• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2010

"ЫМЫРТТАҒЫ МАХАББАТ"

1771 рет
көрсетілді

немесе 100 рет қойылған спектакль жайлы бірер сөз М.Әуезов атындағы Қа­зақ мемлекеттік академия­лық драма театрының директоры Есмұхан Обаев айтпақшы, кейбір қойылым­дардың ғұмы­ры 2-3-реттен аспаса, ре­жиссер Рубен Андриасян қазақ театрында сахналаған Г.Гаупт­ман­ның драмасы бойынша “Ымырттағы махаб­бат”  спектаклі жуырда 100-ші рет қойылды. Қазақ драма театрына он жылдан кейін қайта оралған Асанәлі Әшімовке алғашқыда Рубен Андриасян орыс драма театрында Лир патшаның рөлін сомдауға ұсыныс білдірген екен. Алайда, актер немістің талантты драматургы, Нобель сыйлығының лауреаты Гауптманның әйгілі драмасында ойнауға келісім береді. Содан бері де 8 жыл өтіп, “Ымырт­тағы махаббат” М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көрерменді көп жинаған қойылым қатарына көтерілді. “Ымырттағы махаббатқа” біз 2002 жылы ақпан мен қазан ара­лығында ұзақ дайындалдық. Мұн­дай ұзақ репетиция Әуезов театрын­да Әзірбайжан Мәмбетов­тен кейін болып көрген емес. Режис­сер Андриасян М.Горькийдің “Шыңы­рау­” пьесасына екі жыл қатарынан репетиция жүргізген Немирович-Данченконың әдісіне сүйенді. Есесіне бұл спектакль МХАТ сахнасынан 40 жыл қа­тарынан түскен жоқ” дейтін Асекең­нің кітабында аталмыш спек­такльге қатысты естелік жолдары бар екен. Қарт актердің пайымдауынша, аз уақытта да қойылымды сахна­лауға болады. Алайда, Әшімов “...4-5 репе­тицияда актер мәтінді жаттап алуы мүмкін, бірақ, сол кейіпке толық еніп, кейіпкердің жан-дүние­сін толық зерттеп үлгере алмайды”, дейді. Содан бері Асанәлі Әшімов немістің ауқатты да абыройлы, бірақ жалғыздық азабын тартқан Маттиастың рөлін сомдап келеді. Маттиастың көңіл-күйінен кейде өз тағдырын да көретін актердің жанына Гауптманның драмасы жақын деуге де болады. Тағдырдың талай теперішіне мойымай, қиналған сайын алға ұмтылған Асанәлі Әшімовке – Маттиас Клаузенге ғашық болмау мүмкін емес. Әрине, бәйшешек атқан Инкен Петерс те (актриса Назгүл Қарабалина) оны сүйеді. Маттиас үшін ол да мына дүниені тәрк етіп, қол ұстасып, баз кешіп кетуге бар. Дегенмен, бір өкініш­тісі, актрисаның дауысында нәзік­тік пен дәрменсіз­діктен, қасірет­тен гөрі өктемдік басым болып көрі­нетін тұстары бар. Театр сыншысы болмасақ та, біз бұл ескертуді спектакльдің тағы да жүз рет қойы­латынына сеніп, жанашыр­лықпен айтып отырмыз. Маттиастың бала-шағасы әке­лері­нің өзі де, дүниесі де қолдары­нан сусып шығып бара жатқанын білген­де, аласұрып, бақ-дәулеттен айырыл­мау үшін барларын салып, тіпті әкелеріне “ақыл-есі ауысқан” деген жалған анықтама жасатып, жанта­ласады. Әкелеріне қастық қылуға дәті бармайтын бір адам бар – ол кенже баласы Эгмонд (Азамат Сұрапбаев). Сүйікті қыздары Оттилия (Данагүл Темірсұлтанова) мен Бет­ти­наға да (Алма Кәкішева) жеме-жемге келгенде әкелерінің бақытты болғаны керек емес екен. Дүние жақынырақ... Маттиастың үлкен ұлы Вольфгангты – актер Бақтияр Қожаның да жан-жақты қабілет иесі екендігін көресің. Бұл спек­такль күйеу баласы Эрик Кламрат­ты сомдаған Берік Айт­жанов­ты да мүлде жаңа қырынан танытады. “Ағайындылар” теле­сериалы арқы­лы киноға өз қолтаң­басымен кел­ген Берік Айтжанов бүгінде “әкем­театрдың” берік бір уығына айналып отыр. Осыдан 35 жыл бұрынғы “Беке­жан” мен “Төлегеннің” өнерде бір тоғысатын тұсы да осы драма. Құман Тастанбеков аталмыш спек­такльде Маттиастың дәрігері – Штей­ницті ойнайды. Дарынды актерлар шоғыры туралы сөз қозғай отырып, үй қызметшісі Винтерді ойнаған Омар Қиқымовтың кейіп­керін аттап өту мүмкін емес. Алаң­ғасарлау сияқты көрінгенімен, адамдығы мен адалдығынан айнып көрмеген қара нәсілді қызметшіні Қиқымов қалай келістіреді десеңіз­ші! Кішкентай рөлдегі оның үлкен дарыны даусыз ризашылық туғызбақ. Ал Инкеннің шешесі – фрау Петерсті Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі Бақыт Жанғалиева соңғы жылдары тек өзі бейнелеп жүр. Бұл рөлде өзіне тән тәкап­парлығын аналық мейірім мен сабырға суарған Бақыт Жанға­лиевадан басқа актрисаны елестету мүмкін емес. Еуропалық бекзат бол­мысты барынша сендіріп сурет­тейтін актриса көрермендердің қандай қолпашына болса да лайық. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. БАПАС КҮЙШІ Дәулеткерей Шығайұлының туғанына – 190 жыл Берік САДЫР. Астанадағы Ұлттық академия­лық кітапханада белгілі күйші, композитор Дәулеткерей Шығай­ұлы­ның туғанына 190 жыл толуына орай “Құдірет рухын күй тілімен кестелеген Бапас баба” атты музыкалық-танымдық кеш өтті. Дәулеткерей Шығайұлы бұрын­ғы Бөкей ордасына, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ау­даны­на қарасты Қорамола ауылын­да 1820 жылдар шамасында дүниеге келген. Ол алғаш белгілі күйші Мүсірәліден домбыра тартуды үйреніп, келе өзінің дарынының арқасында өлкедегі күй саңлақ­тары­ның өнерін толығымен мең­геріп барып, өз жанынан да күй шығара бастайды. Орыс халқымен аралас-құралас болғандықтан, олардың балалайка, гитара сияқты аспаптарында да ойнауды меңгеріп алады. Оның ең әуелгі шығарма­ларының бірі – Ақбала атты сұлу қызға арналған “Ақжелең” күйі екен. Күйші өнерінің алғашқы кезеңі – ұстазы Мүсірәлінің күйшілік өнеріне ден қоюдан басталады. Сол жастық сезімнің алғашқы қарлығашындай болып “Ақжелең”, “Қосалқа” атты туын­дылары дүниеге келеді. Алғашқы күйлерінен-ақ дарынның тегеурінді аяқалысы, өзіндік қолтаңбасы айқын аңғарылады. Ғалым Ақселеу Сейдімбектің айтуынша, “Күйді Дәулеткерей күшеніп шығармайды, керісінше аста-төк сезіммен көсіп алып, табиғаттың өзіндей табиғи қалпында ұсынады. Ол өзінің осынау кірпияз күйшілігінен өле-өлгенше қылдай ауытқыған емес.” Жастық шағында күйші жалын сезімге бой алдырғанын аңғаруға болады. Бұған сол кезде дүниеге келген “Ақжелең”, “Қосалқа”, “Желдірме”, “Қоңыр”, “Құдаша” сияқты күйлері куә. Ал есейген шағында дарын иесінің өмірге көзқарасы өзгеріп, онысы туынды­ларында көрініс таба бастайды. Ол өзі ғұмыр кешкен алмағайып кезеңде күйді жұбаныш етумен тынбай, күй арқылы қоғамға, заманға үкім айтқан суреткер. Әсіресе, 1855 жылы Петер­бургке барып, Александр ІІ патша­ның таққа отыру салтанатын көріп қайтқаннан кейін, елінің тағ­­дыры­на басқаша көзқарас қалыптасады. Дәулеткерейдің осы тұста күйшілік өнерге құныға ден қойып, шабы­тын жанығандай күй кешуіне Құр­манғазымен кездесуі себепші бола­ды. Қос ұлы күйші іштей түсі­нісіп, арман-тілектері бір арнадан тоғы­сып, бір-біріне күй де арнайды. Қандай өнер иесі болса да өзі ғұмыр кешкен заманнан тысқары бола алмасы анық. Өзі куә болған кезеңнің тыныс-тіршілігі, болмыс-бітімі суреткер туындысынан көрініс табары сөзсіз. Бұл қасиет­тен Дәулеткерей де шет қалмай, саналы ғұмырының барысында күй өнерін асқақтатып, артына өлместей мұра қалдырып өтті. Бір ғана дәулескер домбырашы Науша Бөкейханов Дәулеткерейдің елуге тарта күйін кейінгі ұрпаққа мирас етіп табыстаса, ал күйшінің сол дәуірдегі артынан ерген шәкірттері ұстаздарының өнерін бағалап “Бапас” деп атаған екен. Ол – күй атасы деген мағынаны береді. Ұлттық кітапханада осындай дарын иесін еске алып кеш ұйым­дастырған қалың көпшілік алдында кітапхана басшысы, жазушы Рақым­жан Отарбаев күйшінің өмір сүрген ортасы мен шығармашы­лығын сабақтастыра әңгіме өрбітсе, күйші-композитор Орынбай Дүй­сен Дәулеткерейдің таңдамалы күй­лерін орындап, әр шығармаға тал­дау жасай отырып, сипаттама беріп өтті. ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ – РЕСЕЙ АКАДЕМИГІ Үстіміздегі жылдың 25 ақпанында Ресей жараты­лыстану ғылымдары академия­сында өткен халықаралық конференция шеңберінде “Халық қаһарманы”, ұшқыш-космонавт, авиация генерал-лейтенанты, Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық ғарыш агентті­гінің төрағасы Талғат Мұса­баевқа Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі куәлігі мен Ресейдің ұлы ғалымы В.И.Вернадский бейнеленген алтын белгі салтанатты жағдайда табыс етілді. Сонымен бірге, “Космонав­тикаға қолдау жасау халық­аралық қоғамдық қайырым­дылық қоры” орталық кеңесінің шешіміне сәйкес ғарыштық ұшулардағы ерлігі мен қажыр­лылығы және космонавтикаға берілгендігі үшін Талғат Аман­гелдіұлы “За заслуги перед космонавтикой” медалімен наградталды. “Егемен-ақпарат”.