Ұлтты өсіретін, ұлы ететін ақаусыз мөлдір бағыт бар, ол – ұлт тағылымы. Ұлттық тағылымы мықты мемлекеттер қанша жерден тығырыққа тірелсе де, береке-бірліктің, ақыл-ойдың, алып жетекшілердің бастауымен қиындық атаулыны жеңіп, шөңгедей жабысқан пәленің бәрін жолда қалдырады.
Оны «Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым», «Дардай болып келгенмен, Бордай болып үгілген, Басы барлар иіліп, Тізесі барлар бүгілген», деп келетін «Күлтегін» тасындағы рухты сөздер ел мен жердің иесі атқарар жұмысты алға тартып, ол орындалса, өктемдіктің өрісі тарылатынын көрсетіп отыр емес пе? «Ата жұрты бұқара, Өз қолында болмаса, Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ер ғаріп» деп ХV ғасырда Асан қайғы жар салып, ғаріптіктен құтылу ата жұртты сақтау екенін жеткізеді. Бостандыққа қол жетпей, бодандықта қалудың сор екенін «Қол-аяғым бұғауда, Тарылды байтақ кең жерім», деп оны істеп отырған «Қайырымсыз болған хандарға, Тиер мекен бір күні, Жолбарыстай шеңгелім», деп қатуланған Жиембет жырау аңсары ақталып, елдігімізді алдық.
«Уа, көсіле шабар жерім бар, Ту көтерген ерің бар. Қол боларлық елің бар, Атадан қалған сара жолың бар. Құлдық ұрсаң дұшпанға, Арылмайтын сорың бар... Құлдық ұрсаң дұшпанға, Еркек болып туды деп, Мына сені кім айтар», деп Төле би еріне сенім артса, Қазыбек би өзінің «Жеті жарғысында» ұрлық пен қорлыққа қарсы шығып, адал еңбекпен күн көруге шақырып, «Арам жемейік, адал өлейік» депті. Жігіттің жақсысы «Дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген», деп «Екі адам керіссе, оның арты қызыл шоқ. Біз үш жүз керіспей, келісейік, Ал керісе қойсақ, үшеуімізге де бірдей, Хандық түгіл, ондық та жоқ», деп тұйғындай тіліп түсетін Әйтеке би тағылымы таңдайымызға балдай жұғып, санамызға ұлт ұйытқысы – үш бидің үлгісі дарыса, қане! Сөз бен ойдың кемелі Әбіш Кекілбайұлының «Үш сала – бір арна. Қай істе де, қай тұста да осыны ұмытпасақ, талай кемісіміз түзеліп, талай ортамыз толар еді-ау...» деген тұжырымына да ден қою бір ғанибет секілді.
Осындай тағылымды ақ қағаз, қара сиясыз-ақ ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етіп жеткізіп, отырған даналарымыз бен дараларымыз еді. Ол естен шықса, өзім білемдікке, салғырттыққа салынсақ не жақсыны бағалай алмай, жетесіздікті желкеге шығарсақ – ұлттық таным өшеді. Ұлттық танымның өшуі – ұлтқа қатер. Қазақты қазақ етіп келе жатқан қай заманда да ұлттық таным. Қызыл империя қысып тұрғанда да елі мен жерін, халқын көкке көтерген азулылар аз болмаған. «Мен қазақтың баласы» демейтін бе еді Қасым Аманжолов.
Бізге қазір не жетпейді? Рухтың мықтылығы, жан мен тән тазалығы. Ұлттық танымды көбіміз күнкөрістің шеңберімен шектеп қойдық. Өзімізді қойып, бесіктен белі енді шыққан ұрпағымызды ұлттың «құлы» бол демей, уақыттың құлына айналдырып, бәрін ақша шешеді дегенге сендіріп бара жатқандаймыз. Жабайы капитализмнің жексұрын «жетістіктерін», нарықтың кейде халыққа емес, кейбір адамдарға қызмет ететін тұстарын желдей кернетіп, арды емес, ақшаны алға шығарып жібердік. Сөйтіп қазақтың танымына келмейтін келеңсіздіктерге жол ашып алдық. Мақтау мен мақтануда да қазақы таным жасандылыққа ұрыну үстінде. Қазақ осындай болу керек, ол ардың иесі, мемлекет тірегі, обал мен сауапты біледі дей қоймайтын болдық.
Біз алда айтқан, жақсылық жолға салған бабалар сөзінен көз жазып қалғандаймыз. Өзім өлмейін, өзге не болса ол болсын, кейінгіні көре жатармыз деген сойқан ой да ұлт танымына жат. Оның жетегінде кету ұрпақты жетесіздікке итермелеу болмақ. Тіпті қазірдің өзінде мұндай кесірлі істер әр тұстан байқалады. Кетігі толмайтын, тоймайтын жемқорлық, қатігездікпен жасалған қылмыстар сол немқұрайдылықтың, жақсыға қуанып «ой бәрекелді» демеуде, әттеген-айға «Бұл қалай, ұлт тағылымына жат қой. Өскін ұрпақ мұндай өресіздігімізден қандай тағылым алады демей, е» деп иек көтере салудан болып жатқан жай емес пе екен? Сондықтан ұлттық таным тағылымын әр қазақ, сол қазақтан тараған ұрпақ тектілікпен жүрегіне ұялатса, халықтың бетіне шіркеу болып қонар арсыздық тыйылар еді. Бұл жолда, яғни ұлт ісіне еш сылтау жүрмейді. Оған әлем тарихына үңілсең, бүгінгі рухты жұрттардың тірлігіне ой жіберсең көз жеткізесің. Тіпті олар үстем күштер лап еткізіп қойған «тозақ отына» да жан бермей келеді.
Ал біз азат елміз. Бұл азаттық – ұлттық таным жеткізген жеңіс. Осы мүдде бірлігіндегі ұлы жеңіс қазақ өркениетін айқындап, мәңгілікке апарады. Бұл бағдарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «...Ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек», деген сөзіне әрқайсысымыз ден қойсақ, ақиқаттан аттамас едік. Қиғаш баспас едік. «Адам нан жеу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін нан жейді» десе Сенека, Алаш арысы Смағұл Сәдуақасұлы ұлттың келешегі кемел болуы үшін «Кемшілікті айту – ұят емес, бар кемшілікті жоқ деп, одан құтылуға тырыспау ұят» дейді. Бұл сөздердің арғы жағында да ұлттық таным жатқаны анық. Ендеше ұлттық танымға зейін қойсақ, зерделі ұрпақ қалыптасар еді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»