Алматыдағы «Мега» сауда-ойын-сауық орталығында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және Media School Kazmedia ұйымдарының мұрындық болуымен «Нағыз батырлардың құпиялары» атты IV бейресми конференция өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жылдың сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көптеген өзекті мәселелерге тоқтала келе, қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында Үкіметке нақты тапсырмалар берген еді. Сол мақалада көрсетілген маңызды жобалардың бірі – «Қазақстандағы 100 жаңа есім». Айтулы жобаның мәні мен маңызы және мақсат-мүддесіне тоқталған Елбасы «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азамат болып қалыптасуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», деп қадап айтты.
Алматыда өткен осы коммуникативтік және мотивациялық іс-шараға «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты республикалық байқауында жеңімпаз атанған бір топ азамат қатысты. Олар – волейболдан Қазақстанның паралимпиадалық жастар құрамасының капитаны Серік Есматов, жас инноватор әрі «MBionics» компаниясының негізін қалаушы Мәулен Бектұрғанов, кинорежиссер және белсенді қоғам қайраткері Әзиз Заиров, жаңа технологияларды енгізу жұмыстарымен айналысатын дарынды ғалым-химик Диас Тастанбекұлы және жүректің патологиясын көруге көмектесетін жүрек ақауларының ультрадыбыстық диагностикасын жасайтын санаулы кардиохирургтің бірі Гүлжан Сәрсенбаева. Жоғарыда есімдері аталған азаматтардың барлығы да ешқандай қиындыққа мойымай, өмір жолында кездескен кедергілерді бұзып-жарып, көздеген мақсаттарына қол жеткізген жандар екені даусыз.
– «Қазақстандағы 100 жаңа есім» – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясындағы ауқымды жобалардың бірі. Жобаның басты мақсаты – тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту. Сонымен қатар қарапайым халық арасындағы білімі мен еңбегі, ізденімпаздығы мен табандылығы, батырлығы мен қайсарлығының арқасында табысқа жеткен тұлғаларды кеңінен насихаттау. Мәселен, түрлі салада жемісті еңбек етіп, төрткүл дүниеге танылған шет мемлекеттердің азаматтары бұл күндері Қазақстанға жиі ат басын бұрады. Олардың әрқайсысының есімін барлығымыз жатқа білеміз. Ал ондай тұлғалар біздің елде де бар. Сол абзал азаматтардың өмірі мен тағдырын, жүріп өткен жолын, бағындырған белестерін, жүзеге асырған игі істерін, көпшілікке тигізген шапағатын насихаттауды мақсат тұтып, осындай ауқымды шараларды жиі ұйымдастыруды көздеп отырмыз, – дейді Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің қоғаммен байланыс және мемлекеттік органдарды үйлестіру басқармасының басшысы Бақнияз Қарашина.
Расында да, ондай тұлғалар Қазақстанда да бар. Бір ғана мысал, осы шараға қатысқан 24 жастағы инноватор Мәулен Бектұрғанов бұрын қатардағы кеңсе жұмысшыларының бірі болған. Кеңседе осылай тапжылмай отыра берсем, өмірім елеусіз өтеді деп ойлаған ол тәуекелге бел буды. Өзінің бойындағы қарым-қабілетін пайдаланған жас маман жаңашылдыққа бет бұрды. Атап айтсақ, Қазақстандағы тұңғыш бионикалық қол протездерін әзірлеп, жасатты. Бұл құрал III-топтағы мүгедектерге арналған және олардың өмір салтын жақсартады. Протез адам қолының функционалын барынша қайталайды және адам импульстері арқылы белсендіріледі. Өзінің еңбегі арқылы Мәулен Қазақстан ғылымына үлкен серпіліс әкелді.
Ал Серік Есматов болса, апаттың салдарынан екі аяғынан бірдей айырылып, мүгедектер арбасына таңылды. 13 жастағы бала үшін бұл ауыр соққы болды. Алайда Серік тағдырға мойынсынған жоқ. Ол қиындықпен күресіп, өзінің арманына қарай бет алды. Бұл күндері қазақтың қайсар ұлы паралимпиадашылар додасында жеңімпаз атанып қана қоймай, республикамыздың әр аумағында өтіп жатқан қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ