Қоғамдық тамақтандыру орындарынан, көшедегі дүңгіршектерден тамақтанғандардың ұшынуы, улануы жиі кездесіп жатады. Оны қойып тіпті балабақша, мектеп асханасында да астан ұшыну оқиғалары болғанын жиі естиміз.
Бұған қоса дәрігерге қаралдым, емделдім деген адамның ауруы асқынып, қиын жағдайларға тап болып жататыны да жасырын емес. Осының барлығының басты себебі неде? Біздің ойымызша, осының барлығы қоғамдағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер кесірінен туындап отырған мәселе.
Әрине басы ауырып, балтыры сыздаған адам білікті дәрігерді, озық білім іздеген адам тәжірибелі мамандарды іздейді. Сол сияқты асхана, дәмхана, шаштараз, банк, сауда орталығы мен мәдениет орындарына барғанда адам өзіне лайықты қызмет көрсетілуін күтеді. Алайда бұл талаптар, жоғарыда айтқанымыздай, кейде көңілден шыға бермейді.
Иә, көпшілік дәрігердің, құқық қорғау органдарының және басқа да толып жатқан салалық қызмет көрсетушілердің қызметіне айтарлықтай риза болмай жатады. Көбінің көңілі толмайды. Сонда мәселен, кейбір дәрігердің немесе аспаздың жұмысына деген мұндай сенімсіздік көпшіліктің көңілінде қалай, қайдан пайда болды?
Әрине қай кезде де талапқа сай қызмет көрсетілмесе көңілде секем туады. Және бұл бір күнде пайда бола қалған сенімсіздік емес. Қоғамдық орындарда, асханаларда тамақтанғанда адам алдымен санитарлық-эпидемиологиялық нормалар талаптарының, тазалықтың аса қатаң сақталғанын қалайды. Өйткені «Ас – адамның арқауы». Ал керісінше болған жағдайда ең басты байлық – денсаулыққа зиян келеді. Сол секілді дәрігер деп барған адам біліксіз маман болса, ауру үстіне ауру жамалады.
Өйткені оның біліп, не білмей қызмет етіп тұрғанын ажырату, әрине мүмкін емес. Осының салдарынан кейбір асханада сапасыз тамақ ішіп, кейбір емханаларда нашар дәрігерлік ем алуыңыз әбден мүмкін. Себебі жалған құжатпен түрлі жұмысқа кәнігі маман секілді орналасатын немесе денсаулығы таза, яғни жұқтырғыш ауруы жоқ сау кәсіп иесі ретінде жұмыс істейтін немесе өз ісін жетік білетін маман сияқты қызмет көрсететіндер бар екен. Мұны тек біз емес, осы мәселені арнайы зерделеп, зерттеген, тексерген тиісті құқық қорғау өкілдері де айтады. Ал сонда сіз бен біздің асханадан жеген асымыз, дәрігерден алған еміміз, оқушылардың мектепте алып жатқан білімі талап деңгейіне келмесе, кім кінәлі? Жоғарыда айтқанымыздай, хирургке, неврологке, яки полицияға барғанмен ем қонбай, ауру асқынса, жазықсызды жазықты етсе, оларға не дей аласыз?
Мұның басты себебі – әлгіндей мамандардың жұмысқа сыбайластықпен тұруы. Мәселен, мектепке мұғалім болып орналасқанда ол нақты шын құжатты ұсынды ма? Немесе аспаздық жұмысқа орналасарда денсаулық жағдайы туралы барлық ақпаратты көрсетті ме? Белгісіз. Мұны айтып отырғанымыз, қазіргі күндері медициналық анықтаманы, денсаулық кітапшасын немесе науқастық туралы демалыс парағын қолдан сатып алуға толық мүмкіндік бар көрінеді. Тіпті, аталған құжаттардың сатылатындығы жөнінде Интернет желілерінде ашық жарияланғанын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілі де жасырмайды. Міне, осы департамент жоғарыда айтылған жалған медициналық құжаттарды заманауи компьютерлік технологияларды пайдалана отырып дайындайтын қылмыстық топты әшкерелеген.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2017 жылы Астана қаласының 11 емханасы №086 нысан бойынша 29 099 жалған анықтама берген екен. Бұл күніне шамамен 79 анықтама берілді деген сөз. Әр анықтама қағазы 7 мың теңге тұрады. Осының ішінде орта есеппен күніне 10-ға жуық, яғни жылына 3 650 жалған анықтама берілетіні анықталған. Демек, Астана қаласының емханалары жылына 25 550 000 теңгеден астам соманы да жоғалтып отырған. Бұл тек бір ғана №086 нысандық анықтама бойынша.
Ендеше осы сандарға-ақ қарай отырып, жалған анықтамалар алған қанша адам халыққа қызмет көрсетіп жатқанын шамалай беріңіз. Бұған баса мән беріп отырғанымыз, аталған жағдай әлеуметтік маңызды салалардағы, яғни білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық тамақтандыру орындарында азаматтарға қауіпсіз қызмет көрсетілуін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді. Демек, мұндай жалған құжат беру үрдісіне тосқауыл қоятын уақыт жетті. Әйтпесе, базардағы азық-түлік сатушылардың, даяшылардың, шаштараздың денсаулықтарының қандай күйде екені маңдайларында жазылып тұрмайды. Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің дейді, бірақ ауырмай оны сақтағанға не жетсін!
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»