Он төртінші республикалық фестиваль «Қоқиқаздар ұя салған өлкеде» деп аталуы тегін емес. «Қызыл кітапқа» енген қоқиқаз Қорғалжын қорығының Теңіз көлін бауыр басқан.
Бірден айта кетейік, алуан құстың қанаты жиі қағылатын өңірдің болашағы өте зор. Әсіресе туризм саласында түстік жерден өзіне тартатын тартымды тұстары көп-ақ. Әлемнің әр қиырындағы табиғат тылсымына деген қызығушылығы бар жұрт сиқырлы әлемнің сырына қанғысы келеді-ақ. Көптің көргісі келетіні, әлбетте, қоқиқаз. Бұл жолғы шараны ұйымдастыруға Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қоры, Қорғалжын экологиялық обсерваториясы және «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы ат салысты.
– Алдағы уақытта қорық аумағында мазмұнды шараларды жиі өткізбекшіміз,–дейді облыс әкімінің орынбасары Марат Иғали. – Бұл өңірдегі әралуан тіршілік иелері көпшіліктің қызығушылығын тудыруда.
Фестиваль аясында АҚШ елшілігінің грантына салынған орнитологиялық орталық таныстырылды. Бұл орталықтың жұмысы әсіресе, оқушылардың қызығушылығын тудырды. Оның да себебі бар. Үстіміздегі оқу жылы еліміздің бірқатар мектептерінде экологиялық тәрбие бағдарламасы енгізіліп отыр. Ал орнитологиялық бақылаудан әлденеше дәріс топтамасы қамтылған.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, келер жылы бұл фестиваль халықаралық деңгейде өткізілмек. Ересектермен қоса, жеткіншектерді де тарту жоспарлануда. Биыл балалар шығармашылық байқауы өткізіліп, қорытындысы шығарылды. Байқау бейнелеу өнері, декоративтік-қолданбалы өнер, қысқаметрлі фильм, фотосурет және экологиялық ертегі аталымдары бойынша өткізілді. Жеңімпаздардың суреттері Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қорының күнтізбесінде жарияланбақ.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Қорғалжын ауданы