• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қаңтар, 2019

Атырауда бала өлімі көбейіп тұр

820 рет
көрсетілді

Атырауда өткен жылы 176 нәресте бір жасқа толмай шетінеп кетті. Желтоқсан айының өзінде 23 сәби дүниеге келер-келместен көз жұмды. Әрқайсысы әр үйдің үміті, үміттің тым ерте сөнгенінен ауыр не бар? Жас анаға перзентханадан ұзақ күткен сәбиінің орнына өлімі туралы бір парақ қағаз ұстап шыққаннан ауыр не бар? Өкініштісі, өңірде бала өлімі көбейіп тұр. Ата-аналар дәрігерлерді біліксіз дейді, ал ақ халаттылар отбасын жоспарлау қағидасын ұстанбайды деп ата-анаға кінә артады. 

Солардың бірі – Атырау қаласының тұрғыны Альбина Ермекова. Егіз қыз бен ұлды дүниеге әкелген ана босану процесі қалыпты болғанын айтады. Балаларды реанимация бөліміне алып кеткен, бір аптадан кейін дәрігерлер ұлына қан құю керек депті. Көп ұзамай аузы-мұрнынан қан кеткен сәби қайтыс болды, оның артынан сыңары да кете барды, сөйтіп айдың-күннің аманында екі бірдей перзентінен айырылған жас ана аңырап қалды. Мұндай мысал жеткілікті. Сәбилері перзентханада шетінеген аналар жанайқайларын ақпарат құралдары арқылы жеткізуді жөн көргенге ұқсайды. «Ба­ла­ларымыз дәрігерлердің білік­сіздігінен көз жұмды» деген аналар облыстық перинаталдық орталықты тез арада тексеруді талап етіп отыр.

Осы мәселе бойынша Өңір­лік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиха­тында об­лыстық перинатал­дық ор­та­лық басшылары мен пе­диа­торлар түсінік берді. Олар­дың бәрі де бір ауыздан бала өлімі ана­сының денсаулы­ғына байла­нысты және алдымен ме­ди­ци­налық мекемелерде алдын алу жұмыстарын күшейту керек деген пікірде. Облыстық пери­­на­талдық орта­лықтың бас дәрі­гері Қуаныш Ны­санбаев: «Жа­ңа туған сәбилер арасын­да­ғы өлімнің басты себебі – ата-ана­ларының денсаулығы», дейді. 

«Бала өлімінің басым бөлігі уақытынан бұрын босанғандарға тиесілі. Жоспарланбаған жүктілік деп те айтуға болады. Жүктілікті жоспарлап, кем дегенде 1,5 жыл аралықты сақтау керек, - деп есептейді Қуаныш Нысанбаев. – Бұл жерде алдын алу шараларының маңыздылығын да айта кету керек. Біздің орталықта медициналық қызметтердің сапасы бақылауда. Босанған әйелдермен жұмыс жүргізіледі. Уақытынан бұрын босану және бала салмағының аз болуы өлімге әкеледі. 2018 жылы облыстық перинаталдық орталықта жаңа туған сәбилер арасында 108 өлім тіркелді».

Әрине, шала туған шақалақтардың қатарға қосылып жатқандары да бар. Бұл ретте дәрігерлердің тынымсыз еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Алайда көңілге қаяу түсіретін тұстар да жоқ емес. Облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Әбекеева: «Біздің орталықта уақытынан бұрын босанатындар саны артып отыр, соның ішінде салмағы тым аз сәбилер де бар. 2018 жылы салмағы өте төмен 300 нәресте түсті, олардың иммундық жүйелері төмен деңгейде болады. Аналарынан жыныстан тыс дерттер анықталды. Интергеникалық аралықты сақтамау проблемасы да жиі кездеседі. Бір қарағанда жай нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ осының бәрі баланың иммундық жүйесіне әсер етеді», дейді. 

Бала өлімін облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері мерзімінен бұрын туу, жүкті әйелдердің тіркеуге кеш тұруы, құрсақ ішіндегі инфекциялар секілді бірнеше себептермен байланыстырады. Өңірдегі барлық емханалар мен ауруханаларда отбасын жоспарлау және репродукция бөлімдері ашылды. «Аналар мектебі» жұмыс істейді. Алдын алу шараларын жүргізуге қажет жағдайлар жасалған. «Барлық жерде патронажды мейірбике бар, олар жас аналармен жұмыс істеп, бәрін түсіндіреді. Тек соларға барып, айтқан нұсқауларының бәрін толық жасау керек, бірақ көп жағдайда бұл айтылғандар орындалмайды, – дейді Қуаныш Нысанбаев.

Балалар өлімінің жыл санап көбейіп келе жатқанын облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Райса Баймұқанова да жасырмайды. 2017 жылы 146 сәби шетінесе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 176-ға жетті. «Әрине, жақсы көрсеткіш емес, бірақ бұл дәрігерлердің біліктіліктері төмендігін көрсетпейді, – дейді педиатр. – Әйелдердің денсаулықтары көңіл көншітпейді. Солай екен деп құр қарап отырғанымыз жоқ. Алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр».

Кім қалай дегенмен де, деректің бары шындық және жақсы жайт емес. Бала өлімі негізінен облыс орталығы Атырау қаласында көп тіркелген. Қазір аймақта 10 акушер-гинекологтің орыны бос тұр. 

..Анасын бала, баласын ана жоқтамағанға не жетсін?

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ