Қазақстан өзімен көршілес мемлекеттермен тығыз ынтымақтастық орнатып, сауда-саттық, қауіпсіздік және басқа да өзекті мәселелер бойынша оңтайлы саясат жүргізіп келеді. Осы орайда елімізбен іргелес жатқан Қытай мемлекетімен арадағы байланыстың маңызды екені анық көрінеді. Өйткені басқасын айтпағанда, әлемдік экономикадағы жетекші орынға ие бұл елмен орнатылған қарым-қатынастың жөні бөлек.
Көршілес елдер бір-бірімен алыс-беріс, барыс-келіс жасап, белгілі бір деңгейде өзара ынтымақтастықты дамытуы заңдылық. Осы заңдылық аясында өрістеп келе жатқан Қазақстан-Қытай байланыстары бүгінде жаңа сипатқа ие болып отыр.
Екі ел арасындағы әріптестік мәселелері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен аптада Бейжіңге жасаған мемлекеттік сапарында кеңінен талқыланып, екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары пысықталды. Сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізіп, еліміз үшін оңтайлы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Келіссөздер барысында іскер топтар мен жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын шаруашылық субъектілер Қытай Халық Республикасымен инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілетудің негізгі драйверлері болып саналатынына назар аударылды. Сондай-ақ келіссөздер кезінде Қытай тарапы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімін өз нарығына енгізуге, энергетика, мұнай-газ, мəдени-гуманитарлық байланыстар, жаңа технологиялар мен цифрландыру салаларындағы екіжақты серіктестікті тереңдетуге ықылас білдірді.
Жалпы, Қазақстан-Қытай қатынасында сауда, инвестиция салалары негізгі басымдыққа ие. Сондықтан осы мәселеге қатысты бірқатар деректерге назар аудара кетейік.
Қай елмен болсын әріптестік орнату барысында оның саяси және экономикалық әлеуетін дұрыс бағамдап, зерделеу аса маңызды. Бұл орайда Қазақстанның жинақтаған тәжірибесі мол. Осы тәжірибелер еліміздің өзге мемлекеттермен ынтымақтастығын дамытуда кеңінен қолданылуда. Мәселен, Қытайдың әлемдік аренадағы саяси салмағы, экономикалық әлеуеті еліміз үшін белгілі. Сондықтан Қазақстан әлемдік ауқымдағы маңызды әрі ірі инвестор болып табылатын Қытайдың инвестициялық қуатын тиімді пайдалануды көздейді. Бұл арада экономикасы дамыған Еуропалық одақ елдерінің өздері де қытайлық инвесторларды тарту мақсатында арнайы бағдарламалар қабылдап жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Бүгінде Қытай біздің еліміз үшін аса маңызды әрі сенімді әріптес мемлекет болып саналады. Қазақстан-Қытай байланыстарының бүгінгі заманауи келбеті сауда-экономикалық салада айқын көрінуде.
Екіжақты ынтымақтастықтың дамуына «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасы серпін берді. Бұл бағытта индустрияландыру, инвестиция салаларына қатысты бірлескен бағдарламалар түзілді. Бүгінде құны 27,6 млрд долларды құрайтын 51 жобаның тізімі жасалды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен аптада Бейжіңге жасаған мемлекеттік сапары аясында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беретін, экономикалық бағытқа негізделген инвестициялық жобаларға қол қойылуы да Қазақстан-Қытай қатынасының одан әрі жандануына жол аша түспек.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың сапары барысында Қазақстан Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚХР-дың Даму және реформалау жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жоспарын бірлесіп әзірлеу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумның бекітілуін ерекше атап көрсеткеніміз жөн. Сонымен қатар сапар кезінде екі елдің бизнес өкілдері қатысқан Іскерлік кеңес өтіп, соның нәтижесінде 8,7 млрд доллар көлеміндегі 17 инвестициялық, 1,6 млрд долларды құрайтын 8 қаржылық, 700 млн доллар болатын 7 сыртқы сауда жəне 8 коммерциялық емес келісім бекітілді. Нақтылай айтқанда, құны 13 млрд доллардан астам қаржыны құрайтын, барлығы 40 құжатқа қол қойылды. Бұл құжаттар еліміздің еркін экономикалық аймақтарын, кен орындарын игеруге, энергетикалық жобалар жасауға, биохимиялық кластер құруға жəне басқа да салаларға инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. Айта кетейік, Іскерлік кеңесіне Қытай тарапынан 270, Қазақстан жағынан 130, барлығы 400 адам қатысқан.
Негізінде, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қытайлық іскер топ өкілдерімен кездесуін ерекше атап өтуге болады. Өйткені бұл басқосуда елімізде табысты жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен алдағы уақытта іске асыру көзделіп отырған жобалар жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Бүгінде Қытай әлем елдері арасында Қазақстанға тікелей инвестиция құю көлемі бойынша 4-ші орында тұр. 2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 10,5 миллиард долларды құраған. Қазір Қазақстанның мұнай-газ, химия жəне азық-түлік өнеркəсібі, машина жасау, жеңіл өнеркəсіп салаларында қытай капиталының қатысы бар 1200 кəсіпорын жұмыс істеуде. Мұның барлығы Қазақстан-Қытай әріптестігінің экономикалық тұрғыдағы байланыс деңгейін көрсетеді.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуда экономикалық серіктестікті нығайтуға басымдық берілуде. Осы орайда қытайлық компанияларымен түрлі салалар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға байланысты нақты келісімдер бекітіліп отыр. Бұл келісімдерде азық-түлік, автоөнеркәсіп, биотехнология, медицина және басқа да жобалар қамтылған. Аталған құжаттарда экспортқа лайықты, сапалы өнімдер шығару талабы алдыңғы қатарға шығарылып отыр.
Сонымен қатар Қытайдың ірі автомобиль компаниясымен жылына 100 000 бірлік көлік шығаратын кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл компания өнімдерінің 20 пайызын электромобильдер құрайды және ол еуразиялық кеңістіктегі елдерге экспортталады. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 1,3 млрд АҚШ долларын құрайды. Мұны еліміздегі ірі инвестициялық жобалардың қатарына қосуға болады. Аталған жобаны жүзеге асыруға қытайлық компаниялармен қатар еуропалық компаниялар да атсалыспақ. «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан нарығына неміс, британдық компаниялардың да қызығушылығы жоғары. Мәселен, күн қалқандарын шығаратын ірі кластерге төрт бірдей мемлекет қатыспақ. Бұл жобада Францияның, Қытайдың және Ресей мен Қазақстанның мүмкіндіктері біріктірілмек. Осы жоба аясында күннен қуат алатын стансалар салу көзделген. Қазірдің өзінде бұл жобаның өнімдеріне Ресей, Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттерінен сұраныстар түсіп жатыр. Демек біз қазір Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынастардың жан-жақты әрі жоғары технологиялық кезеңіне шықтық деп айта аламыз.
Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың түрлі саладағы қатынастары өзінің жоғары деңгейін көрсетуде. Басқа елдердің инвесторлары секілді қытайлық инвесторларды да бірінші кезекте Қазақстанның нақты жоспары қызықтырады. Қазақстанның бұл тартымдылығына үстеме ретінде елімізде инвесторларға, оның ішінде қайта өңдеу саласына үлес қосатын шетелдік кәсіпкерлерге көп мүмкіндіктер беріліп отырғанын айтуға болады. Сондай-ақ инвесторларды қолдауға бағытталған заңнамалық жүйе орнықтырылған.
Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері тек екіжақты келіссөздер шеңберінде ғана емес, халықаралық және аймақтың ұйымдар аясында да жүзеге асырылып келе жатқанын айтуымыз керек. Бұл орайда екі елдің Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде сенімді әріптес ретінде үнқатысуын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде әлемдік деңгейдегі беделі өсіп, өзіндік жолын қалыптастырған ШЫҰ-ның Қытайдың Циндао қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Саммитінде Қазақстан мен Қытайдың сенімді әріптестер екені айқын көрінді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»