Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысын сынға алғаны белгілі. Елбасы баспана бойынша бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелері әкімдердің жұмыс жүргізу көрсеткішіне айналатынын айтып, жауапты ведомство басшыларына нақты міндеттер жүктеген болатын.
Сол тапсырмаға сәйкес, ипотекалық бағдарламаның қатысушылары үшін алғашқы жарнаны арзандату мақсатында 50 мыңға жуық тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болды. Қаражат жергілікті бюджеттен жеңілдікті ипотека үшін бастапқы жарнаны субсидиялау мақсатындағы қаржы есебімен жүзеге асырылады. «Баспана» ипотекалық ұйымының хабарлауынша, тұрғындарға жыл соңына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылады.
«7-20-25» сертификатының орташа номиналы 1 млн теңгені құрайды. Осы мақсатта, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғындардың бағдарламаға қатысуын ынталандыру үшін кем дегенде 50 млрд теңге бөлінуі көзделіп отыр.
«7-20-25» сертификаттары бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр. Сертификаттарды қала және облыс әкімдіктері үлестіреді. Мемлекет басшысы атап өткендей, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Біз «Нұр Отан» партиясының қолдауымен алғашқы жарнаны азайту бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Осы аптадан бастап әр өңірде «7-20-25» сертификаттарын бере бастаймыз», дейді «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.
Құрманәлі ҚАЛМАХАН,
«Егемен Қазақстан»