Қызықты бағдарламаларымен есте қалған «Ел Арна» телеарнасы 2017 жылы қайта ашылғаны белгілі. Бағыты да, ұжымы да түгелдей дерлік өзгерген телеарна отандық телевизия нарығына жаңа үлгімен келді. Бүгінде ол көркем фильмдер мен деректі жобалар көрсететін еліміздегі тұңғыш телеарна болып отыр. Кино әлеміне етене жақын арнаның бүгінгі жай-күйі мен ішкі әлеуетін білу мақсатында арна басшысымен сұхбаттасқан едік.
- «Ел Арна» телеарнасы талай кезеңді өткерді. Атауы да, бағыты да көп өзгерді. Тіпті 2014 жылы арна жұмысын тоқтатып, 2017 жылы эфирге қайта оралғанын да көрермен жақсы біледі. Телеарнаның бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай, қандай жаңалықтармен бөлісесіз?
- «Ел Арна» аты қалғанымен бұл мүлдем бөлек арна. Бұның алдындағы болған «Ел Арнамен» ешқандай арақатынасы жоқ. Әрине «Хабар» агенттігінің ішінде қалады. Бірақ қазіргі телеарна бұл көркем фильмдер көрсететін телеарна. Өздеріңіз білетіндей, телеарна 2017 жылы қайта ашылды. Біз ол кезде тек қана қазақстандық фильмдерді ұсынып келдік. Еліміздің тұңғыш киноарнасының эфирінде классикалық жауһар туындылар, бүгінгі күннің үздік картиналары, телехикаялар мен деректі жобалар көрсетілді. Кейінірек олардың қатарына анимациялық телеөнімдерді де қостық. Жаңа маусымда телеарнада көптеген өзгерістер болды. Жаңа эфирлік кесте құрдық. Күндізгі 12:00-18:00 аралығында отандық телехикаялар көрсетіледі. Ары қарай кешкі уақытта әр 2 сағат сайын көркем фильмдер көрермен назарына ұсынылады.
- Осы маусымнан бастап «Ел Арна» телеарнасы түркі әлемінің классикалық фильмдерін қазақ тілінде көрсетуді қолға алды деп естіп жатырмыз. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.
- Иә, Орталық Азия мемлекеттері мен түркі тілдес елдердің алтын қорында сақталған толық метражды фильмдерді көрсете бастадық. Қазір тәжік ағайындардың фильмдері эфирде жүріп жатыр. Келесі кезекте әзірбайжан, қырғыз, өзбек, түрік фильмдері бар. Түркі тілдес елдермен мұндай әріптестік байланыс жалғасын табады деп ойлаймыз.
- Бүгінде арнаның 80 проценті отандық толық метражды фильмдерге тиесілі. Қалған бөлігін кинематографияға арналған бағдарламалар құрайды. Бір ғана бағытта жұмыс істеудің қиындықтары бар ма?
- Әрине қиындықтарын айтатын болсақ, өкінішке орай, отандық фильмдер саны аз. Өткен жылы елімізде 30-дан астам кино түсірілді. Ал биылғы есеп бойынша 50-ден астам фильм түсірілген екен. Ал эфирді толтыру үшін біз тәулік бойы жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін біздің өніміміздің саны көп болуы тиіс. Фильмдер саны көп болған сайын, қайталану аз болады. Қазір өкінішке орай, фильмдердің жетіспеушілігінен эфирде бірнеше рет қайталанулар орын алып отыр. Сол себепті құпиясы мол кинематография әлеміне саяхат жасайтын бағдарламалар көрерменге жол тартты. «Ашық көрсетілім», «Кино кафе» атты арнайы телебағдарламаларымыз соның бір дәлелі. «Ашық көрсетілім» ток-шоуында отандық киноиндустрияның танымал тұлғалары кадрдан тыс қалған дүниелер мен белгілі фильмдердің беймәлім деректерін сөз етеді. Сондай-ақ бұл бағдарламада кейіпкерлер мен авторлардың тағдыры, фильмнің дүниеге келу тарихы сынды мағлұматтар да ашық алаңда айтылады. Ал «Кино кафе» бағдарламасынан кинематография корифейлері, танымал актерлар мен жас режиссерлердің әсерлі сыр-сұхбатын көруге болады. Сонымен қатар біз Халықаралық кинофестивальдерден тікелей көрсетілімдер, қызықты сюжеттер мен күнделіктер ұсынамыз.
- Қандай да бір фильм түсіру жоспарларыңызда бар ма?
- Ол жоспар емес, ол әзірге арман. Әрине ойда бар. Егер бізге қаржы бөлініп жатса, онда біз «Ел Арна» ретінде өзіміз мүмкін қысқа метражды фильм түсірерміз. Қалай болғанда да биыл жаңа жыл қарсаңында ұжым болып өз күшімізбен қысқа метражды фильм түсіруді ұйғардық. Сол сияқты басқа да дүниелер жасауға болады бірақ бір қиыны сол, оның барлығын жасауға әзірге мүмкіндік жоқ. Қаржыландыру жағы кішкене оңынан шешілетін болса, тағы да біраз істейтін жұмыстар бар.
- Телеарна ұжымында қазір қанша қызметкер жұмыс істейді?
- «Ел Арнада» мені қосқанда 18 адам қазір. Арнамызда ұжым шағын, адам көп емес. Бірақ барлығы да білікті мамандар, өзінің жұмысын жақсы білетін азаматтар. Әсіресе жұмысқа деген қызығушылығы бар жастарды қатарымызға қосып жатырмыз. Арамызда Ленинградтың режиссурасын оқып келген азаматтар да бар. Болашақ жастардың қолында болғандықтан, оларға деген сеніміміз мол.
- Қазір кез келген ұйым қоғаммен байланыс жасаудың түрлі әдістерін қолданады. Бұл ретте әсіресе әлеуметтік желінің қауқары мықты. «Ел Арна» мұндай жұмыстарға қаншалықты көңіл бөледі?
- «Ел Арна» халықтың сүйікті арнасына айналуы қажет. Еліміздегі көркем фильм көрсететін жалғыз телеарна болғандықтан, оған барынша қолдау көрсетуіміз керек. Қазақфильм түсірген небір тамаша туындылардың көбін қазір көрермен білмейді. Біздің мақсат – көрермен мен қазақ киносы арасындағы байланысты жалғау. Сондықтан да телеарнаның жұмысын өз деңгейінде жүргізу үшін біз әлеуметтік желінің де көмегіне жүгінеміз. Бұл бүгінгі заман талабына сай дүние. Одан біз қалып қалмауымыз керек. Шамамыз жеткенше әлеуметтік желі арқылы арнаның аңдатпаларын жарнамалап жатамыз. Әлеуметтік желі бір жағынан аудиториямен кері байланыс орнатудың таптырмас құралы. Көрермен желіде өз ойларын еркін білдіреді. Біз әрине олардың ұсыныс-пікірлерін ескереміз. Егер олар сұраған фильм бізде болмаса, Қазақфильмнен алып, көрсетіп жатамыз.
- Әр жылдары бағыты өзгеріп отырса да, телеарна өз аудиториясын жоғалтпады. Мәліметтерге сәйкес арнаның алғашқы кезеңдегі көрермен аудиториясы 10 млнға жуық болған. Ал бүгін ше? Көрерменнің көп бөлігін кімдер құрайды?
- Қазір жастар теледидар қарамайды. Олар өздеріне қажет дүниені интернеттен қарайтыны белгілі. Менің ойымша, біздің аудитория орта жастағы 30-дан асқан азаматтар мен үлкен қария кісілер. Біз 2017 жылы қайта ашылғанда тек қана «OTAU TV» жерсеріктік желісінде ғана болып келдік. Сол кезде кішкене көрермен саны аздау болды. Жақында барлық кабельді операторларға қосылдық. Қазір алғашқы батырмалардың біріміз. Соның арқасында әрине көрермендердің саны біраз өсті.
- Арман Балтабайұлы, бұған дейін «24 KZ» телеарнасының басшысы болған едіңіз. Ақпараттық арнадан кейінгі қазіргі телеарнамен жұмыс жасау легі қалай болып жатыр?
- Екеуі де бір бағытта жұмыс істейтін телеарна болғандықтан, мен үшін екеуі де бірдей. «Хабар 24» телеарнасында 24 сағат бойы телефоным жанымда болатын. Әр 5 мин сайын біреу жұмысқа қатысты шұғыл хабарласушы еді. Әлемнің 18 мемлекетінде және еліміздің әр облысында меншікті тілшілеріміз жұмыс істейді. Солардың барлығынан үздіксіз күнделікті ақпараттар келеді. Астанадағы негізгі орталықтың өзінде де қаншама қызметкеріміз бар. Соның бәріне бас-көз болып, әрдайым бақылап отыратынмын. Сенбі, жексенбі демалыс, мейрам деген түсінік жоқ болатын ол кезде. Бірақ әрине ол жұмыс ауыр болғанымен өте қызықты. Оның үстіне мен 20 жылдан аса жаңалықтар саласында жүрдім. Ақпараттық телеарнаның қарбалас қызығына әбден үйреніп қалғам.
Сондықтан да ол жұмыс маған аса қиын болмаған шығар. Бірақ «Ел Арнаға» келгендегі алғашқы бірінші ай мен үшін кішкене қиындау болды. Десе де, кино әлемі мен үшін негізі бөтен әлем емес. Өйткені менің ата-анам актерлар. Кішкентайымнан өнер адамдарының арасында жүргендіктен бұл дүние маған аса таңсық емес. Бірақ қалай болғанда да кино әлемі алғашында қиындық туғызды. 20 жыл жаңалықтарда жүргеннен соң, біраз ізденуім керек болды. Еліміздегі тұңғыш көркем фильмдер ұсынатын телеарнаға жетекшілік ету үшін жаңа жоспарлар құрдым. Кино әлеміне мүмкіндігінше «Ел Арнаны» етене жақындастыру керек. Кейінірек режиссерлер келіп менің туындымды телеарнадан көрсетші деп ұсынатындай жағдайға жетсек дейміз.
- Жаңалықтар жүргізушісі, шеф-редактор қызметтерін атқардыңыз. Телеарна жұмысының ішкі тыныс-тіршілігін жақсы білесіз. Мұндай қызметтік жолдар бүгінде сізге әр қызметкермен қалай сөйлесу керек немесе ұжымды қалай басқару керек деген секілді мәселе туғызбайтын шығар?
- Бұрын қатардағы жауынгер болған кезде кейбір басшылардың шешімдерін әділетсіз деп ойлайтынмын. Өзім басшы болғалы бұл қызметтің жүгі қаншалықты ауыр, жауапты екенін түсінем. Менің ойымша, басшы бірінші кезекте әділетті болуы керек. Қызметкермен сөйлеспей, мәселенің анық-қанығына жетпей жатып шешім қабылдау дұрыс емес деп ойлайм. Екіншіден тәртіп болуы керек. Кез келген ұжым тәртіпті талап етеді. Өзім де бір кездері қатардағы журналист болдым. Сондықтан ұжымдағы әр қызметкерге ерекше мән берем. Телеарнаға жастар көп келеді. Ең әуелі мен оларға дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысам.
- Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ