Астанада Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған «ЭкоАсар» шарасы ұйымдастырылды. Онда қала әкімдігі мен өңдеушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторы қатты тұрмыстық қалдықтарды екі фракцияға (құрғақ және ылғалды) бөліп тастаудың пилоттық жобасымен таныстырды.
Жоба аясында осы жылдың шілде айынан бастап қаладағы 2070 қоқыс алаңдарына арнайы 6 275 контейнер қойылады. Осылайша, шаһар тұрғындары «сары» және «жасыл» түсті контейнерлерге тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастайды. Айталық «сары» контейнерге қайта өңдеуге жарамды: металл, пластик, қағаз, шыны қалдықтары тасталса, жасыл контейнерге тамақ қалдықтары, органикалық және басқа да өңдеуге келмейтін қалдықтар салынбақ. Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры төрағасының орынбасары Татьяна Немцанның айтуынша, үйдегі қоқысты сыртқа көбіне балалар шығаратындықтан, шараны ұйымдастыруда оларды аталған жобамен таныстыру, тазалыққа баулуға баса назар аударылды. Елорда жастары экологиялық мәдениетті насихаттаушы, тазалық қозғалысының бастаушысы болуы үшін қала мектептеріндегі ұстаздарға арналған шеберлік дәрістері де өткізілді. Ал Сlean Taxi әлеуметтік жобасының жетекшісі Оразгүл Есдәулетованың айтуынша, алдағы уақытта елорда тұрғындары істен шыққан тұрмыстық техниканы, ескі телефон мен компьютерді жаңа такси қызметіне өткізу арқылы уақыты мен ақшасын үнемдей алады. Тегін такси тозығы жеткен техникаларды өңдеу орындарына жеткізеді. Бұған қоса, тұрмыстық қалдықтарды өткізуден түскен пайда, әлеуметтік әлсіз топтарға жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Барлық жиналған қалдықтар әлеуметтік әлсіз топтардың көмегімен өңделеді. Пилоттық жоба әзірше Астана қаласында қолға алынды. Егер жоба сәтті жүзеге асса, бұл жұмысты Қазақстанның ірі қалаларында да жүргіземіз, дейді Сlean Taxi әлеуметтік жобасының жетекшісі. Айта кетерлігі, экологиялық жәрмеңкеде жиналған тұрмыстық қалдықтарды 10-нан астам қоқыс өңдеуші компания қайта өңдеуден өткізбек.
Жыл сайын Қазақстанда 5,5 миллион тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналса, елордада бір жылда 300 мың тонна қалдық шығарылады. Бұл дегеніміз қаладан күніне 1 мың тоннаға жуық қалдық шығады деген сөз. Осы ретте қалдықты бөлек жинау арқылы қоқыс полигонына түсетін көлемді азайтуға болады. Бұл өз кезегінде табиғи ресурстың үнемделіп, елімізде қайта өңдеу саласының дамуына жол ашпақ. Тіпті келер жылдың күзінде Астанада қалдық өңдейтін кешенді зауыт іске қосылады деген жоспар бар. Аталған кәсіпорын органикалық қоқысты толығымен өңдеп, биогаз және кей тыңайтқыш түрлерін шығаруға басымдық береді.
Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»