Өзбекстанда туып-өскен ол әскери қызметтегі атасының жұмыс ыңғайымен Орталық Азия аумағында отбасымен жиі қоныс аударған. Осы себепті болса керек, ен даланы еркін жайлаған сахара жұртының салт-дәстүріне кішкентайынан қанығып өсіпті. Біз мұны көшпенді халықтардың мәдениеті мен дүниетанымына айрықша орын табылған жас суретшінің шығармашылығынан аңғардық.
Азаның қолтаңбасынан күрделі динамикалық ырғақ пен жұмбақ мазмұнды, образды символ мен метафораны жазбай тануға болады. Уақыт ағымымен үндескен көркемдік техникасының өзгешелігі бірде оңай оқылса, кейде ауыздығымен алысқан асаудай алысқа әкетеді. Мысалы, «Шешелері мен қыздары» (Mothers and Daughters) картинасы қыр әйелінің қала тіршілігіне үйреніскен, түрленген бейнесінің бүгінгі сипаты хақында. Әйел – ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің киесі саналса, бұрым әйел баласының сұлулығына баланатын. Композицияның «Қыздар» картинасында қалалық әйелдер үшін ұзын бұрымның ендігі қадір-қасиеті көрсетілсе, осыған жалғас келесі бір портретінде ішімдік ішкеннен кейін бұрымын кесіп алған әйел кескінделген. Суретшінің айтуынша, суреттің негізгі идеясы кеңестік фильмдерден алынған. Ал «Шешелер» картинасында олардың бұрымы асқар таулар сынды бейнеленеді. Табиғат ана төсінен несібесін терген ауыл әйелдерінің өмірі қалаға көшіп келген соң жаңа арнаға бұрылып сала берді. Енді оларға айран ұйыту, күбі пісіп, май шайқау, құрт қайнатудың керегі жоқ, дүкендерге бар да қалауыңша сатып ала бер! Мұның соңы немен тынады? Қазіргі қазақ әйелі дегенде кімді көрсетеміз? «Шешелері мен қыздары» атты сериялық жұмыс, міне, осындай сұрақтарға түрткі болар мазмұн тудырады.
Азаның галереясындағы тағы бір іргелі жұмыс – Арал тақырыбына арналған «Аза тұту текстурасы» (Textures of grieving) атты полотносы. Әрине Арал теңізін құтқару тақырыбына қалам тартпаған жазарман қауымы кем де кем. Әйтсе де Азаның Арал тақырыбы төңірегіндегі ізденісі формалық мазмұнымен дараланады. Яғни теңіз бен адам тағдырын ұқсастыра отырып, жұмыстың негізгі өзегіне айналдырған. Мұны автордың өзі былай деп түсіндіреді:
«Бұл жұмыстың негізгі айтар ойы осы төңіректегі ұлттар мен құрып кетуге шақ қалған Арал теңізінің мүшкіл жағдайы туралы. Олардың ортақ тұсы бар. Орталық Азияны советтендіру қоғамды айтарлықтай өзгерістерге ұшыратқаны баршаға мәлім. Әйелдерге кеңшілік, теңдік беру деген желеу халықты ұлттық болмысынан айырды. Осындай абсурдтық бейнелер арқылы Кеңес Одағы идеологиясы Орталық Азия үшін тиімді болды ма, әлде ұлттарды күштеп ұйытқан «бірлігі» тұрғылықты халықтардың біртіндеп жойылуына әкеп соқты ма деген сұрақты көлденең тастаймын», дейді. Атамекенінен жырақта өсіп, қиыр жайлаған қазақ қызының кез келген дүниеге ұлттық дүниетаным эпицентрінен көз салатындығы ұнады. Көненің көзін көксегені ескішілдікке бұра тартқаны емес.
«Өнер қазіргі сәтте өмір сүруі тиіс. Әдемілікті көгерген наннан да, жүзін қайғы торлаған қартамыс әйелдің бетінен де көруге болады» дейтін суретшінің кескіндемедегі аяқ алысының нығая түсуіне 1920-40 жылдардың әсері зор болған. Әсіресе Казимир Малевич, Наталья Гончарова, Эрнст Кирхнер, Ман Рэй, Макс Бекман сынды көркем мәдениетке тайсалмай жаңашыл леп әкелген суретшілер шығармашылығындағы түстер композициясы мен тақырып алуандығы оны әу бастан ереше қызықтырған.
– Мені ертеректегі суретшілер қарапайым да терең мазмұнымен тартып тұрады. Бәлкім солар өмір сүрген шақтар жаныма жақын болар. Зымыраған бүгінгі заманның жаңашылдықтарын аса ұната бермеймін, – дейді Аза.
Лондонда он жылдан астам уақыт тұрып келген ол жуырда теңіз жағасындағы Гастингс қалашығына қоныс аударыпты. Мұнда креативті дизайнер ретінде әртүрлі жобаларға атсалысып тұрады. Кісі аяғы үзілмейтін кафе, мейрамханалар мен шоколад дүкендері, кішігірім сауда-саттық орындары мен мерекелік фестивальдардың орталығына айналған қала құшағы қай кезде болсын суретшілерді жатсынбаған. Тіпті бейресми түрде «суретшілер қаласы» деп те аталуы тегін болмаса керек-ті. Біздің суретші қыз да осы қалада шығармашылығын өрістетіп, әлемнің көркемсурет галереяларында жылына кем дегенде бес мәрте жеке көрмесі өтсе деген меже қойып отыр. Өзің айтқандай, экспромт-қиялың мен қуатты ақындық шабытың тасқындай берсін, Аза!