• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қаңтар, 2019

Туыстармен араласу өмірді ұзартады

894 рет
көрсетілді

Лондон университеті колледжінің зерттеушілер тобы адамның өмір сүру жасын арттыру мен қартаюға ықпал ететін бірнеше әлеуметтік факторды анықтапты. 

Туысшыл, бауырмашыл ке­летін қазақ халқы үшін бұл жаңалық аздап күлкілі кө­рінуі де мүмкін. Әйткенмен Proceedings of the National Aca­demy of Sciences жур­налына жарияланған ғылыми тұ­жы­ры­мы дана қазақтың «кек­шіл болма, көпшіл бол» деген ұс­танымынан алысқа ұзай қой­мапты.

Ғалымдардың қоры­тын­дысы бойынша, достар мен ет жа­қын туыспен есендесіп, жиі кез­десіп тұру адамның ғұмыр жа­сын ұзартатын болып шыққан. Зерттеушілер төрт жыл бойы 50 жастан жоғары (ор­таша жас 67,2) 7 мыңнан ас­там адамды бақылауға ал­ған. Нәти­жесінде, белгілі бол­ғандай, жа­қындарымен етене араласқан қарттардың көңіл күйі жоғары, сәйкесінше ден­саулықтары да мықты болып шыққан. 

Олардың 73 пайыздан астамы кем дегенде аптасына бір рет достарымен жүздесіп, спорт залдарына барып, музей, теа­тр, құлшылық орындары сияқ­ты қоғамдық орындарды ара­лаған. Ал мамандар осындай белсенді өмір салты ересек адамдар үшін маңызды ғана емес, көңіліне қуаныш, деніне қуат сыйлайты­нын растап отыр. Ғылым ғылымымен, ал бүгінгі абысын-ажындар тату ма? Алысты жақын, жақынды бауыр тұтқан қазақы ұғымдағы туысқандық, бауырмалдық баяғыдай ма?

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»