Қазақстан Президенті H.Hазарбаев осыдан бірнеше жыл бұрын поляк журналистерінің сауалдарына жауап бере отырып, қазақ-поляк қарым-қатынастарының маңызын былайша сипаттаған еді: “...Қазақстан Польшаны Орта және Шығыс Еуропадағы маңызды экономикалық және саяси серіктес ретінде қарастырады, екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары дәрежедегі сенімділік пен шешілмеген мәселелердің жоқтығымен ерекшеленеді...”.Бүгінгі күні ең әуелі сауда-экономика саласындағы ұтымды ынтымақтастықпен бекітілген бұл қатынастар Еуропа Одағы шеңберінде де, екіжақты тұрғыда да жемісті жалғасып келеді.
Қазақ-поляк экономика саласындағы қатынастарының негізін үш маңызды үкіметаралық келісім құрайды: Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісім, Инвестицияларды тарту мен өзара қорғау жөніндегі келісім, Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция. Ынтымақтастықты дамытуға экономиканың жекелеген салаларындағы әрекеттерге бағытталған бірқатар басқа да құжаттар оң ықпал етіп отыр.
Бүгінгі күні мұнай-газ өндірісі, көлік, коммуникациялар, құрылыс, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық өндірісінің тауарларын қайта өңдеу, мәшине жасау, туризм, жиһаз және фармацевтика салаларындағы байланыстардың қарқын ала бастағанын айта кеткен орынды.
Польша Қазақстан үшін Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екендігі мәлім. Ол Қазақстанмен тауар айналымының көлемі бойынша Орта және Шығыс Еуропа мемлекеттері арасында алдыңғы орында тұр. Нақтырақ айтсақ, Еуропа Одағы мемлекеттері арасында 7-ші орын, әлем мемлекеттері арасында 15-ші орын алады. Мысалы, 2009 жылдың 11 айының нәтижесі бойынша Польшаның Қазақстанның тауар айналымының жалпы көлеміндегі үлес салмағы 1,7% болды. Сонымен қатар, Польшаның Қазақстан экспорты жалпы көлеміндегі үлес салмағы 1,9%-дан асты (2008 жылдың сәйкес мерзімінде тек 0,6% болған), ал Қазақстан импортының жалпы көлеміндегі бұл көрсеткіш 1,4% құрады (2008 жылдың сәйкес мерзімінде ол – 1,0%). Соңғы 8 жылда ҚР мен ПР арасындағы тауар айналымы 10 есе көбейіп, ары қарай да өсу үрдісін байқатып отыр.
Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан мен Польша арасындағы экономикалық ынтымақтастық артып келеді. Мәселен, 2009 жылдың 11 айы ішінде екіжақты тауар айналымының көлемі 1,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл 2008 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда (786,3 млн. долл.) 40%-ға артық.
Екі ел арасындағы тауар айналымының құрылымы бірнеше жыл бойы тұрақты болып қалуда. Тек тауарлық позициялар ғана өзгеруде. Қазақстанның Польшаға жіберген экспорты құрылымындағы басым тауарлар: отын-энергетика, химия, қара металлургия өндірісінің өнімдері, ауылшаруашылық өнімдері, соның ішінде астық пен ұн. Ал Польшадан Қазақстанға келетін импорттың негізгі салалары: химия өндірісінің өнімдері, мәшинелер мен жабдықтар, электр құралдары, асыл емес металдар мен олардан жасалған бұйымдар, целлюлоза, қағаз, синтетикалық материалдар мен резеңкеден жасалған бұйымдар, көліктер, мал шаруашылығы мен өсімдік өнімдері, жиһаз бен оның жинақтаушы бөлшектері, азық-түлік.
Екіжақты байланыстың дамуы мен оның ырғағына елеулі үлесін мемлекеттік даму институттарының қолдауымен бекітілген екі мемлекет кәсіпкерлері арасындағы қатынастар қосып келеді. Қазіргі кезде Польша жеке капиталы қазақстандық экономиканың көптеген саласында белсенді жұмыс істеп жатса, Қазақстанда 100-ден астам қазақ-поляк бірлескен кәсіпорны тіркелген. Біздің ойымызша, бұл әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс зардаптарын жеңе білген Қазақстан экономикасына деген қызығушылықтың айғағы болып табылады және басқа мемлекеттердің іскер топтарына елде қолайлы инвестициялық ахуал мен іс жүргізудің кең мүмкіндіктері бар екенін білдіреді. Кезекті отырысы үстіміздегі жылға жоспарланған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-поляк үкіметаралық комиссиясы деңгейіндегі әрекеттестік үдерістері де арта түсіп отыр. Қазақстанның еуропалық серіктестерімен ықпалдасуын көздейтін “Еуропаға жол” бағдарламасын іске асырудың арқасында серіктестік шеңбері де кеңейіп келеді. Аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде және Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі даму жоспары аясында “ДАМУ кәсіпкерлікті дамыту қоры” мен Польша кәсіпкерлікті дамыту агенттігі арасында ынтымақтастық қарым-қатынас қалыптасқан.
Өндірісті технологиялармен қамтамасыз ету және қазақстандық экспортты ілгерілету мәселелері бойынша сындарлы ынтымақтастық ары қарай жалғасуда. Бұл салада біздің белсенді серіктестеріміз “KAZNEX” экспортты дамыту және ілгерілету корпорациясы мен 2008 жылы құрылған Варшавадағы Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы болып табылады. Осы құрылымдар арасындағы әрекеттестік нәтижесінде экономикалық форумдар мен екі мемлекет кәсіпкерлерінің бірқатар бизнес-миссиясы ұйымдастырылды. Ең алдымен, қазақстандық кәсіпкерлер байланыстың тиімділігі мен жемістілігін атап өтті. Ал ұлттық даму институты (“KAZNEX” корпорациясы) 2010 жылы Польшамен ынтымақтастық байланыстарды кеңейту ниеті бар екенін білдірді. Ол бойынша отандық өңдеуші сектор өкілдерінің салалық сапарларын ұйымдастыру, Қазақстан тауар өндірушілерінің Польшада өтетін халықаралық сауда көрмелеріне қатысуын белсенділендіру көзделуде. Нәтижесінде аталмыш іс-қимылдар қазақстандық экспорт құрылымын кеңейту бойынша жасалған “Еуропаға жол” бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік туғызып, тауарларымызды сыртқы рынокқа шығаруға көмектеседі. Осы орайда озық технологияларды енгізу және бірігіп қолдану, бірлескен кәсіпорындар ашу, жеке капитал салуда поляк фирмаларының қазақстандық серіктестерімен белсенді жұмыс істеуін қолдау өте маңызды.
Мемлекеттеріміз кәсіпкерлеріне мұнай-газ және фармацевтика, жиһаз бен құрылыс материалдары өндірісі, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, мәшине жасау, көлік және жеңіл өнеркәсіп салаларына бірге қатысуының әлеуетін арттыруды да ұсынамыз. Осы салаларда бірлескен кәсіпорындар ашу екі жаққа да тиімді бола алар еді. Поляк фирмаларының Қазақстан рыногына деген қызығушылығы жоғары және осыған орай өзара серіктестікті дамытудың келешегі мен мүкіндіктері зор деп білеміз.
Жалпы айтқанда, Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықты жемісті деп есептейміз және келешегі үлкен деп санаймыз. Дегенмен, соңғы кездері тауар айналымының өсу үрдісі байқалғанымен, қазақ-поляк экономикалық байланыстарының деңгейі әлі де болса екі жақтың әлеуетіне толық сәйкес келмейтінін атап айту керек.
Еуразия құрлығында халықаралық экономикалық байланыстардың тереңдеуімен және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасқынының өсуімен байланысты Ұлы Жібек жолын қайта өркендетіп, континентаралық көпір салу идеясының өзектілігі арта түсті. Бұл ретте мемлекеттеріміздің көлік-транзиттік инфрақұрылымын кеңірек қолдануымыз керектігі де күн тәртібіне шығады. Өйткені, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ұлттық көлік жүйесінің еуропалық және әлемдік көлік жүйесімен бірігуіне бағытталған еліміздің 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясы жемісті жүзеге асуда.
Қазақ-поляк экономикалық қатынастары үшін жаңа перспективалар 2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден одағының құрылуына байланысты да ашылатын болып отыр. Қалыптастырылу үстіндегі бірлескен рынок шеңберінде Қазақстан рыногы бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін поляк шаруашылық субъектілеріне қазіргіден тартымдырақ болуы тиіс. Сонда бұл поляк компанияларының капиталын Қазақстан экономикасының шикізатты емес секторына орналастыруға ынталандырады деп сенеміз.
Сонымен қатар, Польшаның экономика мекемелерімен, сауда-өнеркәсіп палаталары және іскер топтарымен байланыстарда инвестициялық жобалардың Қазақстандағы мемлекет және оның жоғарғы жетекшілігі тарапынан кең және ұзақ мерзімді қолдау қажет болатыны да түсінікті. Өйткені, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев атап өткендей: “Қазақстанды индустрияландыру, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын бастадық. Мұнай мен газ сатылымынан түскен қаражаттың бәрі индустрияландыруды жүзеге асыру үшін Ұлттық қорға аударылады. Салықтарды төмендетіп, шағын бизнесті дамыту үшін жағдай туғызамыз. Қазақстанда еркін кеден аймақтары бар, оларда іс жүргізуге ерекше жағдай жасалған”. Мұның барлығы екі мемлекет арасында экономикалық ынтымақтастық құруға барлық алғышарттар қалыптастырады.
Қазақстан мен Польша бір-бірінен алшақ жатқан елдер. Алайда, ол шынайы әріптестік қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіре алмайды. Әріптестерді әдетте ортақ табыстар жақындастырады. Қазақстанның Польшадағы елшісі ретінде екі ел арасындағы байланыстардың жандана түсуі үшін бар күш-жігерімді жұмсап қызмет атқаратынымды атап көрсеткім келеді.
Алексей ВОЛКОВ,
Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы
Төтенше және өкілетті елшісі.