• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2019

ҚазҰУ студенттері замандастарын Ұлттық жастар қозғалысын құруға шақырды

1055 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылуында айтылған ойлары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен студенттік форумда талқыланды. Білім ошағының тәлімгерлері «Жастардың шығармашылығы мен күш жігері – еліміздің инновациялық дамуы үшін» ұлттық жастар қозғалысын құру туралы бастама көтерді.

Студенттік ұйымдардың көшбасшылары мен жас ғалымдарды, кәсіпкерлер мен еріктілерді бір алаңда жинаған айтулы форумға ҚазҰУ-дың 2 мыңға тарта белсенді шәкірт қатысты. Олар Жастар жылында еліміздің ғылым саласын дамытуға нақты істерімен үлес қосуды көздейтіндерін айтады. Елбасы айтқан барлық негізгі бағыттарды жолға қою үшін уақытты тиімді пайдалану, талмай еңбектену, ғылым мен инновацияға ден қою ел ертеңі саналатын жаңа буынның басты ұстанымы болуға тиіс деп есептейді. Талқылаудың басты бағыты білім экономикасын құруға жастарды қатыстыру жолдарын табуға арналды.

Форумды ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов: «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жаңа формацияның жас толқыны өсті. Ел Президенті мен мемлекет оның қалыптасуына және дамуына көп үлес қосты. Мемлекет тәуелсіздігін нығайтудың жауапкершілігі мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру және әлемдік деңгейде ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда  жастарға аса зор жауапкершілік пен үлкен үміт жүктеледі», – дейді.

Жас зияткерлер өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға қандай үлес қоса алатындары жайлы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ олар 4.0 индустриясын құруға бағытталған жеке идеялары мен инновациялық жобаларын ұсынып, стартаптарды іске асыру тәжірибелерімен бөлісті.

ҚазҰУ-лық тәлімгерлер форум жұмысының қорытындысы ретінде «Жастардың шығармашылығы мен күш жігері – елдің инновациялық дамуы үшін» ұлттық жастар қозғалысын құрып, тұтас ел жастарын осы бастамаға үн қосуға шақырды. Олар замандастарын бойдағы білімі мен қабілетін, креативті идеяларын, елге пайдасы тиетін тың жобаларды жүзеге асыру жолына жұмсауға  шақырды.

«Қазақстан Жастар жылына аяқ басты, бұл – Елбасының ел болашағы жас ұрпаққа деген  үлкен әрі ерекше қамқорлығының көрінісі. Мемлекет біз үшін бір нәрсе жасап береді деп күтіп отырудың еш қажеті жоқ. «Мен елім үшін не істей аламын?» деген сұрақты әрбір адам өзіне қоюы тиіс», – делінген үндеуде.

Белсенді шәкірттер, жыл сайын елімізде ЖОО қабырғасын 200 мыңға жуық түлектің бітіріп шығатынын, олар қажетті құзіреттілікке қол жеткізген соң жұмыссыздардың қатарын емес, өздері жұмыс орындарын құра алатын сауатты маман болуы тиіс деп санайды. Елбасы айтқандай, Қазақстанға ғылым мен инновацияны көтеретін және 4.0. индустрияны құратын креативті ұрпақ керек. Тек сол кезде ғана елдің жаһандық технологиялар трендіне сай дамуын және әлемдік кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете аламыз. Жастарды білім экономикасын дамытуға тарту – жаңа идеяларды анықтауға және қолдауға бағытталған бірегей алаң құруға ықпал ететіндігі құжатта баса айтылған.

Интеллектуалды-шығармашылық әлеуетті ынталандыру мақсатында және талантты жастарды анықтау үшін университет қабырғасында 6 жылдан бері «Менің Қазақстанның инновациялық  дамуына қосқан нақты үлесім» үздік жас ғалым, үздік студенттік стартапқа, «Өз елімнің гүлденуі үшін мен не істей аламын?» атты үздік эссе мен поэтикалық шығармаға, «Мәңгілік ел – менің мұратым»  үздік патриоттық әндерге арналған байқаулар жобасы жүзеге асырылып келеді.

Студенттер Ұлттық жастар қозғалысын қалыптастыру мақсатындағы аталмыш тәжірибе негізінде «Жастардың шығармашылығы мен күш жігері – еліміздің инновациялық дамуы үшін» ұранымен жоғарыда аталған байқауларды республиканың барлық жастары арасында жыл сайын өткізу тәжірибесін қарастыруды ұсынды.

«Егер бұл жобаға әрбір университет, кәсіпорын және аймақ қосылса, онда инновациялық жастар қозғалысы шын мәнінде қанат жайып, білім экономикасының дамуына зор ықпал ететін ынталандырушы күш болады. Біз жастардың ең үздік бастамалары мемлекеттік ұйымдардың барлық деңгейіндегі тиісті ресурстардан қолдау табады деп сенеміз! Осыған орай Біз үлкен ынтамен Президенттің тапсырмасын қолға ала отырып, талантты жастардың идеялары мен стартаптарына көмек көрсету мақсатында арнайы грант табыстайтын бизнес-құрылымдарға ұсыныс тастаймыз. Біздің ұсынысымыз кең көлемде жүзеге асырылар болса, қолайлы инновациялық орта қалыптастыруға әрі жастардың күш жігері мен шығармашылығының жасампаз күшке айналуына мүмкіндік береді», - дейді ҚазҰУ студенттері.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ