Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты
Елбасы Жолдауда ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды деп атап көрсетті. Расында, Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында полиция және Ұлттық Ұлан қызметкерлерін қоса алғанда, мемлекеттік марапаттауға 130 адам өз қызметін атқару кезінде қаза болғаннан кейін ұсынылған екен. Осы жылдың өзінде ғана қызмет атқару кезінде 4 полиция қызметкері қаза болып, 84 қызметкер жарақат алған.
Дегенмен, бұл салада кемшіліктер де аз емес. Биылдың өзінде ғана 600 қызметкер заңсыз іс-әрекеттері үшін жұмыстан босатылған. Демек, штатты оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту және үнемделген қаражатты жалақыны көбейтуге, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттаған дұрыс. Штатты оңтайландыруды аса байыптылықпен жасаған жөн, білгір мамандарды қалдырып, олардың әлеуметтік мәселелерін де шешу қажет. Полиция қызметкерінің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесін және оның жұмыс істеу форматын заманауи үлгіге лайықтау керек. Бүгінгі күні кейбір қылмыс түрлері виртуалды түрде орын алып жатқандықтан, құқық қорғау қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі жоғары және олардың қызметі техникалық жағынан қажетті деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Осы мәселелердің барлығы жүйелі түрде шешілген кезде ғана полиция қызметі халықтың сеніміне ие болатыны сөзсіз.
Жасұлан ИСА,
заңгер
Меніңше, полиция жұмысын жаңғырту үшін ең алдымен тәлімгерлікті қолға алып, осы бағытты түзетіп алу керек. Қазіргі таңда бұрынғы тәлімгерлік тәжірибесі назардан тыс қалды. Жұмысқа жаңа келген жас маманға бағыт-бағдар сілтейтін адам жоқ. Өткен жылы «Исполнение наказании» («Жазаның орындалуы») журналында осы жайлы «Наставник с большой буквы» атты мақала жазған болатынмын. Көп мәселе тәлімгерге байланысты. Үйретіп, жөн сілтеп отыратын адамның жоқтығынан жастар жаңылыс басып жатады. Осыдан келіп полицияның атына сын келеді, қоғамда оларға деген теріс көзқарас қалыптасады. Екіншіден, кадр алмастыру тәжірибесіне баса көңіл бөлінуі қажет. Бір ауданның (ІІД) жедел қызметкерлерін екінші ауданға ауыстырып отыру керек. Неге десеңіз, бір жерде талай жыл істеген қызметкердің көзі үйреніп, келеңсіз көріністерді байқамай қалуы мүмкін.
Марат БӘШІМОВ,
құқықтанушы, заңгер
Қауіпсіздіктің салтанат құруы құқық қорғау органдарының қызметіне тікелей байланысты. Сондықтан Президент құқық қорғау органдары жұмысында түбегейлі және сапалы өзгерістер қажет екендігін айтты. Үкіметке ішкі істер органдары жұмысын жақсарту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды. Себебі, соңғы кездері құқық қорғау органдары жұмысында қоғам наразылығын туғызған көптеген келеңсіз құқық бұзушылықтардың орын алғаны белгілі. Жол-патрульдік қызметінің жұмысы тіптен сын көтермейді. Көптеген полиция қызметкерлері заң нормаларын жетік білмейді.
Көбіне полиция көрсеткішке ғана сүйенеді. Көбірек ұстаса, жақсы жұмыс істейді деген сөз. Бірақ олай емес екенін бәріміз де білеміз. Ал мұндай жұмыс амалы жұртшылықтың ашу-ызасын туғызады. Өркениетті елдерде жөн-жосықсыз адамдарды тоқтатып, әкімшілік хаттама толтыру деген жоқ. Ендеше Президент айтқандай, адам санасында полиция жазалаушы емес, керісінше қиын-қыстау күн туғанда көмек қолын созатын жанашыр ретінде қалыптасуы керек.