Абайдың “Қара сөздерінде” есті адамның айырықша сипаты ретінде оның әрдайым өзіне өзі есеп беру қабілетін атап көрсеткені баршамызға мәлім. Бүгінгідей құбылмалы, алмағайып заманда естияр ердің ғана емес, еңсесі биік елдің де мезгіл-мезгіл өз ұмтылыстарының ұрымтал тұстарын айқындап, алдағы межелерді қисынды ақыл-ой мен нақтылы есептің пәрменімен сәулелендіріп алуы заңды құбылыс.
Жария етілген Елбасы Жолдауынан Қазақ елінің соңғы онжылдықта жүріп өткен жолында кездескен қиындықтарды еңсеріп, қол жеткізген жетістіктеріне байсалды баға берудің жарқын үлгісін көруге болады. Жалпы, Елбасының жыл сайынғы Жолдауларына тән ерекше сипат – олардың арасындағы үзбей сақталатын сабақтастық. Бұл жолы да Президент еліміздің алдағы онжылдықтағы жан-жақты дамуының негізгі бағыттарын айқындап беру барысында “Қазақстан-2030” Стратегиясы бойынша атқарылған істерге тоқталып, олардың таяу жылдары және келешекте орындалар шаруаларға жолашарлық пәрменін атап көрсетті.
Он жылда жеткен жетістіктеріміз айтуға тұрарлық. Қараңыз: 2008 жылы 2000 жылмен салыстырғанда республиканың ішкі жалпы өнімі екі есе артқан, орташа айлық жалақы 5 есе, ал зейнетақының орташа көлемі 3 есе өскен. Он жылда 652 мектеп пен 463 денсаулық сақтау нысаны салынған. Елдің тұрмысының жақсарып келе жатқандығы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсіп келе жатқандығы тілге тиек болды. Жолдауда елімізде алда атқарылар ауқымды жоспарлар төңірегінде, оларды жүзеге асыру тетіктері жөнінде терең талдау жасалды.
Болашақта да өткен жылдардағыдай “Жол картасына” үлкен маңыз беріліп отыр. Биылғы “Жол картасы” аясында шағын және орта бизнеске басымдық берілмек. Елбасы “жаңа экономиканың қозғаушы күші” деп атаған кәсіпкерлік әртараптандырудың өзегі болатындығына назар аударып, Үкіметке 2010 жылдан бастап аймақтардағы кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірыңғай бюджеттік бағдарлама әзірлеуге тапсырма берді. Бұл “Бизнестің жол картасы — 2020” деп аталмақ. Яғни, алдағы уақытта Қазақстанның әр азаматы жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіншілік алады. Ал бұл халықтың арасындағы жұмыссыздықты азайтуға, соған сәйкес елдің тұрмысын жақсартуға септігін тигізеді.
“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының аясында жасалатын жұмыстар қыруар. Отандық өндірушілердің мүддесін қорғауға бағытталған жүйе түзу, шет мемлекеттермен байланыс жасаудың жаңа сатысына көтерілу, Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Кедендік одақтың, бірыңғай экономикалық кеңістіктің талаптарына жауап бере отырып, отандық бизнестің мүддесін қорғау, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралды жолының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану секілді міндеттер мен мақсаттар тұр алдымызда.
Жолдаудағы білім беру жүйесі мен ғылым саласындағы айтылған сындарлы пікірлер еліміздің зиялы қауымымен қатар, қарапайым халықтың көкейінен шықты деп ойлаймын. Әсіресе, балаларды 2020 жылға дейін балабақшамен толық қамтамасыз ету және осы бағытта қабылданатын арнаулы “Балапан” бағдарламасы еліміздің жас жеткіншектері үшін үлкен қолдау болып табылмақ. Сол сияқты он екі жылдық мектеп бағдарламасын жүзеге асыру, жоғары оқу орындарының әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі туралы айтылған тұжырымдар мен берілген тапсырмалар қазіргі өмір талабымен үндесіп жатыр.
Соңғы жылдардағы Жолдаулардың арқауы болып келе жатқан бір қағидат – экономика әлеуетінің адам әлеуетіне тікелей байланысты екендігін жан-жақты талдап, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді шешу тетігінің адами капиталға барып тірелетіндігіне барша қазақстандықтарды иландырып, осы бағыттағы асуларды бағындыруға жұмылдыру. Елбасымыз бүгінгі Жолдауында да еліміз алдағы онжылдықта иек артар жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыратын негізгі күш – бүкіл Қазақстан халқы деді. Осыған орай, бүгінгі және таяу жылдардағы Президент белгілеп беріп отырған негізгі міндеттердің бірі – қоғамның, оның жүйелі және гуманистік бағытта дамуын қамтамасыз ететін жаңа әлеуметтік сапасын қалыптастыру. Осы басты міндеттен әр ұжымның, әрбір азаматтың алдында тұрған нақты міндеттер туындайды. Айталық, Жолдауда жария етілген әлеуметтік саланы дамытуға, осы сала қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар жоғары оқу орындары қызметкерлерінің, ел болашағы – студент жастарымыздың өздеріне жүктелген міндеттерді жүйелі де жоғары сапалы деңгейде атқаруға деген құлшыныстарын арттыра түсері сөзсіз.
Елбасы атап көрсеткеніндей, алдағы онжылдықта білім беру саласында тың қадамдар жасалмақ. Жаңа “Ғылым туралы” заң, жаңа заманауи оқу орындарының ашылуы, білім мен ғылым саласын қаржыландырудағы соны серпілістер біздің мүмкіндіктерімізді байытып, жауапкершілік деңгейін де көтере түспек. Жоспарланған жұмыстардың барлығын сапалы һәм нәтижелі жүргізудің басты алғышарты – білімді мамандар. Адам капиталының сапасын арттыру арқылы біз дүниежүзілік интеграцияға қатыса аламыз. Бұл тұрғыда Елбасы үш бағытқа – “Жаңа халықаралық университет”, “Арнаулы қор” және “Интеллектуалды мектептер” секілді білім беру мекемелерін ашу жұмыстарына үлкен мән беріп отыр. Жоғары білімнің сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі қажеттігі айтылды. Рас, біз әлемнің жетекші университеттерінің қатарына кіре алмай отырмыз. Бірақ соған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Институтта білім беру ісі толығымен кредиттік оқу жүйесіне көшірілді. Бұл да болса жаңағы айтқан дүниежүзілік талаптарға жауап берудің алғышарттары. Жақында Италияның Болонья қаласына барып, дүниежүзілік университеттердің Ұлы хартиясына қол қойып келдім. Институттың жиырмаға жуық шетелдік білім және ғылым орталықтарымен байланысы бар. Әлемнің жетекші оқу орындарының рейтингісіне енуге батыл кірісуіміз керек. Оқу орындарының дүниежүзілік рейтингісін жасайтын орындармен бұған дейін байланыс жасағанымыз жоқ. Енді биылдан бастап Білім және ғылым министрі бізге осы мәселеге қатысты тапсырма беріп отыр. Қазіргі күні институт қазақстандық тәуелсіз агенттік өткізетін аккредитацияға дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Жолдауда соңғы жылдардағыдай әлеуметтік мәселелерге жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінген. Халықтың әлеуметтік әлеуетін ұдайы, жүйелі түрде көтеру экономикалық дамудың негізгі мақсаты екендігі тағы да паш етілді. Әсіресе, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын мерзімінен бұрын, 1 сәуірден бастап көтеру, студенттердің шәкіртақысын тағы да 25 пайызға көбейту туралы шешім қабылдау рухани саланың лайықты қарқынмен дамуын көздеген қамқорлық белгісі деп білеміз. Бұған жауап – институтымыздың әрбір оқытушысы мен студентінің өз ісіндегі биік деңгейлі жауапкершілігі, жұмыс сапасын жақсартуға деген қызу құлшынысы.
Институт Ақтөбе облыстық әкімдігімен және облыстық білім департаментімен, аудандық әкімдік және білім бөлімдерімен институт түлектерін болашақ еңбек орындарына орналастыру, түлектердің еңбекпен қамтылуы, яғни әлеуметтік серіктестік бағытында тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мұндай ынтымақтастық дәстүрге айналған деуге болады. Жыл сайын наурыз, сәуір айларында институтта “Түлектерді болашақ еңбек орындарына орналастыру” шарасы өткізіледі. Аталған шараға Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшылары және кадрлар жөніндегі бас мамандары, аудандық білім бөлімдерінің меңгерушілері шақырылады. Соңғы жылдары бұл шараға көршілес Атырау облыстық және қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен бас мамандары да қатысып жүр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың “Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, – деген сөздерін басшылыққа алып, республика жастарына үндеу тастаған біздің түлектер 3 жылдан бері өз еңбек жолдарын ауыл мектептерінде бастап келеді. Оларға ел Үкіметінің 2009 жылдың 18 ақпанындағы “Ауылдық елді мекендерге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету” туралы №183 қаулысының талаптарына сәйкес және жергілікті әкімдіктер тарапынан бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер жасалып жатқанын айтуға болады. Мысалы, былтырғы түлектеріміздің ішінен облысымыздың мұғалім кадрлар жетіспейтін аудан мектептеріне барған жас мамандарға 16 үй, 161 жалдамалы пәтер, 29 қызметтік үй берілді, әр жас маманға 4000-8000 теңге көлемінде коммуналдық төлемақы, тегін медициналық тексеру және т.б. әлеуметтік жеңілдіктер, ең бастысы – ауылға барған әр жас маманға 90 мың теңге көлемінде көтерме төлемақы тағайындалды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын табады.
Институттағы оқу-тәрбие ісінің сапасын көтеру мәселесінің тиісті деңгейде шешілуі студенттер құрамының сапасына тікелей байланысты екендігі белгілі. Бүгінгі күні студенттеріміздің 60 пайыздан астамы мемлекеттік білім гранты негізінде оқиды. Былтыр 63 студентіміз ақылы бөлімнен бюджеттік бөлімге ауыстырылды, 55 студентіміз облыс әкімінің грантын иеленді, олардың 13-і жетім, 11-і толық емес отбасынан, 31-і табысы аз отбасыларынан шыққан студенттер, 5 студентіміз атаулы стипендиялар иегерлері, 12 студентке ректор стипендиясы тағайындалған. Биылға тағайындалатын облыс әкімінің грантына 35 студентіміз үміткер болып отыр.
Институтта мұқтаж студенттерімізді әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселесіне де жете көңіл бөлініп келеді. Атаулы күндер, діни мейрамдар қарсаңында әртүрлі қайырымдылық акцияларын өткізу дәстүрге айналды. Мәселен, биылғы Құрбан айт мерекесінің алдында ата-анасынан айрылған 42 студентке қаржылай көмек көрсетілді. Қыз балаларға – 48900 теңгеден, ер балаларға – 43300 теңгеден, барлығы 2 миллион теңге көлемінде бір жолғы жәрдемақы тапсырылды. Бұған қоса институт оқытушыларының бастамасымен қаржылай, киім-кешек түрінде жастарға қолдау көрсеткендер бар. Биылғы оқу жылына әлеуметтік жағдайы төмен 18 студентке оқу төлемақысы бойынша 1,5 миллион теңге көлемінде жеңілдік қарастырылды, 8 жетім студент институт асханасында тегін тамақтанады. Мұндай қамқорлық шаралары алдағы уақытта да әрдайым назарымыздан тыс қалмақ емес.
Қандай істе де жақсы нәтижеге жетудің басты шарттарының бірегейі – елдегі ынтымақ, қоғамдағы бауырластық. Елбасы өз Жолдауында осы мәселелерге де үлкен мән берді, саяси партиялардың басын біріктіруге шақырды. Президентіміз атап көрсеткеніндей, елдегі кез келген партия болсын, қоғамдық ұйым болсын, баршасы қазақстандықтардың мүддесі үшін жұмыс жасауы қажет. Өткен жылы жеті саяси партия әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандум әзірлеп, оған қол қойды. Елбасы осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыра беруге, партияаралық үнқатысудан нақты іске көшуге, ұлттық стратегиямызды кешеуілдетпей қабылдауға шақырды.
Президент Н.Ә.Назарбаев алдағы онжылдықта атқарылар іргелі істерді игерудің басты тетіктерін сөз ете келе, жақсылыққа ұмтылыс – жамандыққа іркілістен басталатындығын қадап айтып, осы қағидаттың туған елін қалтқысыз сүйетін әр азаматтың сүйенер тірегіне, барша қазақстандықтардың өмірлік ұстанымының өзегіне айналуы тиіс екендігіне баса назар аударды. Бұл талап біздің ұжымның да әрбір мүшесіне тиесілі өміршең талап деп білеміз.
Еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының алдыңғы қатарында келе жатқан біздің институт ұжымы да Жолдауда белгіленген міндеттерді абыроймен орындау бағытында жұмыс істей бермек.
Ғалымжан НҰРЫШЕВ, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,
“Нұр Отан” ХДП Ақтөбе филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы.
ЕЛІМІЗДІ ЖАҢА БИІКТЕРДЕН КӨРГІМІЗ КЕЛЕДІ
Республикалық ақпараттық-насихат тобымен өткен кездесулерге қатысқан жұртшылықтың ой-пікірлері осыған саяды
Бір топ Парламент Мәжілісі депутаттары Қызылжар өңірін аралап, Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауын жұртшылыққа түсіндіргеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Осы сапардың ізі суымай жатып Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев бастаған республикалық ақпараттық-насихат тобы келіп жетті. Сайдың тасындай іріктеліп үгітші, насихатшылар тарихи құжаттың маңыздылығын ескерген болу керек, кездесу-жүздесулерді бірден бастап кетті. Олардың әсерлі әңгімелерін алдымен әкімдіктің үлкен залына жиналған солтүстікқазақстандықтар тыңдады. Кездесуді аймақ басшысы Серік Біләлов ашып, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын талаптар мен міндеттерді жан-жақты түсіндіру жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен әзірленіп, 700-ге тарта адамды қамтитын 15 ақпараттық-насихат топтарының тартылғанын, 200-ден астам кездесулердің өткізілгенін, таяу онжылдықтағы мақсаттар мен өршіл қимылдар жоғары қолдау тауып отырғанын жеткізді.
Одан кейін сөз Ауыл шаруашылығы министрі, республикалық ақпараттық-насихат тобының жетекшісі А.Күрішбаевқа берілді. Ақылбек Қажығұлұлы биылғы Жолдау “Қазақстан-2030” Стратегиясы бағдарламасы шеңберінде құрылғанын, еліміздің таяудағы онжылдықтағы экономикалық зор мүмкіндіктерін белгілеп бергенін, осының негізінде Қазақстанды көшбасшы, қуатты индустриялы елдер қатарына жеткізу міндеті қойылып отырғанын әңгімеледі. Әлемдік дағдарыстың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар өз жемісін беріп келеді. “Жол картасы” бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Оның игілігін бірінші кезекте ауылдықтар көрді. Бағдарлама биыл да жалғасын тауып, қомақты қаржы қарастырылып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатымен былтыр 123 миллиард теңге бөлінді. Үкімет әлеуметтік міндеттемелерді тиімді атқару уәдесінде тұрды. Зейнетақы, жалақы, шәкіртақы көбейіп, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табыс табатын адамдардың үлесі, жұмыссыздық деңгейі қысқарды. Қол жеткен толайым табыстар Қазақстанды экономикалық жағынан айтарлықтай нығайтып, адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер қатарына қосты. Алдағы міндеттер бұдан да ұланғайыр. Оларды Президент атап берді. Жасыратыны жоқ, дамыған мемлекеттерге қарағанда бізде еңбек өнімділігі әлдеқайда төмен. Ауыл шаруашылығында үш мың АҚШ доллары төңірегінде ғана. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға таман агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кемінде екі есе өсіру. Елбасы еңбек өнімділігін еселей түсудің кешенді жолдарын белгілеп, экономиканы әртараптандыруға, индустрияландыру картасын іске асыруға аса маңыз берді. Сонда таяудағы бес жылда жалпы көлемі 6,5 триллион теңгенің 162 жобасы игеріледі деген сөз. Бұл – ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды. Сонда үш жылда 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал, АӨК-де 40 жоба қолға алынады. Олардың 15-ін биыл 1 шілдеге дейін пайдалануға беретін боламыз.
Министр алда тұрған өзекті мәселенің біріне азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетті жатқызды. Импорттық тәуелділіктен арылудың ұтымды жолы – азық-түлік тауарларының ішкі рыногын қалыптастыру. 2014 жылға қарай отандық тағам өнімдерінің үлесі 80 пайызды құрауы тиіс. Бұл орайда, “Қазагро” 22 жобаны қаржыландыратын болады. Ауыл шаруашылық шикізаттарын қайта өңдеу саласында да түйінді мәселелер жеткілікті. Елімізде еттің – 22, сүттің – 27, көкөністің – 4 пайызы ғана өңделетінін ескерсек, өңдеу өнеркәсібі жаңартуды қажет етеді. Ақылбек Қажығұлұлы әртараптандыру ауыл шаруашылығының барлық саласын қамту тиістілігін көлденең тартты. Солтүстік өңір негізінен бидай, оңтүстіктегілер күріш, мақта өсірумен шұғылданады. Оның өзінде өнімділік төмен. Өйткені, минералдық тыңайтқыштарды жеткілікті дәрежеде қолданбайды. Ал, майлы дақылдардың үлесі мүлдем аз. Ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталмағаннан кейін жер тозып, құнарынан айырылады.
Жиында республикалық ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев сөз алып, өз саласы бойынша индустриялық-инновациялық картаның орындалуын әңгімелеп берді. Бұл бағытта 97 жоба қолға алыныпты. Ол ел телеарналарының сандық жүйеге көшуіне байланысты отандық өнімдер жасау тәжірибесіне Қызылжар өңірінің бірінші болып атсалысуын құптады.
Ақпараттық-насихат тобының мүшелері облыс орталығында бес бағытқа бөлініп, Жолдаудың мән-маңызын түсіндіруге арналған бұдан басқа да маңызды кездесулер ұйымдастырды. А. Күрішбаев Ұлы Отан соғысының ардагері А. Решетняктің шаңырағына арнайы бас сұғып, хал-жағдайын сұрады. Түрлі-түсті теледидар тарту етті. – Біз сияқты аға ұрпаққа жасалып отырған шынайы қамқорлыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Президентіміз бірде-бір ардагерді материалдық қолдаусыз қалдырмау жөнінде жергілікті биліктегілерге нақты тапсырма берді. Төленетін бір жолғы жәрдемақысы да қомақты екен. Бәрінен де құрметін айтсаңшы! – деді сексеннің сеңгірінен асқан қарт жауынгер.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов сала қызметкерлерімен кездесу барысында Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту басты бағдар ретінде қала беретінін, 2009 жылы әлеуметтік көмекке 813 миллиард теңге жұмсалғанын, 2010 жылы 922 миллиард, 2011 жылы 1 триллион 26 миллиард теңге құрайтынын жеткізді. 2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан, ал табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8 пайыздан асырмау шаралары қабылданды. “Жол картасы” аясында 248 мың адам жұмысқа орналасса, 125 мың адам әлеуметтік жұмыстарға тартылды. Бағдарлама ұзартылып, 100 миллиард теңге бөлінді. Алайда, деді вице-министр, елімізде тіркелген жұмыссыздар саны жарты миллионнан асады. Көбінің кәсіби біліктілігі жоқ болғандықтан, қайта даярлау курстарын ұйымдастыратын боламыз. Сосын мына бір проблеманы алға тартты. Ол – тыл еңбеккерлерінің мәртебесінің нақты айқындалмағаны. Жиынға қатысушылар 1938-1939 жылы туған жандарды тыл еңбеккерлері қатарына қосуды, зиянды өндіріске жататын мамандықтар тізімін қайта қарауды, медицина мамандарын әлеуметтік қызметшілер қатарына кіргізуді өтінді.
– Биылдан бастап алты бала тәрбиелеп-өсірген ана “Күміс алқа” иегері атана алады. Алайда, қайтыс болған балалардың санатқа кірмеуі қалай? Оларды түн ұйқысын төрт бөліп, бағып-қаққан жоқ па? деген сауалмен вице-министр келісетінін білдірді.
Білім және ғылым министрлігі орта білім департаментінің директоры Нұрғали Аршабеков ұстаздар қауымымен болған кездесуде 12 жылдық оқыту моделіне, мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған “Балапан” арнайы бағдарламасына қатысты атқарылатын шараларды ортаға салды. Елімізде шағын комплектілі мектептердің саны – 4300. Көбі оқушылардың аздығынан жабылудың алдында тұр. Оған қатысты тұжырымдама әзірленіп жатқан көрінеді.
Ішкі істер вице-министрі Александр Кулинич пен Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Арман Әбеновтің “Нұр Отан” ХДП облыстық бөлімшесінің ғимаратында саяси ұйым мүшелерімен, депутаттармен, жастар өкілдерімен өткізген әңгімелері Жолдау талаптары төңірегінде өрбіді.
Топ мүшелері аудандарды аралауға жүріп кетті.
Солтүстік Қазақстан облысы.
ҚОҒАМ КҮШІ ЖҰМЫЛДЫРЫЛАДЫ
Алматы қалалық мәслихатындағы “Нұр Отан” ХДП депутаттарының форумы өтті. Форумның мақсаты депутаттық корпус және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен Алматы қаласындағы “Нұр Отан” ХДП-ның Халықтық тұғырнамасының орындалу барысын және Елбасының биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауын жүзеге асыруды жоспарлауды кешенді әрі жан-жақты талқылау болды.
Жиында баяндама жасаған “Нұр Отан” ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аманкелді Кәрімолдин партияның Халықтық тұғырнамасында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда қалалық және аудандық филиалдары жергілікті мемлекеттік билік өкілдерімен бірлесе мақсатты жұмыстар жүргізіп отырғанына тоқтала келіп, экономиканы көтеруде, әлеуметтік бағдарламалар мен жобалардың орындалуын қамтамасыз етуде, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуда, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жіктерді қолдауда, жемқорлықпен күресті күшейтуде атқарылып жатқан нақты шараларды алға тартты.
– Мәслихаттағы 37 депутаттың 34-і “Нұр Отан” ХДП-ның мүшесі, – деді Аманкелді Кәрімұлы. – Біздер Елбасының Жолдауына байланысты жұмыстың сапасын одан әрі жоғарылатуды сөзбен емес, нақты іспен көрсетуді міндеттеп отырмыз. Елбасы Жолдауын әрбір қала тұрғыны білуі керек. Жақында біздер халық арасында сауалдама жүргізгенде, қала тұрғындарының 80 пайыздайы Жолдауды білетін болып шықты. Бұл біз үшін үлкен жаңалық болды. Яғни, халық Президентті қолдап, бағдарламаны түсіністікпен қабылдауда. Оның үстіне Жолдауда нақтылы шешіліп жатқан мәселелер де бар. Мәселен, денсаулық сақтау саласы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына байланысты үлкен шаралар өткізу жоспарланған. Ендігі мақсат – халыққа Жолдауда көтерілген мәселелер бойынша жасалған бағдарламаларды жеткізу.
Сондай-ақ форумда Алматы қалалық мәслихатындағы “Нұр Отан” ХДП депутаттар фракциясының басшысы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Тілектес Есполов фракцияның жұмысына жан-жақты тоқтала келіп, биылғы шақырылым бойынша 27 сессия өткізілгенін, екі жыл ішінде 3 мың азамат қабылданғанын, сонымен қатар, депутаттардың өз сайлау округтеріндегі еңбек ұжымдарымен кездесіп, Елбасының халыққа Жолдауы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілгендігін айтты.
Форум қорытындысында қатысушылар мемлекеттік атқарушы органдарға, кәсіпорындар мен ұйымдар басшыларына, Алматы қаласының тұрғындарына Президент Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы Қазақстанның даму стратегиясын жүзеге асыруда қоғамдық күш жұмылдыру мақсатында үндеу қабылдады.
БІЗ БІРГЕМІЗ
Еркін ӘБІЛ.
Елбасының ағымдағы жылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында алдағы онжылдықта ел дамуына бағытталған жаңа міндеттерді айқындап берді. Ел болашағы – жастар. Содан да Елбасы өз Жолдауында “Жастар – біздің болашағымыздың негізі, өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді” деп қадап айтқан болатын. Осыған орай облыстық ішкі саясат басқармасы мен “Нұр Отан” ХДП жанындағы “Жас Отан” жастар қанаты” Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен “Елбасының Жолдауы – Сыр жастарының қолдауы” атты патриоттық жастар акциясын өткізді.
Жастар акциясы Елбасы Жолдауының саяси маңыздылығы мен құндылығын жастарға ұғындыруды, ел іргесінің бүтіндігі мен бірлігін, жастардың жоғары патриоттық белсенділігін мейлінше көтеруді мақсат етіп қойды.
Акцияға “Нұр Отан” ХДП-ның жас мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері, есімдері елімізге танымал жас өнерпаздар мен спортшылар, жоғары және орта оқу орындарының студенттері, яғни жүздеген жалынды жас қатысып, еліміздің көк байрақтарын толқындата тербетіп, ұрандата үн қатып жатты.
“Елбасының Жолдауы – Сыр жастарының қолдауы” акциясын облыс әкімінің орынбасары Р.Нұртаев алғысөзбен ашып берді.
– Елбасымыз еліміздің болашағы – жастарға айрықша қолдау жасап отыр. Өздеріңізге мәлім, жас мамандарды қолдау, оларға зор сенім арту жалғасын таба бермек. Содан да сендерді, жастар, Елбасы Жолдауында қойылға міндеттерді бір кісідей бірлікпен шешуге шақырамын, – деген ол жастардың еліміздегі жасампаз істерді жалғастыра беретініне деген сенімін жеткізді.
Акцияда сөз алған “Нұр Отан” ХДП-ның Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Болатбеков:
– Қазақстан – бәріміздің ортақ қарашаңырағымыз. Содан да еліміздің ертеңі – сендерді еліміздің шаңырағы шайқалмауға, қайта ел еңсесін тіктей түсуге сүбелі үлес қосуларыңа шақырамын,– десе, еңбек ардагері А.Дәулетов:
– Ертеңгі күніміз бүгінгіден де берекелі болады. Олай дейтінім, бүгінгі патриот жастар Елбасымыздың сарабдал саясатын қолдап, еліміздің кемел келешегіне барынша қызмет етеді. “Ата көрген оқ жонар” деп атам қазақ айтқандай, аға буын ізімен келе жатқан сендер бақыттысыңдар. Осы әрдайым естеріңде болуы керек, – деп жастардың дуылдата соққан қол шапалақтарының құрметіне кенелді.
Жас көшбасшы С.Мырзатаев пен жас спортшы Ғ.Өлментаева акцияға қатысушы жастарға “Біз біргеміз!” деген ұранды тастауы сол екен, еліміздің көк байрағын көкке жарыса көтерген жастар “Менің елім” әнін асқақтата шырқады.
Жастар акциясын мың бұралған билер мен патриоттық әндер тербетіп тұрды.
Қызылорда.
БОЛАШАҒЫМЫЗ ЖАРҚЫН
Сағадат СӘРСЕНҒАЛИЕВА, гинеколог-дәрігер.
Жаңақала – Алматы мен Астананы айтпағанда, өз облысымыздың орталығы Орал қаласының өзінен шалғай жатқан аудан. Бірақ бұл фактор біздің ауданның тұрғындарына ел ішінде жүзеге асып жатқан игіліктерді сезінуге еш кедергі емес. Жаңақала ауданының өзінде жүзеге асқан жоба, орайы келген шаруа аз емес. Мен өзім маман ретінде жолдамамен қаладан ауылға отбасыммен қоныс аударған гинеколог-дәрігермін.
Елбасымыз ауылға келген мамандардың тұрақтап жұмыс жасауы үшін оларға қажетті тұрмыстық жағдай жасауды жергілікті әкімдерге мықтап тапсырғаны мәлім. Бұл тапсырманың өзіміз көшіп келген Жаңақала ауданында толық жүзеге асып жатқанына куә болып жүрмін. Құс та жайлы жерге ұя салады ғой, менің осында тұрақтап қалуым – жағдайымның табылғандығы.
24 мыңға жуық халқы бар Жаңақала ауданына біздің мамандығымыз аса қажет екен. Аудан әкімдігі бізді өте жылы қабылдады. Газы, суы бар тұрмысқа қолайлы баспанамен қамтамасыз етті. Көшіп келгеніміз үшін қаржылай көтермеақы берді. Алаңсыз жұмыс жасауымызға жағдай туғызды. Өзіміз сықылды ауылға маман ретінде көшіп келген отбасылардың ұл-қызы балабақшамен де қамтылуда.
Аудандарды былай қойып, облыс орталығында, тіпті республика көлемінде дәрігер мамандар тапшы. Естуімше, облысымызға 290 дәрігер жетіспейді екен. Облыс басшылығы жас мамандар мен тәжірибелі дәрігерлерді облысқа шақыру үшін үй-жайы, қаржысы мен малына дейін қарастырылған “әлеуметтік пакет” әзірлепті. Соның арқасында былтыр облысымызға 35 дәрігер көшіп келген.
Жалпы, Жаңақала ауданы ата салтын сақтаған, дәстүрін бұзбаған, бірлігі мығым, тірлігі жарасты, бір сөзбен айтқанда, сүттей ұйыған ел екен. Берекелі тірлік пен ынтымақты еңбектің арқасында бұл аудан тұрғындары өткен жылы бүкіл әлемді қалтыратқан қаржы дағдарысын сезініп жарытқан жоқ. Өйткені, аудан әкімінің есебінде естігенім, тек “Жол картасы” бойынша ауданға 229,4 млн. теңге қаржы бөлініп, білім беру, мәдениет, ауылдарды көркейтіп-көгалдандыру, жолдарды салу мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осынау еңбек майданына 600-ге жуық жұмыссыз тартылыпты.
Жаңақала – облыста барлық ауылдық округ орталықтары таза суға қоса, көгілдір отынмен қамтылған аудан. Тіпті аудандағы біраз кішігірім ауылдардың өзі әлгіндей әлеуметтік игіліктің рахатын көріп отыр. Енді қалған елді мекендердің де біржола “қолдарын жылы суға малар” күндері алыс емес.
“100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша облыстағы алғашқы мектеп те осы Жаңақала ауданында салынды. Өткен жылдың соңында “Азғыр”, “Капустин Яр” полигондарынан зардап шеккен өңір тұрғындарына арналып, Жаңақала кентінде ауданаралық сауықтыру орталығының салынып, пайдалануға берілуі де Елбасы мен Үкіметтің жергілікті жұртқа жасаған нақты қамқорлығының айқын бір мысалы. Бүгіндері әлі “сыры кеппеген” су жаңа орталықтың игілігін тек біздің аудан ғана емес, көршілес аудандардың денсаулығы сыр берген тұрғындары да көруде.
Аяғын басып көрмеген кісі “жердің түбі”, “ит өлген жер” санайтын Жаңақала ауданы жыл санап өсіп, өркендеп келеді. Мәселен, аудан орталығындағы “Достық” алаңы абаттандырылып, тіпті онда субұрқақ орнатылуы, ауылдың ажарын ашып, тұрғындардың еңсесін бір көтеріп тастады. Тек соңғы бір-екі жылда аудан аумағында 12 мың түп тал-терек егілді. Күні кеше ауданымызда қаланың халқы ішіп отырған “Хрустальный” суын шығаратын қондырғыға дейін орнатылды.
Өткен жылы халықпен тікелей эфирде байланыс жасап, жұртшылықтың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірін айтуына мүмкіндік берген Елбасымыз ел тілегін де ескерусіз қалдырмады. Соның бірі бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды жақсартуды Үкімет арқылы жергілікті әкімдерге тапсырды. Бұл тапсырма да алдымен біздің ауданда жүзеге асып, өте қысқа мерзім ішінде “Балбөбек” балабақшасы ашылып, пайдалануға берілді. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов халықты балабақшамен қамтуда аса мұқияттылық танытып отыр. “Нарықтың заманында отбасындағы бір адамның жұмыс істемей, бала бағып отыруы, біріншіден, отбасылық қоржынға салмақ салады. Екіншіден, демографиялық өсімге әсер етуі мүмкін. Осы жағдайды ескере отырып, халықты балабақшамен қамтуды кезек күттірмейтін шаруаға қосып отырмыз. 2007 жылы мектепке дейінгі тәрбие бүлдіршіндердің 41%-ын қамтыса, қазір бұл көрсеткіш 68,5%-ға жетіп отыр, республика бойынша үшінші орынға шықтық”, – деген екен облыс әкімі газетке берген сұхбаттарының бірінде. Егер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталған биылғы Жолдауында көрсетілген “Балапан” бағдарламасы іске қосылса, біздің облыста балабақшаға кезекке тұратын күннің өтуі алыс емес.
Ал қаржы дағдарысына байланысты бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын 25 пайызға өсіру алты айға кейін шегерілгеніне түсіністікпен қарап едік. Енді сәуір айынан бастап жалақымыздың көбейетінін біліп, халық үшін жағдайдың бәрін жасаған Президентімізге бас иіп отырмыз.
Біз ауыл тұрғынымыз. Бірақ тұрмыс-тіршілігіміздің қаладан айырмасы шамалы. Біз ел-жұртын осындай игілікке жеткізген Елбасымызға сенеміз. Демек, ертеңіміздің бұдан да жарқын болары кәміл.
Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы.