Тағдырдың жазуымен арамыз алыстап кеткенімен, түркі халықтарының арасында қазаққа тілі, діні, ділі жағынан ең жақыны – ноғай жұрты. Алтын Орданың, Ноғай хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшықтың Атырау облысының аумағында орналасқаны да бағзы туыстығымызды бедерлейді.
Алыстағы ағайынмен қауышып, арқа-жарқа болған тағылымы мен тәлімі ерек шара Атырауда өтті, Жайық жағасына ноғай халқының белгілі өнер шеберлері, ақындар мен суретшілері арнайы келді.
Атырау облысындағы ноғай халқының мәдени күндері аясында өткен шаралар легі «Камбак» фильмінің көрсетілімімен басталды. Ресей Федерациясының Қарашай-Шеркеш Республикасын, Ставрополь өлкесін, Дағыстан Республикасы және Астрахань облысын мекендейтін ноғайлардың қазіргі өмір салты мен мәдениеті туралы түсірілген фильм әсерлі шыққан. Фильмнің режиссері Ислам Сатыров ноғайлардың қазіргі тіршілігін көрсету арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат еткенін айтады.
Ноғайдың белгілі суретшілері Әлібек Қойлақаев пен Якуб Оразақаевтардың туындылары қойылған көрмені атыраулықтар қызыға тамашалады. Ноғай және Қазақстан ғалымдары мен қаламгерлері дөңгелек үстел басына жиналып, мәдениеттер арасындағы байланыс жайында әңгіме өрбітті. Екі күнге созылған шара аясында қонақтар Сарайшық қалашығының орнына барып, музейлерді аралады. Ал мәдениет күнінің жабылу салтанатында ноғай-қазақ өнерпаздары бір сахнада өнер көрсетті.
– Еділ-Жайықты тел емген, қазақпен аталас жұрт ноғайлардың бүгінгі таңдағы ең көрнекті өнер өкілдерінің Атырауға келуі мәдениеттер арасындағы байланыстың тамыры тереңде екенін айғақтайды. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарау керектігін атап көрсетіп, міндеттер жүктеді. Бүгінгі шараны да осы бағдарламаларды іске асырудың бір көрінісі ретінде бағалауға болады деп есептеймін, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Ал ноғайдың танымал әншісі Арсланбек Сұлтанбеков: «Атырауға әр келген сайын рухтанып қайтамын. Бабаларымыз басқан топырақтың киесі мен құдіреті бөлек», – дейді.
Бауырластардың бұл басқосуы әлі ұзақ уақыт айта жүретіндей айрықша әсерге бөледі.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ