• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қазан, 2018

Мұқым ел халқының мүддесі көзделген құжат

419 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан хал­қына арнаған биылғы Жол­дауы – ел өміріндегі елеулі оқиға болғаны баршамызға мәлім. Жолдау – өткенге сараптама жасап, алдағы кезеңде іске асырылуы тиіс міндеттерді белгілеп, болашаққа жол көрсететін тарихи-стратегиялық құжат. 

Мемлекет басшысының сын­­дарлы саясаты – еліміздің әлем­дегі түрлі сынақтарға тө­теп бе­руін, экономикамызды қар­қынды даму жолына түсіретін 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясын, «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Үшінші жаңғыру бойын­ша белгіленген жұмыстарды жүйелі жүргізуді қарастырып, егемен еліміздің одан әрі тұ­рақты дамуының негізгі факторларын қалыптастырады. 

Қазіргі таңда, әлемде қа­лып­­тасқан түрлі геосаяси жағ­дай­ларға, экономикалық дағ­да­рыстарға қарамастан, Прези­дент әлеуметтік салаға, халық­тың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға қатысты нақты сая­сат ұстанып келеді. Соның не­гі­зінде жүргізіліп жатқан әлеу­меттік бағыттағы реформалар халқымыздың бірлігін, қо­­ғамдағы тұрақтылықты қам­тамасыз етіп отыр. 

Президенттің биылғы Қа­зақ­стан халқына арнаған «Қа­зақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру» атты жаңа Жол­дауы еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық дамуының өзек­ті мәселелеріне арналған. Жол­дауда азаматтар үшін маңыз­ды мәселелер – халықтың әлеу­меттік хал-ахуалын көтеру, ең­бек адамының мүддесін қорғау, білім, денсаулық сақтау жайлы да қауіпсіз жағдайда өмір сүру­ді қамтамасыз етуге қатысты түйткілдер атап көрсетілген. Бұл – мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға дайын екендігін білдіретін маңызды көрсеткіш. Жолдауда белгіленген, ауқымы зор алты бағыттың қай-қайсысы болса да халық көкейіндегі өзекті мәселелердің шешімін табудың оңтайлы жолдарын ай­қындап берді. Осы алты ба­ғыт­тың тең жартысы, яғни ха­лық табысының өсуі, тұрмыс са­пасын арттыру, өмір сүруге қо­лайлы орта қалыптастыру, жұ­мысшылардың тұрмыс дең­гейін жақсарту, халықтың әлеу­меттік жағдайына тікелей қатысты. 

Сонымен қатар Елбасы Жол­дауында агроөнеркәсіп ке­шенін өркендету мәселесіне де әдеттегідей үлкен мән беріп отыр. Ауыл – халқымыздың бо­йына нәр құятын алтын бе­сігі, ұлттық рухтың қуат алар қай­нар көзі. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегендей, ауыл көркейсе, халық өмірі жақсарады, әлеуметтік жағдайы көтеріледі деген сөз. Сондықтан да Жолдауда агроөнеркәсіп ке­шенінің әлеуетін толық іске асыру міндеттері алға қо­йыл­ды. Негізгі мақсат – еңбек өнім­­­­ді­лігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экс­портын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту, елімізге за­ма­­­науи агротехнологияларды ауқым­ды түрде тарта отырып, ауыл шаруашылығын мем­ле­кет­тік қолдаудың барлық шара­ларын іске асыру және саланы бас­қаруда әлемдік үздік тә­жі­рибелерді пайдалану. Атал­ған мін­деттемелерді шешу үшін Үкімет агроөнеркәсіптік кешенді да­мытуды көздейтін мемлекеттік бағдарлама аясында қажетті шараларды іске асыруды көздейді.

 Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдауға бюджеттен 240 млрд теңге және көктемгі егіс жұмыстарына 60 млрд теңге қарастырылмақ. Мемлекет басшысы өз Жолдауында аталған салаға жыл сайын қосымша 100 млрд теңге және Ұлттық банктен бөлінетін қаржылар есебінен ауыл шаруашылығы квотасына 200 млрд теңге бөлуді тапсырды, яғни осы салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау екі есе артуда.

Елбасы тапсырмаларын іске асыру мақсатында агро­өнеркәсіптік кешен субъек­ті­лерін қаржылан­дырудың қол­жетімділігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы қаржылық құралдар одан әрі жетілдіріледі және олардың жаңа түрлері енгізіледі. Мәселен, ауыл ша­руашылығында жаңа «аграр­лық қолхат» қаржылық құра­­лын енгізу және ауыл шаруа­шы­лығында сақтан­ды­ру жүйесін түбегейлі өзгер­ту көзделуде, яғни мін­детті сақтандырудан – ерік­ті сақтандыруға өту, сақ­тан­ды­ру төлемдерін субси­дия­лау­дан – сақтандыру сый­ақы­­ла­рын субсидияландыру мә­се­ле­лері. Аталған шара агро­сақ­тан­дырудың тиімділігін артты­рып, саланың несиелік қабі­лет­­тілігін арттыруға мүмкіндік бе­­реді деп күтілуде. Сонымен қа­­тар несиелік серіктестіктер жү­­йесі де қайта қаралатын болады.

Президенттің тапсырма­сына орай, осы салаға көрсеті­летін мемлекеттік қолдау­дың тиімділігін арттыру мақсатын­да тиімсіз субсидиялар толық­тай қысқартылады, ал қалған­дары толықтай автоматтанды­рылады. Тиімсіз субсидиялар егін шаруашылығында 2019 жылдан бастап, ал мал ша­руа­шылығы мен балық ша­руа­шылығында 2020 жылдан толық қысқартылады. Жалпы субсидияларды реформалау барысында оның 54 түрінен 34 түрі ғана қалады.

Ауыл шаруашылығы сала­сын дамыту бойынша Мем­лекет басшысы қойған мін­дет­­­­­темелерді шешудің басты шарт­­­тарының бірі – аграрлық ғы­лым мен білімді дамыту. Осы мақсатта саланы реформа­лау, оның бағытын бизнес сұ­раныс­тарына бейімдеу, әлемдегі озық технологияларды трансферттеу мәселелерін шешу және ауыл шаруашылығы өндірі­сіне бе­делді трансұлттық компаниялар­ды кеңінен тарту міндеттері тұр.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды көздейтін мемлекеттік бағдарламаны жобалық бас­қарудың стандарттарына сәйкес салалық бағдарламалар дайындалады. Сонымен қатар агро­өнеркәсіп кешенінің бас­ты да басым мақсаттары қата­рына қайта өңделген ауыл ша­руа­шылығы өнімдерінің экс­порттық әлеуетін көтеру мін­деттері жатқызылған. Бүгінгі таңда заманауи технологияларды қолдана отырып, бидайдан крахмал, ақ уыз, глютен, тіпті синтетикалық талшық өндіру өндірісі Қапшағай қаласында, Солтүстік Қазақстан және Қос­танай облыстарында іске асуда.

Осы сала бойынша экспорт әлеуетін дамыту мақсатында дәстүрлі нарықтардағы (Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Әзер­байжан) логистика мәселелерін шешу үшін жүйелі жұмыстар жалғастырылады және ол өз кезегінде Қазақстанның Түркия нарығына шығуына өз ықпалын тигізеді.

Жолдауда белгіленген ауыл шаруашылығына қатысты Ел­басы тапсырмаларын орындау үшін қазіргі кезде Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасына біршама өзгерістер енгізу қажет. Парламент Жолдауға қатысты барлық тиісті заң жоба­ларын сапалы әрі жедел қарас­тырып, қабылдайды деген сенім­демін. Қорыта айтқанда, Мем­лекет басшысының бар­­лық Жолдаулары – барша қазақ­стандықтардың мүддесін көз­дейтін стратегиялық құжат. Елі­міздің әрбір азаматы өз тағ­дырын ел тағдырымен байла­ныс­тырып, өнімді және табыс­ты еңбек етіп, Жолдауда бел­гі­ленген мақсаттарды жүзеге асы­руға белсене атсалысуы қажет.

Жеңіс НҰРҒАЛИЕВ,

Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы