Елбасының отбасылық мал бордақылау алаңдарының санын арттыру жөніндегі тапсырмасы Шығыс Қазақстанда жүйелі түрде орындалып жатыр деуге болады. Бүгінде өңірдің бір ғана Тарбағатай ауданында мыңға жуық отбасы өз үйінің ауласында мал бордақылаумен шұғылданып отыр.
Төрт мың басқа арналған қоражай салды
Ежелден мал шаруашылығы өркен жайған Барқытбел баурайындағы Тарбағатай ауданында мал бордақылауды кәсіп еткен тұрғындар мен шаруа қожалықтарының саны жылдан жылға көбейіп келеді. Сәтпаев ауылындағы «Ықыбай» шаруа қожалығы жақында 4 мың басқа арналған бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр. Алаңның құрылысы биыл мамыр айының аяғында басталыпты. Бұған дейін осы жерде 500 бас ірі қараны семірткен шаруақожалық қыстамаға 8 мың орам шөп әзірлеп, 160 гектарға жүгері егіпті. Сүрлемді сақтау үшін жан-жағы қоршалған, ұзындығы 120, биіктігі 3, ені 6 метрлік екі шұңқыр қазыпты. Біз барғанда жігіттер шұңқырға тасталған жүгеріге күрекпен тұз лақтырып жатты. «Салат дайындап жатырмыз» деп қалжыңдады олардың бірі.
«Ықыбай» шаруа қожалығы бордақылау алаңын салу үшін былтыр мемлекеттен 300 миллион теңге көлемінде несие алыпты. Қожалықтың іс басқарушысы Мерғали Рахымбаев жаңадан салынып жатқан бордақылау алаңының жалпы көлемі 6 гектар екендігін, 360 басқа арналған екі қоражай мен 6 ашық бордақылау алаңы тұрғызылғанын айтты. Ашық бордақылау алаңдарында ірі қараны қақаған қыста да семіртуге болады екен. Мұны «канадалық суық әдіс» деп атайды. Бордақыдағы мал алаңның ішінде бос жүреді. Оларға жем-шөп тракторлардың көмегімен салынады.
«Бордақылау алаңы қарашаның соңына қарай жұмысын бастайды. Мұнда тек бұқаларды ғана жемдейміз. 700 бұзау өзімізде бар. Қалғанын осы ауылдан, ауданның басқа елді мекендерінен сатып аламыз. Ірі қараны бес ай бордақылаймыз. Бес айда әжептәуір салмақ қосады. 100 мыңға алсаң, 160-170 мың теңге болады. Қазір мұнда 22 адам жұмыс істеп жүр, бордақылау алаңы іске қосылғаннан кейін жұмысшылар саны 40-қа жетеді деп отырмыз», дейді Мерғали Рахымбаев.
Сәтбаев ауылдық округы әкімінің міндетін атқарушы Алмас Ерзатовтың айтуынша, 1100 тұрғыны бар елді мекенде 5 мың ірі қара, 2790 жылқы, 7980 қой-ешкі бар. Ал ауылда 484 басқа арналған (20 орындықтан 50-ге дейін) 28 бордақылау алаңы жұмыс істейді екен. «Бұрын ауылымызда мал бордақылайтын тұрғындар саны аз болатын. Соңғы 5 жылда ірі қараны жемдеушілер қатары көбейді. «Ықыбай» шаруа қожалығы салып жатқан 4 мың орындық алаң Тарбағатай ауданындағы ең алғашқы үлкен бордақылау алаңы болуы керек. Мұндай бордақылау алаңдары облысымызда да көп емес. Енді олар аудандағы шағын шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырып, семіртілген малдарын қабылдайды. Тұрғындар малдарын өткізгені үшін мемлекеттен субсидия алады», дейді А.Ерзатов.
Отбасылық бордақылау алаңдары аудан орталығы Ақсуат ауылында да көбейіп келеді. Ақсуаттың тұрғыны Қуат Аринов 2016 жылы 60 басқа арналғанын ашыпты. Былтыр оны 80 орынға кеңейтсе, биыл 100 бас ірі-қараны жемдеуді жоспарлап отыр. «Өзім қазан айынан сәуірге дейін бордақыға қоямын. Екі жұмысшы ұстаймын. Бордақыға жұрттан сатып алып та, өзіміздің малдың бұзау, тайыншасын да қоямыз. Қыс бойы жемделген малды көктемде сатамыз. Көктемде жемдеп сатсаң малың етті, салмақты, бағасы да жақсы болады. Жемделген мал күніне 1 келіден салмақ қосады. Қазір ауылымызда отбасылық бордақылау алаңдары көбейді. Қарапайым халық жемдеп сатудың пайдасын түсінген секілді», деген Қуат Аринов осыдан екі жыл бұрын «Құлан» бағдарламасы арқылы жылқы алғанын, енді лизингке техника алуды жоспарлап отырғанын, соған құжаттарын жинап қойғанын жеткізді.
Баланы да еңбекке баулыңыз
Мал шаруашылығына машықтанған Тарбағатай ауданының шаруалары биыл әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1 миллиард 500 миллион теңге несие алыпты. Енді осы қаржыға Ресейден 6 мың бас мал сатып алуды жоспарлап отыр. Қазір ауданда Сәтпаев ауылынан бөлек Құмкөл елді мекенінде 2 мың басқа арналған бордақылау алаңы салынып жатыр екен. Жақында Екпін ауылында 3 мың орындық тағы біреуі салынбақ. «Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Үкіметке отбасылық бордақылау алаңдарын көбейтуді тапсырған болатын. Бес жыл бұрын осында әкім болып келгенімде ауданда бірде-біреуі жоқтығына таңғалған едім. Тек үлкен кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында ғана болатын. Қарапайым тұрғындар жайлаудан түскен соң малын 80 мыңнан сата беретін. Мен осыны түсінбей: «Нағыз пайда табатын кезде неге ақ адал малдарыңызды арзанға бересіздер? Қораға жемге қойыңыз. Қазан, қараша, желтоқсан, үш ай үйде не істейсіз? Бордақылаңыз. 100 мыңдық малыңыз 200 мың болады. Жарайды, 20 мыңды жемі мен шөбі деп шығарып тастаңыз, 80 мың теңге пайда көресіз. Керек болса, қаңтар, ақпан, наурыз айларында қайта қойыңыз» деген едім аудан тұрғындарына. Бұл менің ашқан жаңалығым емес. Оңтүстіктегі тәжірибені айттым. Қазір Құдайға шүкір, ауданда мыңға жуық үйде отбасылық бордақылау алаңдары бар. Оның тағы бір пайдасы, баланы еңбекке баулуға болады. Мәселен, сіз үйіңізде 10 мал жемдесеңіз, балаңызға «біреуі сенікі» деңіз. Жемін, шөбін салады, қарайды. Әрі кетсе 10 минут. 8 сағат жүрмейді ғой 10 малдың басында. Бір жағы сергиді, бір жағы еңбек етеді. Ұялы телефонға шұқшиып, телефонға телміргеннен гөрі қолына аша ұстағаны жақсы емес пе?!», – дейді аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы