Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы Жолдауында Үкіметке бюджет шығыстарындағы басымдықтарды қайта қарауға тапсырма беріп, алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көзден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу жөнінде айтты.
Бұл – үлкен қолдау әрі ауқымды меже. Осы орайда елімізде ғылым саласының қаржыландырылуы көңіл көншіте ме деген сауал туады. Егер, ресми статистикаға назар аударсақ, 2017 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған қаражаттың мөлшері ішкі жалпы өнімнің 0,13 пайызын құраған екен. Бұл – әрине, Елбасы айтқан межемен салыстырғанда теңізге тамған тамшыдай. Ал өркениетті елдерде ғылымның қаржыландырылуы әлдеқайда жоғары. Мәселен, Израиль – 4,3, Оңтүстік Корея – 4,2, Швейцария – 3,23, Жапония – 3,21, Швеция – 3,2, АҚШ – 2,79, Қытай – 2,07, Ресей – 1,1 пайыз көлемінде ішкі жалпы өнімнен ғылымға қаражат бөледі. Сәйкесінше, аталған елдерде ғылым саласы, соның ішінде нанотехнологиялар, ақпараттық технологиялар мен биохимия және тағы басқа салалардың дамуы көш бойы ұзап кетті. Тұтас өндіріс салалары роботтандырылып, өнеркәсіптік революцияның келесі кезеңіне еркін өтіп отыр. Мұның басты себептерінің бірі, бұл елдерде бизнес құрылымдарының ғылыми жобаларды коммерцияландыруда ықпалы айтарлықтай жоғары.
Мәселен, әйгілі өндіріс төңкерісшілері санатындағы Илон Маск ғарышты игеру, күн энергиясын пайдалану, электрлі көліктер шығару саласын мемлекеттік емес секторда да дамытуға болатындығын дәлелдеді.
Бұл бұл ма, адамның ойына келмейтін мақсат-мұраттарымен байыз таппайтын миллиардер қалалар мен құрлықтардың арасын жақындату үшін түрлі ғылыми жобаларды қаржыландыруға бел шеше кіріскені белгілі. Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін салушы һәм президенті Клаус Шваб өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты еңбегінде 2025 жылға дейінгі жиырмадан аса бетбұрысты мезетке бастайтын өзгерістер туралы болжамында адамдардың 10 пайызы интернет желісіне қосылған киім киетінін, 90 пайызы мәліметтерді тегін және шектеусіз сақтау мүмкіндігіне ие болатынын, интернет желісіне қосылған 1 триллион датчик болатынын, АҚШ-та алғашқы робот-фармацевт жұмыс істей бастайтынын, оқуға арналған көзілдіріктердің 10 пайызы интернетке қосылатынын, 3D басып шығару арқылы алғашқы автокөлік өндірісі пайда болатынын, халық санағы сияқты үлкен мәлімет көздерін ауыстыратын үкімет құрылатынын, тұтыну тауарларының 5 пайызы 3D басып шығару технологиясымен шығарылатынын және басқа да көптеген жаңашылдықтар күтілетінін айтады. Әрине, мұның бәрі шетелдік ғылымның коммерцияландырылуы жолға қойылғанын меңзейтін маңызды болжамдар.
Қазақстан да ғылыми бағыттарды коммерцияландыруға қадам басқаны белгілі. Яғни, ұзақ жыл бойы нарықтық қатынастардың енуімен бірге тоқырап қалған ғылымды өндіріспен, инновациялық әлеуетпен ұштастыруда бірқатар шаруа қолға алынды. Мәселен, он жылға жуық уақыт бұрын, нақты айтқанда 2009 жылы 4 қыркүйекте отандық ғалымдардың басын қосқан алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғылым мен ғылыми-техникалық әріптестікті дамытудың жаңа моделін құруды ұсынған болатын. Осыдан екі жылдан кейін біршама уақыт орталық және заң шығарушы биліктің назарынан тыс қалған «Ғылым туралы» заң қабылданды. Сондай-ақ «Ғылым қоры» АҚ-тың дербес қызметін жетілдіру мақсатында оны «Парасат» холдингінен шығару үдерісі жүргізілді. Аталған қор ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жобаларын бизнеспен бірге жүзеге асыруда ұлттық оператор рөліне бекіді. Бұл үдерістер әрине, ғылыми жобаларды коммерцияландыруда отандық ғылымдағы қасаң қағиданың қабырғасын сөгіп, сеңді жібіткендей болғанымен, ұлттық ғылымды қаржыландыру төңірегінде алып-қашты әңгімелердің тыйылуына, ғылыми әлеуеттің теңдей ризашылығына әлі күнге дейін ие бола алмай келе жатқаны байқалады.
Өйткені елімізде әлі де болса инновация көрсеткіші төмен, жалған ғылыми басылымдарға мақала шығарудан бас тарта қойған жоқпыз. Айталық, 2016 жылы халықаралық қауымдастықта 1797 ғылыми патент сатылса, Қазақстанның үлесі бар болғаны 1 млн долларды құраған екен. Ғылымы алға озған елдер бұл салада орасан табыс табады. Ғылымды қаржыландыру – ғылым арқылы табыс табу деген ұғым. Сондықтан Елбасы Жолдауында әлеуметтік салаға бөлінетін шығыстарды 10 пайызға арттыру аясында ғылымның да бюджет қазанының бір құлағына ие болуына мүмкіндік беріледі. Бұл ең алдымен қазақстандық ғылыми әлеуетті елімізде сақтап қалады, осы арқылы отандық ғылым саласын дамытуға мемлекеттік деңгейде көрсетілетін қуатты қолдау болады деген үмітті оятып отыр.
Бұл ретте ғалымдар не дейді? Техника ғылымдарының докторы, профессор Сейітқасым Байбековтің айтуынша, ғылымды қаржыландыруда шешуші рөлге ие Ұлттық ғылыми кеңестің (ҰҒК) функциясын жетілдіру қажет. «Ғылым комитеті мемлекеттік тапсырысқа бірнеше бағыт бойынша байқау өткізеді. Ғалымдар өз жобасын қаржыландыруға өтініш береді. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы (ҰМҒТСО) бір жобаны үш сарапшыға жібереді. Оның екеуі – шетелдік сарапшы. Оларға еңбекақы төлейді. Ал шетелдіктердің еңбекақысы отандық сарапшылардан әлдеқайда көп. Осы бойынша жобаға қойылатын максималды балл – 36. Бұдан кейін жоба Ұлттық ғылыми кеңеске келеді. Оның 30 шақты мүшесі бар. ҰМҒТСО-ның жобаға берген балын ҰҒК отырысында ескермеуі, өткізбей тастауы ықтимал. Немесе төмен балл жинаған жобаны ҰҒК өткізіп жібереді. Осыдан келіп ғылымның төңірегінде дау-дамай, жемқорлық туралы күмән туады. Міне, негізгі мәселе осыда», дейді ол.
Ал Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерінің уәжі – шетелдік сарапшылар жобаның мән-маңызын түсінбейді дегенге саяды. ҰҒК-да ҰМҒТСО балын жою өкілеттігі болса, онда сараптаманың қажеті қанша? Бұл ретте ҰМҒТСО өкілдері жобаның әлемдік тұрғыдан өзектілігін бағалау үшін сараптама қажет дегенді алға тартады. Осы орайда ғалымның ұсынысы мынадай. Біріншіден, ҰМҒТСО төмен балл қоятын болса, оны ҰҒК мүлде қарамауы керек. Қазақстанда білімді бағалаудың бірыңғай жүйесі бекітілген. Осы бойынша шекті балды белгілеген абзал. Екіншіден, ҰҒК мүшелері құпия дауыс беріп, оны балға айналдыруы тиіс. Сондай-ақ кей гуманитарлық ғылыми жобаларды бағалауда шетелдік сарапшылар қажет емес. Сондықтан оған артық қаражат шығарудың қажеті жоқ. Үшіншіден, компьютерлік бағдарлама арқылы шешім қабылдануы тиіс. Оған сұралған қаражат пен ҰМҒТСО және ҰҒК балын енгізсе, компьютерлік бағдарлама бас тарту немесе қабылдау туралы шешім шығарады. Есеп бойынша сұралған қаражатты береді немесе кемітеді. Яғни ғалымдар арасындағы ғылыми еңбектерді бағалау және қаржыны бөлудің бірыңғай жүйесі ретінде дау-дамайды тыятын ашық әрі әділетті жүйе болар еді, дейді С.Байбеков.
Бұған орталық ведомство өкілдері не дейді? Соңғы жылдары ел Үкіметінің ғылыми-техникалық саясатына зер салсақ, ұлттық экономикада шикізат ресурстарына тәуелділікті азайтып, ғылымды қажет ететін өндіріс саласын құруға бағыттала бастағанын байқаймыз. Бұл тарапта түрлі бағдарламалар қабылданып, бірқатар іс-шаралардың жүзеге асырыла бастағанына қарамастан, өзекті мәселе жетерлік. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының міндетін атқарушы Еркін Садықовпен әңгімелескенімізде, ол аталған ведомствода салалық мемлекеттік органдармен және ғылыми қоғамдастықпен бірге ғылым саласын жетілдіру тұжырымдамасының жобасы жасалғанын жеткізді. Е.Садықовтың айтуынша, ғылыми гранттар байқауының құжаттарына қойылар талапты жетілдіру көзделіп отыр. Мәселен, өтінім формасына халықаралық талапқа сай, ғылыми-техникалық тапсырманы жүргізуге қажетті шығындардың негіздемесін баптар бойынша көрсететін қосымша өтінім формасы керек. Бұл мемлекеттік бағдарламамен қоса алғандағы бағдарламаның мақсатын, міндетін, тікелей және соңғы нәтижелерін, сондай-ақ сала дамуының стратегиясын айқындайды. Сонымен бірге байқау өтінімдерін қарау үдерісін жетілдіру қарастырылып, халықаралық стандартқа сай сөз саны, зерттеу тобына талаптар, Turnitin, iThenticate жүйелері арқылы плагиаттыққа тексеру жүргізілмек. Сондай-ақ ҰҒК қызметін жетілдіру қарастырылуда. Яғни, ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО, ғылыми қоғамдастық бірлестіктерінің ұсынуымен кеңес құрамына енетін ғалымдарда 3 Хирша индексі болуы тиіс. Және басым бағыттар бойынша ғалымдардың пайдасына бизнес құрылымдары өкілдеріне қатысты пайыздық өзгерістер, Этикалық кодексті енгізу, құпия дауыс беруді ашық дауыс беруге ауыстыру, ҰҒК отырыстарын ҰМҒТСО интернет-ресурсында тікелей транслияциялау және әрі қарай отырыс жазбасын сақтау сияқты өзгерістер қарастырылған. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама өткізуді ұйымдастыруды жетілдіру де қаралмақ. Бір уақытта 1 шетелдік, 1 қазақстандық сараптама, экономикалық сарап және ҰҒК қарауы, сарапшыны автоматты түрде таңдау көзделіп отыр. Ғылым комитеті сонымен бірге жоғары оқу орны ғылымын дамытуды, ғылым саласындағы салық салуды да жетілдіруді мақсат тұтып отыр.
Жалпы «Ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заңды жүзеге асыру аясында бірінші бағытта бірқатар құқықтық-нормативтік актілер қабылданып, ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру жобасын қаржыландыру мен сараптамадан өткізу ережесі бекітілді. Ал екінші бағытта 2016-2017 жылдары гранттық бағдарламалар бойынша 4 байқау өткізілді. Қор желісі бойынша – 2 байқау, Дүниежүзілік банк жобасы аясында 2 байқау өтіп, жалпы сомасы 28 млрд теңгені құрайтын 138 жоба қаржыландырылды. 2017-2018 жылдары Дүниежүзілік банктің жобасы аясында «Өндірістік сектор консорциумы» гранттық бағдарлармасы бойынша 2 байқау өтті. Халықаралық ғылым мен коммерцияландыру кеңесінің ұсынысына сәйкес, 6 жоба таңдап алынды. Қазіргі уақытта Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ЖОО жанында ғалымдарды бәсекеге қабілетті, халықаралық зерттеулерге араласу және жеке интеллектуалдық меншігін қорғау мен коммерцияландыруы үшін ағылшын тіліне оқыту жоспарланып отыр.
«Ғалыммен жақын болсаң, қолың жетер» дегендей, ғылымға жақындау жер-жаһандағы жақсылыққа жақындау ғой. Сондықтан ғылым саласында оқ бойы озық болуға мүдделі әлемдік қауымдастықта еліміздің де үлесі болуы тиіс.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»