Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы өзінің көпдеңгейлігімен, жаңғырту бағдарламасын кең ауқымды қамтитындығымен ерекшеленеді және ол Қазақстанның болашағымен тығыз байланысты. Мұнда аса жоғары басымдық ел халқының әл-ауқатын жақсартуға беріліп отыр. Қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға баса назар аударылуы – аса құптарлық әрі игілікті мақсат.
Сырттан байқаушы ретінде мына мәселелерді ерекше бөліп көрсетер едім:
- инновацияларды мақсатты ілгерілету (мысалы, баламалы қуат көздері, жасанды интеллект, қолма-қол ақшасыз экономика);
- білім беруді балабақшадан бастап, академиялық білім беруге дейінгі кешенді ілгерілету. Осындай стратегияны жасау барысында кәсіби дайындықтың маңыздығына екпін түсіру жағын да ойластыруға болар еді. Өйткені бұл арада Швейцариямен ынтымақтастықты кеңейте түсу екі жаққа да тиімділік әкелетіні күмәнсіз;
- құқықтық реформаны нығайту, тұтастай алғанда заң үстемдігін ынталандыру, шын мәнінде, жоспарланған реформаларды табысқа жеткізуде шешуші қадам болып есептеледі;
- Жолдауды жүзеге асыруға жұртшылықты қатыстыруға үндеу және шақыру. Швейцария тәжірибесі тұрғысынан қарағанда, азаматтық, барлық деңгейдегі үкіметтік емес институттарды мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстырушы ретінде қатысуларын жүйелі түрде ынталандырып отыру ықтималдылығы зор және тиімділік әкелетіндігі анық.
Осының барлығы, түптеп келгенде, маңызы зор бағдарламалық құжаттың айрықша қуаттандырушы элементтері.
Тағы да бір атап көрсететін жайт, Қазақстан Президентінің Жолдауында Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының басымдықтары орын-орнына рет-ретімен әбден елеп-екшеліп қойылған. Елдің геостратегиялық жағдайы мен жаһандық экономиканың ағымдағы қозғалыстары мен сілкіністерін ескере келгенде, осы саладағы проблемалар ерекше назар аударуды қажетсінетіні де сөзсіз.
Сырттан байқаушы ретінде тағы бір айтарым, алға қойылған мақсат-міндеттерді өз деңгейінде орындап шығу үшін кең көлемді халықаралық қолдауды пайдалануға, әсіресе Еуропадағы мүдделес әріптестермен қазіргіден де тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырар едім. Бұл арада плюрализм рухындағы ынтымақтастық барлық салада және барлық деңгейде жалғасып жатса, мұның алдағы мақсат-міндеттерге қол жеткізуде алғышарт болатыны және бірлесіп үлкен істер атқаруға деген ұмтылысқа еш қарама-қайшы келмейтіні күмәнсіз.
Рудольф ВИДЕР,
қоғам қайраткері, философия және политология докторы
Берн, Швейцария