• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қараша, 2018

Аграрлық саланы алға сүйрейтін қадам

469 рет
көрсетілді

Еліміздің аграрлық ғылымын бизнестің сұранысына қарай жаңғыртудағы басым бағыттың бірі – ауылшаруашылық саласына жаңа технологияларды жүйелі тарту. Елбасы Жолдауында да еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін заман талаптарына сай инновациялық жолмен дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктелген. Осы орайда Алматыда «Ғылым мен білімге негізделген агроөнеркәсіптік кешенді қалыптастыру мәселелері» тақырыбында халықаралық форум өтті.

Бүгінгі күні еліміздің ауылшаруа­шылық саласының алдында еңбек өнімділігін арттырып, өңделген ауыл­шаруашылық өнімінің экспортын 2,5 есеге көбейту міндеті тұр. Бұл мақ­саттарға жету үшін заманауи технологияларды меңгерген, инновацияға бейім, өндірістің жаңа бағыттарын игер­ген, ғылыми жетістіктерді өндіріс­ке енгізіп, жаңаша ойлай алатын кә­сі­би мамандар қажет. Аталған б­а­ғыт­тарды жандандыру мақсатында саланы басқарудың тың әдістерін қол­данып, ауылшаруашылығы бо­йынша шетелдің білікті мамандарынан тәжірибе алып, озық технологияларын тартудың маңызы зор.

Аграрлық саладағы өзекті мәселе­лерді талқыға салған форум жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, Франция ауылшаруашылық зерттеулер институтының экс-прези­денті Ги Риба, Парламент депутаттары, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдері, салалық одақтар мен ассоциациялар, аграрлық ЖОО басшылары, ауылшаруашылық тауар өндірушілері, білікті ғалымдар қатысып, агроөнеркәсіптік кешендегі өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Форум барысында аграрлық білім берудің жаңа бағыттары, ғылым мен өндіріс интеграциясы сараланып, білім­нің еңбек өнімділігіне трансформациялану мәселелері сөз болды.

Форум жұмысын ашқан Өмірзақ Шөкеев: «Ауылшаруашылығын инно­ва­циялық бағытта дамыту үшін бірінші кезекте білікті мамандар мен жаңа технологиялар қажет. Сондықтан саланы жаңғыртуда білім мен ғылым маңызды рөл атқарады», деп атап өтті.

Қазіргі таңда министрлік респуб­ли­ка­мыздың әр аймағында фермерлерге қызмет көрсететін, жаңа технологиялар трансфертін іске асыратын, озық технологиялармен таныстырып, ауылшаруашылық құрылымдары мамандарын қайта оқытып, даярлықтан өткізетін агропарктар мен аймақтық орталықтар, жаңа технологияларды ұсынатын көрсетілім алаңдарын ашуда. Мамандар бұл бағытта қолға алынған нақты міндеттер аграрлық саланың жаңа тыныс алуына жол ашады деп отыр.

 Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ