• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Желтоқсан, 2018

Нақты ғылыми ізденістерге жол сілтейді

787 рет
көрсетілді

«Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Ағылшын-саксондықтардың арғы тегі де сақтардан тараған деген тұжырым біздің заманымыздан бұрын қалыптасқаны жөнінде дәйек­ті дәлелдер баршылық. Мә­селен, кезінде сақтар Каспий бо­йы­нан шығысқа қарай жылжып, Бактрияға ғана емес, сонымен қатар батыста жатқан Армения жерінің өте шұрайлы аймағында қоныс­танғаны туралы біздің дәуі­рімізге дейінгі 63-жыл мен біз­дің дәуіріміздің 24-жылдары ара­лығында өмір сүрген грек­тің атақты тарихшысы әрі географы Страбон жазып кеткен. Ғалым келтірген дерек бойынша, кезінде әлгі аймақ Сакасина (Sаkаsіnа) деп аталған. Ал біздің дәуіріміздің 23-79-жылдары өмір сүрген Римнің аса көрнекті жазушысы әрі ғұлама тарихшысы Плинийдің пайымдауынша, жоғарыда сөз болған әлгі аймаққа қоныстанған сақтар Сакассани (Sakassani) деп аталған. Әлгі атау Сака-суну (Saka-sunu), яғни сақтың ұлы (ұрпағы) деген ұғым­ды білдірген. Бұл этимологияны алғаш ұсынған 1519-1572 жыл­да­ры өмір сүрген фламандық фи­л­ософ әрі филолог Горопиус Беканус (Goropius Becanus) болатын. Бұл тұжырымды атақты неміс теологы әрі гуманист ғалым Ме­лан­ч­тонмен (Melanchthon) қатар, алғаш рет латын тілін­де жа­рық көрген «Британия» ат­ты кітап­тың авторы В.Камден (William Camden – 1777-1855) де толық қуаттайды.

Аталған дерек көздерін негізге ала отырып, британдық ғалым Шарон Турнер де, ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегі­нің сақтардан тарайтынына еш күмән келтірмейді. 1827 жылы жариялаған «Сақ па, пар­сы ма?» деген ғылыми мақа­ла­сында Шарон Турнер өз пайы­мы­ның негізсіз емес екенінің бұлт­арт­пайтын дәлелі ретінде сақтардан тамыр алатын, ағылшын-саксон және парсы тілдеріне ортақ 262 сөзді көлденең тартады. Әлгі мақаланы қазақ тіліне аударып, оның бірнеше ақпарат көзінде («Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттерінде, «Ақиқат» журналында) жариялаған едім. Зер салған оқырман олармен кезінде танысып та үлгерген болар деген ойдамын. Дей тұрғанмен, сол материалға осы мақалада да сілтеме жасаудың реті келіп тұр. 

Жоғарыда келтірілген дерек көздерін ескере отырып, осы арада және бір пайымға назар аударған жөн. Ол мынау: ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегі сақ­тардан бастау алады деген тұжы­рымды тек ағылшындармен неме­се саксондықтармен ғана шек­теуге болмайды. Бұл пайым­ның Еуропа құрлығындағы тілдері герман тобына кіретін өзге ха­лық­тарға да, дәлірек айтқанда, орта­лық Еуропадағы немістерге де, солтүстік Еуропадағы скан­динавия­лықтарға да тікелей қа­ты­сы бар. Себебі немістер де, скан­­ди­на­вия­лық норвегтер де, швед­­тер де, даниялықтар да о бас­­тан-ақ, ағылшын-саксон­дық­тар­мен генетикалық және линг­вис­тикалық тұрғыдан туыстас әрі тамырлас екені ешбір дәлелді керек етпейді.

Сөзіміз дәйекті болу үшін бір­неше нақты дәлелдер келті­рейік. Мәселен, 2010 жылы Нор­ве­гия астанасы Ослода өткен Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мықтастық ұйымы Парла­мент­тік Ассамблеясының жазғы сессия­сына қатысып, сол сессия аясында арнайы ұйымдастырылған мәдени шара шеңберінде тарих және әлем өркениетінде өзіндік орны бар, жиһангер әрі жауынгер викинг­тердің бастапқы қалпына кел­тіріл­ген байырғы кемелерінің му­зейі­мен жан-жақты танысудың сәті түсіп, экскурсия соңында ви­кинг кемелері туралы толық­қанды мәлімет беретін Арне Эмиль Кристиенсеннің «Викинг кемелері музейіне жолнұсқа» («Guide to Viking Ship Museum») атты кітапшасын сатып алған едім. Міне, сол кітапшамен танысу барысында Норвегияның Берген қаласына жақын жерде орналасқан Осеберг елді мекенінің маңайындағы қорғанда 1904 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстардың нәтижелері туралы ақпараттан терең әсер алғанымды жасырмаймын. 

Біріншіден, ең таңғаларлығы, Осеберг қорғанынан норвег археологтары викинг кемесін және сол кемеге жерленген екі әйелдің мумиялары мен он төрт жылқының қаңқа сүйектерін, емен ағашынан жасалған төрт доңғалақты арба мен төрт шана, бедерлі оюлармен әшекейленген абдыра, үш тағанды темір мосы мен соған іліп ас пісіретін шойын қазан, ағаш сапты темір пышақ, еменнен ойылған астаулар мен ожаулар, сондай-ақ қол диірмен, жұмсақ былғарыдан тігілген қысқа қонышты екі мәсі және бұғы мүйіздерінен жасалған тарақтарды қазып алған.

Екіншіден, әлгі кітапшаға 1880 жылы Норвегияның Сандар дейтін елді мекені маңайындағы «Гокстад» фермасына жақын орналасқан, сондай-ақ «Король қорғаны» деп аталып кеткен үлкен қорғанды қазған норвег археологтарының жазба деректері де қоса тіркеліпті. Әлгі деректер бойынша, бұл қорғаннан да викинг кемесі мен сол кемеде жерленген жас шамасы 50 мен 70-тің арасындағы ер адамның мумия­сы және Осеберг қорғанынан табылған артефактарға ұқсас бұйым­дармен қатар, 12 жыл­қының қаңқа сүйектері табылған. Қазір әлгі кеме де бастапқы қал­пына келтіріліп, Ослодағы викингтердің кемелер музейінде сақтаулы тұр.

Норвегиядан елге оралған соң, викинг музейінен алған әлгі кітапшаны қайта сараптау нәтижесінде Солтүстік Еуропада да сақ қорғандарының бар екеніне титтей де күмән қалмады. Себебі Норвегияның жоғарыда аталған қорғандарынан табылған артефактар мен Алтайдағы Берел қор­ғандарынан табылған арте­фактардың ғажап ұқсастығы скан­динавиялық викингтер мен сақтардың түпкі тегі бір екенін толық дәлелдеп тұрғандай. Бұл − үшіншіден.

Төртіншіден, Норвегиядағы викинг қорғандары мен еліміз­дегі сақ қорғандарының ара­сын­дағы көзге ұрып тұрған әлгін­дей ұқсастықтарды жай ғана кездей­соқтық деуге мүлде бол­майды. Өйткені бұлайша пайым­дауға себеп болып отырған бұл­тарт­пас дәйектің және бірі төмендегідей.

2000-2001 жылдары Қазақ­станның Ұлыбритания, Ирландия және Норвегия мемлекеттеріндегі елшісі қызметінде жүрген кезімде соңғы елдің мұнай астанасы Ставангер қаласында іссапар­мен болып, сол қала орналас­қан мұнайлы аймақтың тарихи-мәдени мұраларына бағышталған «From Runes to Rigs» («Руника жазуынан мұнай мұнарасына дейін») атты кітаппен, сол сияқты 2006 жылы жарық көрген Ян Ове Екебергтің «Норвегия: өткені, бүгіні, келешегі» (Jan Ove Ekeberg: past // present // future») атты туын­дысымен танысудың сәті түс­кен еді. Міне, сол кітаптарда ба­йы­рғы викингтердің тарихы, ұс­тан­ған діни наным-сенімдері және олардың жоғарыда атал­ған қорғандарымен қатар, киелі саналатын өзге де қорғандары, атап айтқанда, осыдан 3000 жыл бұ­рын тұрғызылған Regehaugen және Tangarhaug (Тәңірқорған болуы ықтимал – Ә.А.) секілді ірі қорғандар тобы жөнінде де нақты мағлұматтар кездеседі. Cодан соң аталған қорғандардың қос сөздерден тұратын құрама атауларындағы -haugen, -haug деген сөздердің өз тіліміздегі қор­ған деген сөзбен айтылуы жағы­нан да, мағына жағынан да өте жақын екені көзге ұрып тұр. 

Бесіншіден, ашық ақпарат көздерінен байқалып отырғандай, викингтердің кемелері көмілген қорғандар тек Норвегия аумағын­да ғана емес, сонымен қатар Бри­тания аумағында да, Дания мен Швецияда да, тіпті Ресейде де кездеседі.

Олай болса, күллі Еуропа кеңіс­тігінде мыңдап саналатын қорғандардың (олардың ішінде Скандинавия қорғандары да бар) әлгі географиялық аймақ­тан мүлде шалғайда, тіпті ит арқасы қиянда жатқан скиф-сақ қорғандарымен, атап айтқанда, алып Азияның кіндігі саналатын Тыва, Хакасия немесе Алтай қойнауындағы Берел, Пазырык, Басадар, Тұйықты немесе Жетісу өлкесіндегі Бесшатыр, Алатау етегіндегі Есік қорғандарымен саба­қ­тастығы және Азия мен Еуропа қорғандарының ара­сын­дағы ғажап ұқсастық жоғарыда сөз болған, ағылшын-саксондардың арғы тегін сақтардан тарататын ғылыми болжамдар мен тұжырымдардың шындықтан тіпті де алыс еместігін дәлелдеп тұр деуге толық негіз бар.

Алтыншыдан, қорғандардың тарихы және оларды тұрғызған байырғы халықтардың мәдениеті мен олар сомдаған өркениет­тер Еуразия аумағымен ғана шек­тел­мейді. Өйткені бұл құбы­лыс Тынық мұхиттың арғы жағын­дағы, АҚШ кеңістігінде орналас­қан қорған мәдениетімен де сабақ­тас екенін назардан тыс қал­дыруға болмайды.

Айтса айтқандай-ақ, кезінде байырғы америкалықтардың («үндіс­тердің») Миссисипи мәде­ниетіне тән Кахокия секілді 4000 жылдық тарихы бар алып қор­ған­дардың да Еуразия қорған­дарымен тамырлас екенін оқыр­ман­дарға 2003 жылы жарық көр­ген «Азия – Берингия – Америка» атты еңбегімізде жеткізген болатынбыз. 

Жетіншіден, қорғандар туралы, оның ішінде скиф-сақ қорғандары жайлы жүргізіл­ген арнайы зерттеу жұмыстары­­ның нәтижелері өте мәнді. Мәсе­лен, Тамара Т.Райстың «Скифы: строи­тели степных пирамид» деген кітабына қосымша ретінде берілген деректерден Кубань, Таман, Қырым, Днепр, Дон, Киев, Полтава, Волга, Орал, Алтай, Солтүстік Моңғолия, Германия, Мажар­стан және Румыния жер­леріндегі қорғандар шоғы­рының, яғни қорған мәдениетінің біздің дәуірімізге дейінгі VІІ ға­сыр­дан бастап, біздің дәуірімізге дейін­гі ІІ ға­сыр­­ға де­йін жалғасқан құбылыс еке­нін байқаймыз. Сонымен қатар аталған туындыдағы қор­ған атаулары да көп нәрседен хабар береді. Мәселен, Кубань тобындағы: Карагоденашх, Келер­мес, Курджип, Уль, Уруп; Қы­рым тобына кіретін: Ак-Мечет, Алтын-Оба, Дорт-Оба, Эль-Теген, Кара-Кият, Куль-Оба, Темир, Сальгир; Днепр тобын­дағы: Башмак, Чертомлык, Чмыр, Огюз; Полтава тобындағы: Акют; Волга тобындағы: Астрахан; Орал то­бын­дағы: Биш-Оба; Алтай то­бын­дағы: Басадар, Катанда, Курай, Пазырык, Шибэ, Туэкт; Солтүс­тік Моңғолиядағы Нойн-Ула; Румы­ниядағы Косью­рул-Маре, Сату-Маре Еура­­зия кеңістігіндегі байырғы скиф­тердің (бұл гректер берген атау) сақтармен тамырлас екенін айғақтап тұр.

Орыс ғалымы Ю.А.Шилов өзінің «Прародина ариев» (Киев, 1995) деген монографиясында «қорған» деген ұғым ба­йыр­ғы шумерлердің «кур-ан» немесе «кур-галь» («аспан тау» немесе «алып тау») деген сөзде­рі­нен тарайды және қорған тұр­ғызу мәдениеті Қара теңіздің сол­түс­тік өңірінде б.д.д. 4000-2000 жыл­дар аралығында араттар мен ари тайпаларынан басталып, дами бастаған дей келіп, ба­йыр­ғы қорғандардың о баста антро­поморфтық және астралдық белгі ретінде дүниеге келгенінен ақпарат береді.

Әлемдік тұрғыдан қараған­да, қорғандар Аустралия мен Антарк­тидадан басқа континенттердің бәрінде де кездесетін мәдени құбылыс екені дәлелденіп отыр. Әдетте, қорғандар қайтыс болған адамдар жерленетін бейіттердің үстіне тұрғызылған немесе жа­рат­қанға жалбарынатын киелі орын ретінда сомдалған және олардың формалары да әртүрлі болып келеді. Содан соң Еуразия кеңістігінде Батыс Еуропадан бастап, сонау Қиыр Шығыста жатқан Жапонияға дейін әр заманда тұрғызылған қорғандар­дың бәрі дерлік көрініс тапқан. Алғашқы дала қорғандары б.д.д. 4000 жыл бұрын энолит дәуірінде басталып, орта ға­сыр­ларға дейін жалғасқаны бай­қалады. Мәселен, арғы тегі лит­валық америкалық ғалым Ма­рия Гимбутастың «Қорған гипо­тезасы» (Marija Gimbutas «Kurgan hypothesis») деп аталатын зерттеу жұмысында алғашқы қорғандарды үндіеуропалық ха­лық­тармен қатар, скифтер мен скан­динавиялықтар да тұрғыза бастаған деген дерек бар.

Ресей жерінде де қорғандар­дың неше түрі кездеседі. Олар­дың аса көп шоғырланған жері – Хака­сия. Ондағы ең әйгілісі − Үлкен Салбық қорғаны. Оны 1739 жылы Г.Ф.Миллер ашып, С.В.Ки­селевтің жетекшілігімен қаз­ба жұмыстарын 1954-1956 жыл­дары Кеңес Одағы Ғылым ака­де­миясының экспедициясы жүргізген.

1971-1974 жылдары Тываның со­л­түстігіндегі Уюк (Ойық) өзе­ні­нің бойындағы «Патшалар ал­қабы» атанып кеткен Аржан, Тарлық елді мекендерінде ор­на­ласқан скиф заманынан қал­ған қорғандарда жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесі де айтуға тұрарлық. Диаметрі 120 метр, биіктігі 3-4 метр болатын Аржан-1 қорғанынан археологтар бір бекзаданың және 16 адамның мумиясы мен 160-қа жуық жылқы қаңқасын, алтын мен күмістен жасалған өте бағалы бұйымдарды табады. 2001 жылы археологтар Аржан-2 қорғанынан әлеуметтік мәртебесі жоғары ерлі-зайыпты екі адамның мумиясын және олардың қасынан таза алтыннан жасалған 20 килограмға жуық бағалы бұйымдар, темірден жасалған қару-жарақтар, әскери сауыт-саймандар, киім-кешек және ыдыс-аяқ, т.б. табады.

Солтүстік Американың ба­йыр­ғы халықтары сомдаған алып қорғандардың да әлемдік қорған мәдениетінен алатын ор­ны ерекше. Олар екі топқа бөлі­неді. Бірінші топқа зооморф­тық, яғни тотемдік қорғандар, ал екін­ші топқа кәдімгі төбе іс­пет­­тес қорғандар жатады. Олар неғұрлым биік әрі көл­ем­ді болса, онда жерленген адам­дар­дың әлеуметтік мәртебесі да сол­ғұр­лым жоғары болғаны байқалады. Мәселен, Американың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласы­ның маңындағы Какохия қорған­дарының мәні ерекше. Олардың жалпы саны 120 болған. Қазір олардың 80-і сақталған.

Британ аралдарында да қор­ғандар бар. Әсіресе онда төң­керіл­­ген табақ тәріздес қорғандар жиі кездеседі.

Мария Гимбутас «Қорған гипотезасын» 1956 жылы ұсынған болатын. Оның негізгі нысанасы археологиялық дерек көз­дерін лингвистикалық деректермен ұштастыра отырып, үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін халықтардың байырғы отанын анықтау болған. Бұл гипотезаны қолдаушылар қорған мәдениетін Қара теңіздің теріскей жағы мен Оңтүстік-Шығыс Еуропаны б.д.д. бесінші мыңжылдықтан үшінші мыңжылдыққа дейін мекендеген протоүндіеуропалық халықтардан бастау алады деген көзқарасқа иек артады. Ал генетика тұрғысынан қорған мәдениеті, негізінен, хромосомасы Ү R1a1 гаплотобына жататын Орталық Азия, Батыс Азия, Үндістан және Шығыс Еуропа халықтарына тән, ал Батыс Еуропа халықтарында бұл генетикалық маркер өте сирек кездеседі. Керісінше, жаңа­ғы генетикалық маркер норвег­тердің 23,6 пайызына тән болса, олармен туыстас шведтердің 18,4 пайызына және алдыңғы екеуі­не етене жақын болып келе­тін даниялықтардың да 16,5 па­йы­зына тән екен. Демек, ағыл­шын-саксондар мен скан­дина­вия­­­лықтардың арғы тегінің сақ­тар­дан бастау алатынын атал­ған генетикалық факторлар да нақты дәлелдеп тұр.

Ағылшын-саксондық Брита­ния және Норвегия мен Дания халықтарының тілдерінде бай­қа­латын лингвистикалық ұқсас­тықтар да көзге ұрып тұр. Мәсе­лен, түркі тілдеріндегі тіс, тіл, бел, белдік, елік, өгіз, сор (ащы), жер, сор (мұң), дала, абад деген сөздер мен тура сол ұғым­дар­ды білдіретін, ағылшын және скандинавия тілдеріндегі дәлме-дәл немесе ауыспалы мето­ни­миялық баламалардың ұқсас екенін байқамау мүмкін емес. Бейжай қалдырмайтын және бір лингвистикалық фактор мынау: норвег тілінде қазақ тілінің көптік жалғауларына ұқсас: – r, – er секілді көптік жал­­ғаулар бар. Демек, жоғарыда атап өткеніміздей, сақтар мен скиф­тердің ағылшын-саксондар мен скандинавиялықтарға гене­тикалық тұрғыдан бір табан жақын тұрғандығы лингвис­ти­ка­лық тұрғыдан да айқын бай­қалады. Ендеше, сақтар мен скиф­­терді тілдері үндіеуропа тобы­­на жататын парсылармен ғана туыстастыру шындықтан алыс жатыр. Өйткені жоғарыда кел­ті­ріл­ген генетикалық және линг­­вис­тикалық дәйектер біздің пікі­­рі­мізді толықтай дәлелдеп тұр. 

Дәл осы тұрғыдан, яғни гене­ти­калық және лингвисти­калық тұрғыдан зер салсақ, осыдан 40 мың жыл бұрын Азиядан Амери­каға қоныстанған байырғы амери­калық «үндістердің» де арғы тегі түркі өркениетімен сабақтас екенін бұл күнде ғылым толық дәлелдеп отыр. Демек, Солтүстік Америкадағы қорғандардың да бастау көзі Еуразиядағы скиф, сақ, ғұн қорған мәдениетімен тікелей сабақтас әрі тамырлас деуге толық негіз бар. 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі