарасты «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» пайда болды. Тұтқындар бұл лагерьді «АЛЖИР» деп атады. Оған сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың әйелдері мен туған-туыстары қамалды. 

Осында қамалған 8000-дай әйел­дердің бар айыбы – «халық жауы» атанған күйеулері мен туыстарынан бас тартпағандығы еді. Тұтқындар по­­йыз­­бен АЛЖИР-ге алғаш 1938 жыл­ғы қаңтардың қырық градус суығында әкелінді. Бұл келгендер Мәскеу, Иркутск, Калуга, Орынбор және Рос­тов қаласынан еді. Лагерьде сабан араластырылған шикі балшық кірпіш­тен тұрғызылған алты барақ болды. Әр бараққа 250-300 адамнан сыятын және екі-үш қатар ағаш нарлар қойылған-ды. Нардың екінші қатарының тұсында терезенің орны бар, бірақ әйнек салынбаған. Боран уілдеп соғып, бір терезеден кіріп, екінші терезеден шығып аңырап тұратын. Барақтың жанында күзетшілерге арналып салынған бірнеше үйшік тұр. Барақтың шыға берісінде темірден жасалған ұзын қол жуғыш қойылған. Су аулаға жақын Жалаңаш көлінен шелекпен тасылады. Барақтар тікенді темір тормен қоршалған. Айнала ұшы-қиыры жоқ жа­зық дала. 

Лагерьге алып келген әйелдердің кө­бі мемлекет басшыларының, әс­ке­ри қолбасшылардың, басшы қыз­мет­кер­лер, сондай-ақ партия секретар­ларының әйелдері мен жақын туыс­тары еді. Олар атап айтқан­да, маршал М.Тухачевскийдің қарындасы Е.Ту­хачевская, Блюхердің шешесі, А.Ену­кидзенің әйелі мен қызы, Т.Рыс­құловтың әйелі Әзиза мен енесі Әли­са (енесі сонда қайтыс болып жерленген), С.Сейфуллиннің әйе­лі Гүлбаһрам, Б.Майлиннің әйелі Күлжамал, Т.Жүргеновтің әйелі Дәмеш, С.Қожановтың әйелі Күлән­дам, С.Меңдешовтің әйелі Рәзия, С.Аспандияровтің әйелі Рабиға, Н.Нұр­мақовтың әйелі Зүпнұн, З.Темір­­бековтің әйелі Сақыпкамал На­­зарова, Краснолуганск обкомы сек­­­ретарының әйелі Мария Анцис және Тимур Гайдардың шешесі Лия Соло­мянская да болған. Сонымен қатар жолдастары әртүрлі басшылық орындарда болған Майнұр Сары­молдаева, Мария Есқараева, Мариям Тоғжанова, Елизавета Сәдуақасова, Шәкітай Тәтімова, Айша Қабылова, лагерьде атылған Кира Нұр­маған­бетова, Жанбике Шанина, Хади­ша Мусина, Әйіш Құлымбетова, Бижамал Сырғабекова, Сағадат Тәштитова, Өзипа Күленова, Мағрипа Рүстемова, Әсіма Шоманова, Зағипа Тінәлина, Баршын Кәлменова, Мәдина Оразова, Мәрияш Есенгелдина, тағы басқа көптеген қазақтың зиялы азамат­тарының әйелдері, аяулы аналар «жазасын» өтеді. Лагерьге баласымен түскен аналардың балаларын 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырып, балалар үйіне жіберетін.

Зарап Темірбековтің әйелі Сақып­камал небәрі 29 жаста екен. «Өзім Ақмола тұрғыны болып, сол кезде Ақмола лагерінің тұтқыны боламын деп ойладым ба?» деп еске алады Сақыпкамал. Сегіз жыл отырып 1946 жылы лагерьден шыққан соң жұмыс іздеп Көкшетауға, Шымкентке, Ақмолаға барады. Алматыға баруға рұқсат жоқ. Барса пәлеге ұшырайды.Өйткені төлқұжатында «№39» деген белгі бар. Ол Совет мемлекетіне қауіп­ті элемент» деген ұғымды білдіреді. Лагерьден шыққан соң балалар үйіне сұрау салып қызын табады. Ал ұлы Жаңартты 34 жыл өткен соң ғана тапқан. Темірбек Жүргеновтің жолдасы Дәмешті де тұтқындап, 58-баптың 17-ші тар­мағымен 8 жылға соттаған.1937 жылы мамырда Тұрар Рысқұловты Кисловодскіде кезекті демалыста жүр­­­ген жерінен тұтқындаған. Әйелі Әзизаны да курорттан қуып шыққан. Сол жылы Әзизаны шешесі Әрипамен қоса 58-ші баппен соттап, Карлагқа әкелген. Қыздары Сәуле мен Риданы жетімдер үйіне алып кеткен. Риданы Осакаровтағы балалар үйіне әкелген күні оны әкпесі Сәуле танып, бауырына басқан. Сөйтіп екеуін тағдыр Ресейдегі балалар үйінде жолықтырған.Сталиннің солақай саясатының кесірінен Әзиза Карлагта он жыл отырған. Кейін ақталып, 1988 жылы 10 маусымда дүние салған. 

НКВД әйелдердің аяғының ауырлығына да қарамаған. Қаншама сәби жарық дүниеге келмей жатып, құрсақта темір тордың дәмін татқан. Өздері ауыр жұмыстың астында жүрсе де, баласын емізіп, оларды күтуді аналар ауырсынбаған. Ана­­лық мейірімдері одан сайын күшейе түскен. Олар үшін ең ауыры омыра­уындағы баласын тартып алып, жетім­дер үйіне алып кетуі еді. Сәби үш жасқа толған күні ботадай боздатып, құлындай шыңғыртып ана мен баланы екі жаққа айырып жіберуден өткен қасірет бар ма екен?! Тіпті балаларын қайда алып кеткенін де айтпаған. Ондағы саясат – ана баласын, ал бірге туған бауырлар бірін-бірі таба алмасын деген ой екен. Қазақстандағы түрмелерде туған балалардың есебі жүргізілмеген. Алайда Долинка, Семейдегі лагерьлерде барлығы 1507 бала дүниеге келген деген дерек бар. Ал 15 жасар баланы «халық жауы» деп соттағанды естігендеріңіз бар ма? Бар екен, ондай жағдай дүние жүзінде Кеңес өкіметінде ғана кездесіпті. 

15 жасар Николай Булка деген оқушы мектепте ойнап жүріп бай­қамай Михаил Калининнің суретін жыртып алған. Сол үшін Коляны 58-баппен «халық жауы» деп сот­тап, түрмеге қамаған. Осындай жауыз­­­ды­қ­ты фашистер ғана істейді деу­ші еді. Сөйтсек, ондай фашистер социа­лизмді орнатып, коммунизмге апаратын, өзіміздің құдайдай сеніп жүрген коммунистік қоғамда да болған екен. 

Лагерьдегі тұтқындардың тоқсан пайызы жоғары білімді мамандар, сонымен қатар ғалым да, инженер де, әртіс те болған. Солардың бірі атақты орыс балеринасы Майя Плисецкаяның анасы Рахиль Плисецкая да қамауда болған. Рахиль сегіз жылға сотталып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалған. Кейін «халық жауының» әйелі ретінде қайта үкім шығарылған соң, сегіз айлық баласы Азариймен бірге АЛЖИР-ге айдалған. Сондай-ақ лагерь өмірі туралы жазған жазушы Михаил Зельцердің анасы Брайн Лурье де осы лагерьдің тұтқыны болған. АЛЖИР тұтқыны Мария Дани­­ленко өз естелігінде: «Біздің арамызда ленинградтық профес­­сорлар мен Харьков опера театры­ның труппасы түгелге жуық болды. Инженер, дәрігер, кәсіби суретші, геолог, мұғалім құрылысшы – бас ая­ғы жүзден аса мамандық иелері бар еді. Лагерьдің қиын өмірін бас­тан бірге өткіздік. Қиындыққа шыдамай естері ауысқандар және өліп кеткендер де болған. Ленинградтық кәсіби суретшілер асхана ішін суретпен әшекейлеу үшін әйелдердің іш киімдерін қайнатып, бояу алу тәсілін тапты. Сөйтіп суретшілер асханаға әдемі сурет салып шықты. Олар А.Васильева, Л.Покровская, И.Борхман және М.Мыслиналар еді.» Лагерьде өзінің не үшін отырғанын білмейтін әйел де болған. Тергеуші: «Сенің кү­йе­уің тракторист» деп айқайлаған. Ол «Жоқ ол ешқашан тракторист бол­ған емес, бригадир болған» деген. Сөйт­се ол әйел «троцкист» деген сөзді еш­қашан естімеген екен ғой, «троц­кист» деген сөзді тракторист деп түсі­ніп­ті.

 Тұтқын әйелдерге қамыс жинатып, бақша отырғызған. Олар отырғызған таңқурай өте көп және қалың шыққан. Кенттің кейін Малиновка аталуының негізгі себебі осы болатын. Гертруд Платайс өзінің естелігінде: «Бірде тұтқын әйелдер Жалаңашкөлден қа­мыс арқалап келе жатқанда жолдағы жер­гілікті қазақтар оларға қарай тас лақтырған. Сонда қарауылдар; «Сен­дерді Мәскеуде ғана емес, ауылда да жек көретінін байқадыңдар ма?» деп күлген екен. Сонда бір әйел алдына түскен ақ тастан сүт пен ірімшіктің исін сезіп қалады. Әлгі ақ тасты тістеп көрсе керемет дәмді, сүт татитынын байқап, әйелдерге жинап алыңдар дейді. Бараққа келген соң оның тас емес, құрт екенін қазақ әйелдері түсіндіріпті». Осы «ақ тас» кейін «Құрт – қымбат тас» деген өлеңге арқау болған. Өлеңнің авторы – Голубева Раиса. 

«Лагерьлердің жақсысы жоқ, бірақ қазақстандық лагерьлерде қазақ­тар­дың көмегінің арқасында бізде тірі қал­ғандар көп болды. Алғашында әл­сіз әйелдер жан тапсырды. Қамауда отыр­­ғандар негізінен интеллигенция ғой. Олар жер қазып, қамыс жинап, трактор жүргізді» дейді Раиса Жақ­сыбаева «Азаттық» радиосына берген сұхбатында. Кейін лагерь өз алдына ауылшаруашылық өндірісі, шеберханасы мен тігін фабрикасы бар сан-салалы шаруашылыққа айналды. Оларға жоспар беретін болды. Кейін соғыс басталған жылдары майданға азық-түлік, жылы киімге дейін жіберуге жәрдемші болған осы тұтқын әйелдер. 1953 жылы Сталин өлген соң лагерь жабылды. Кейбір әйелдер лагерь жа­былған соң да кетпей сол жерде қалып қойды. Олардың бірі украиндық Ефросия Яковленко. Ол босаған соң Серікбай Тайғаринге тұрмысқа шығып сонда қалған. 

Болашаққа жол салып өркендеу үшін өткенді еске алып отыру өрке­ниет­ті қоғамда қалыптасқан дәстүр. Елбасының Жарлығымен елімізде 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын еске алу күні деп жарияланды. Биыл сол қуғын-сүргінге 80 жыл толып отыр. Сондықтан жазықсыз қаза болған арыстарымыз бен түрмелерде азап көрген аналарымызды халық болып еске алып, марқұм болғандарға құран бағыштау азаматтық парызымыз болар еді. 

 Беркін ӘКЕБАЕВ,

 Республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері